Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер – тұрғындардың әл-ауқатының жақсару негізі
Әрбір елдің, әрбір мемлекеттің басты байлығы – халық. Ал мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – ол халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Қазіргі таңда Қазақстанда әлеуметтік сала қарқынды түрде дамып келеді. Сол себептен жоғарғы оқу орындары және колледждерде әлеуметтік жұмыс мамандықтарына да сұраныстар көбеюде. Осылайша, әлеуметтік прогресті қамтитын әлеуметтік өзгерістер қоғамда өте үлкен орын алады.
Өз тарапымыздан күнделікті әлеуметтік осал топтармен жұмыс жасағанда, жүйелі түрде әртүрлі міндеттер атқарамыз. Соның бірі осы әлеуметтік осал топтармен жұмыс жасау арқылы қаламыздың әлеуметтік деңгейіне әсер етуге ықпалдық танытамыз. Қаражал қаласы бойынша 2024 жылдың басынан 1148-ден астам адам әлеуметтік көмекпен қамтылған. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек 22 отбасыға, ондағы 88 адамға көрсетілді, жалпы сомасы 5685,2 мың теңге, тұрғын үй көмегі 52 отбасыға 2400,0 мың теңгеге көрсетілді, біржолғы материалдық көмекпен 897 адам 30819,0 мың теңге сомаға қамтылды, 89 мүмкіндігі шектеулі тұлғалар 17922,0 мың теңге абилитация және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әртүрлі көмекші құралдармен қамтамасыз етілді.
Президентіміздің жүктелген тапсырмалары, оның ішінде әлеуметтік сала, халықтың әлеуметтік деңгейін арттыруға арналған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы – елдің болашағына, экономикасына, білім мен денсаулығына, отбасы мәселелеріне, жастарды қолдауға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Өз ойымша, Президент айтқан Жолдаудан кейін көптеген өзгеріс орын алады. Әсіресе, жастарды қолдау туралы айтқаны, олардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты қабылданатын оң өзгерістер шынымен қуантты.
Еліміздің болашағы жастар және әлеуметтік бағытты айқындап алудағы тұрақтылықты жастардан бастасақ еліміз өсіп-өнері сөзсіз болмақ. Мемлекетімізде әлеуметтік салада атқарылған шаруа аз емес, бірақ әрбірімізге жүктелген міндет өзектілігін жойған жоқ. Әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру және тиісті жұмыстарды атқару әрбірімізге жүктелген міндет деп білемін.
Анар МОЛДАБАЕВА,
Қаражал қаласының
жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.