Үлкен серпіліс береді

Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей əсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жəне оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет.

Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркəсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тəсілдерін əзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге жəне оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.

Мұның бəрін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жаңа Жолдауында жария етті. Енді соны жүзеге асыру қажет. Бұл бағытта қолға алынған бастамалар да аз емес. Президент айтып өткендей, шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Мұндай пилоттық жобалар жүзеге асырылды да. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Ендігі міндет əр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, осы оң тəжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда жерге қатысты да қадау-қадау міндеттер жүктеді. «Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі жəне оның жолдары жайлы мəліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бəрін бір жерге жинақтайды» деді Президент.

Міне, осы айтылған мəселелердің бəрі, əсіресе, ауыл шаруашылығы саласының мамандарына үлкен міндеттер жүктейді. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркəсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа əрі тұрақты Ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Бұл – үлкен серпіліс.

Құрмет ТІЛЕУЛИНОВ,

 Ұлытау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы.