Әлеуметтік педагогтің рөлі

Қазіргі жаһандану жағдайында білім беру жүйесіне қойылатын талаптар үнемі жаңарып, мектептің әлеуметтік қызметінің маңызы артып келеді. Оқушылардың әлеуметтік мәселелері, отбасы институтындағы өзгерістер, психоэмоционалдық қиындықтардың көбеюі, цифрлық тәуекелдердің (кибербуллинг, интернет-қауіптер, ақпараттық улану) артуы әлеуметтік педагог мамандығына деген сұранысты күшейтті.

Қазіргі әлеуметтік педагог тек қолдаушы маман емес, ол – тұлғаның әлеуметтік қалыптасуын қамтамасыз ететін сарапшы, медиатор, профилактикалық жұмыстың ұйымдастырушысы, отбасы және мектеп, қоғам арасындағы байланысты біріктіретін негізгі буын. Осы мақалада қазіргі мектептегі әлеуметтік педагогтің рөлі, міндеттері және жаңа форматтағы жұмыс әдістерінің ерекшеліктері жан-жақты қарастырылады.
Әлеуметтік педагогика – баланың әлеуметтік дамуын, әлеуметтенуін қамтамасыз етуге бағытталған педагогикалық ғылым саласы. Оның негізгі қағидаттарын атап айтсақ, гуманистік бағыттылық – оқушы тұлғасының құндылығын тану, оның құқықтары мен еркіндігін қорғау, делдалдық функция – бала, ата-ана, мұғалім және әлеуметтік институттар арасын байланыстыру, жеке тұлғалық тәсіл – әр оқушының ерекшелігі мен жағдайын ескере отырып жұмыс жүргізу. Сонымен қатар, әлеуметтік бейімдеу мен қолдау – баланың қоғамда толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау және алдын алу (профилактика) – проблемаларының туындауына жол бермеу.
Қазіргі мектепте әлеуметтік педагогтің кәсіби стандарты оның әлеуметтік-мәдени, құқықтық, психологиялық, коммуникативтік және цифрлық құзыреттіліктерін талап етеді.
Қазіргі мектептегі әлеуметтік педагогтің негізгі рөлі – баланың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ең бастысы, әлеуметтік педагог – оқушының құқық бұзушылықтан, кемсітуден, зорлық-зомбылықтан қорғалуын бақылайды және қиын өмірлік жағдайда қалған балаларды анықтайды. Осыған орай, мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізеді.
Әлеуметтік диагностика жүргізудің тәртібін айтар болсақ, маман оқушылардың әлеуметтік жағдайын, бейімделу деңгейін, құрдастарымен қарым-қатынасын зерттеп, аналитикалық қорытынды жасайды.
Бұларға диагностикада – анкеталар, бақылау, социометрия, сұхбат және онлайн форматында сауалнамалар жүргізіледі.
Мектеп пен отбасы арасындағы тиімді коммуникация орнату туралы айтар болсақ, қиын жағдайдағы отбасылармен мақсатты жұмыс жасау. Ол үшін ата-аналармен жеке кеңес өткізіп, отбасына бару, психологиялық-педагогикалық қолдау, педагогикалық мәдениетті арттыру бойынша тренингтер ұйымдастыру қажет.
Профилактикалық жұмыстарды үйлестіру – әлеуметтік педагогтың негізгі жұмысы. Онда мектептегі тәрбие жұмысының маңызды бөлігі ретінде төмендегі бағыттарда жұмыс атқарылады. Атап айтсақ, буллинг пен кибербуллингке тосқауыл қою, құқық бұзушылықтың, келеңсіз мінез-құлықтың алдын алу, зиянды әдеттерге қарсы шаралар ұйымдастыру, қауіп-қатер тобындағы балалармен жеке жұмыс жасау.
Ал әлеуметтік педагог арнайы педагогтар, психологтар және сынып жетекшілерімен бірлесе отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта жасап, ата-аналармен жұмыс жүргізеді.
Енді оқушының жеке даму траекториясын қалыптастыруға қатысу туралы ой қозғасақ, мұнда әлеуметтік педагог баланың әлеуетін ашуға бағытталған әлеуметтік жобалар мен іс-шараларды ұйымдастырады.
Бүгінгі күні жаңа форматтағы жұмыс әдістерін пайдаланған жөн. Бұл – цифрлық дәуір әлеуметтік педагог жұмысына жаңа құралдар енгізді. Өйткені, жаңа форматтағы әдістер тиімділікті ерекше арттырады. Мәселен, онлайн консультация және цифрлық қолдау: WhatsApp, Telegram, Zoom арқылы жедел кеңес беру және Google Forms арқылы әлеуметтік диагностика, сонымен қатар электронды күнделік арқылы ата-аналармен байланыс жасау. Бұл оқушылардың мектептен тыс уақытта да көмек алуына мүмкіндік береді.
Медиативтік технологияларды да қолданған дұрыс. Өйткені, медиация – қақтығысты шешудің тиімді тетігі. Әлеуметтік педагог медиатор ретінде оқушылар арасындағы дауларды бейбіт реттейді.
Психологиялық және арт-терапиялық әдістерді қолдану. Ол – сурет терапиясы, құм терапиясы, ертегі терапиясы және рөлдік ойындар, топтық тренингтер. Бұл әдістер баланың ішкі қысымын жеңілдетіп, эмоционалдық тұрақтылығын дамытады.
Визуалды әлеуметтік карталар құру, онда оқушы динамикасын бақылау үшін инфографика және визуалды карталарды қолданады. Командалық жұмыс форматында түсіндіре кетсек, онда мектеп психологы, сынып жетекші, арнайы педагог, логопед және ата-аналармен бірлескен жұмыста жаңа форматтағы маңызды бағыттарды қолданады.
Қорыта айтқанда, қазіргі мектептегі әлеуметтік педагог – білім беру жүйесінің маңызды стратегиялық тұлғаларының бірі. Ол оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, оның құқықтарын қорғайтын, әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасайтын, цифрлық ортада бағдар беретін маман.
Жаңа форматтағы әдістерді қолдану арқылы әлеуметтік педагогтің жұмысы да жанданады. Сондықтан бұл мамандықтың кәсіби мәртебесін арттыру, әдістемелік қолдауды күшейту және инновациялық технологияларды енгізу – білім беру жүйесінің дамуы үшін қажетті шарт.

Нуржуз КИБАТ,
Жамбыл Жабаев атындағы №15 тірек мектебінің әлеуметтік педагогы.