«Әлем жауынгері» халықаралық байқауына іріктеу өтті
Қарағанды гарнизонының «Спасск» оқу полигонында «Әлем жауынгері» халықаралық армия ойындарына қатысу үшін әскери қызметшілердің финалдық іріктеуі өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл әлемдік дода Арменияда өтеді. Оған баратын команданы іріктеу әскери бөлімдерде, содан кейін өңірлік қолбасшылықтарда және Қарулы Күштер түрлері деңгейінде өткізілді. Құрама командаға кіру құқығы үшін келісімшарт бойынша қызмет етіп жатқан үздік әскери қызметшілер жарысты. Ақтық сайыстың қорытындысы бойынша алты адам іріктелді.
Байқау бес кезеңнен тұрады, онда әскери қызметшілер тек кәсіби шеберлікте ғана емес, сонымен қатар өздерінің таланттарын, шығармашылық қабілеттерін, сондай-ақ әскери тарих және гуманитарлық құқық саласындағы білімдерін көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстандық команда бірнеше рет осы байқаудың жүлдегері атанды. 2016 жылы Ресейде біздің әскери қызметшілер жалпыкомандалық үшінші орынды, 2017 жылы Беларусьте екінші орынды, ал 2018 жылы Армениядағы ойындарда жеңімпаз атанды.