Әлем назары – Күншығыс елінде
Қазақстан – дүниежүзілік спорт әлемінде жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген ел. Қазақстандық спортшылар кезінде КСРО құрамында өнер көрсетіп, небір мықты деген мемлекеттердің арасынан топ жарған-тын. Спортшыларымыздың бұл жетістіктері Одақтың есебіне жазылып кете барған. Еліміз өз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап қана қазақстандық спортшылар өз елінің даңқын шығара бастады. Олар талай-талай байрақты бәсекелерде еліміздің Көкбайрағын көкке көтертіп, Әнұранын асқақтата шырқатып келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде есімдері елімізге ғана емес, әлемге танылған тарлан спортшыларымыз баршылық. Ал, Олимпиадаға осал спортшы бармайтыны аян!
Әсілі Олимпиада ойындары немесе Олимпиада – төрт жылда бір рет өткізілетін ең ірі халықаралық кешенді спорттық жарыс Олимпиаданың отаны – ежелгі Грекия елі. Ұраны – Citins, altius, fortius немесе тезірек, жоғарырақ, күштірек. Олимпиада ойындары Оңтүстік Грекиядағы Олимпия аймағында өткізілген. Олимпиада кезінде соғыстар тоқтатылып, тыныштық орнайтын дәстүр қалыптасқан. Көне Олимпиада ойындары: жазғы, қысқы Олимпиада ойындары, Параолимпиада және Жасөспірімдер Олимпиада ойындары болып бөлінген. 1894 жылы Халықаралық Олимпиада Комитеті құрылды. 1896 жылдан Олимпиада ойындары заманауи келбетпен Грекияның Афина қаласынан бастау алды. Содан бері бейбітшілік пен татулықтың, бірліктің белгісіндей болған Олимпиада ойындары әрбір төрт жыл сайын үзіліссіз өткізіліп келеді.
ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылдың 23 шілде – 9 тамыз күндері Жапонияда өтеді. Бастапқыда Токио Олимпиадасын 2020 жылы 24 шілде – 8 тамыз аралығында өткізу жоспарланған. Әйтседе, әлемді дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясына байланысты Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК), өткен жылдың 20 наурызында Олимпиаданы «2020» жазуын сақтай отырып кейінге шегеру туралы шешім қабылдаған еді. Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ мен Халықаралық Олимпиада Комитетінің Президенті Томас Бах бірлесе қабылдаған шешім, санаулы күндерден соң жүзеге асырылатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы Олимпиада бұрын-соңды болмаған ең бір инновациялық Олимпиада болмақшы екен.
Токио Олимпиадасында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Олимпиада бағдарламасына жаңадан 5 спорт түрі: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг енгізілді. Дәстүр бойынша Олимпиада қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ұлттық Олимпиадалық Комитеттің төрағасы Тимур Құлыбаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған олимпиадалық делегация мүшелерін қабылдады. Олимпиадалық құраманың негізгі бөлігі
Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан қашықтықтан қатысты. Қабылдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде дені сау ұлтты тәрбиелеу және олимпиадалық резервті әзірлеудегі елімізде қол жеткен жетістіктерді айта келіп, Токио Олимпиадасына аттанатын Қазақстан құрамасына «ақжол» тіледі. Алғаш рет Жапониядағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Ту ұстаушылар екеу болады. Қазақстанның Туы бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен Олимпиада чемпионы, спортшы Ольга Рыпаковаға тапсырылды. Өз кезегінде Ту ұстаушылар ел сенімін ақтауға бар күш-жігерлерін сарқа жұмсайтындарын жеткізіп, ел Президентіне ақ алғыстарын айтты.
Жапонияда өтетін ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақ елінен, спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алған 95 спорт сайыпқырандары қатысады. Қазақстанның олимпиадалық құрамасы барлық спорт түрлерінен Олимпиадаға деген дайындықтарын аяқтаған. Сапында 63 ер және 32 әйел спортшы бар құрама, Токиоға 16 шілде күні аттанып кетті. Олимпиаданың ашылу салтанаты шілденің 23 жұлдызында Жапония астанасы Токионың Олимпиада стадионында өтеді. Бүкіл әлем тағатсыздана күткен төртжылдықтың басты спорт додасы, осылайша әлемдік деңгейдегі үлкен спорт мерекесіне айналмақ. Спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілейік, ағайын!
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ