Лайықтылар марапатталды
Сəрсенбінің сəтінде Жезқазған қаласындағы «Байқоңыр» бизнес орталығында өңірдің бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерін ұлықтау шарасы өтті. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай өткізілген бұл салтанатта өңіріміздегі ақпарат саласының үздіктері лайықты бағасын алып, облыс əкімінің «Ular» сыйлығы табысталды.
Облысымызда екінші рет өткізіліп отырған шараның шымылдығы сала ардагерлеріне құрмет көрсетумен басталды. БАҚ өкілдерін кəсіби мерекемен облыс əкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов, облыстық мəслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов құттықтап, бірқатар қызметкерлерге облыс əкімінің, мəслихат төрағасының Құрмет грамотасын, Алғыс хатын тапсырды. Одан бөлек, Қазақстан Журналистер одағы Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Ахат Құрмансейітов одақтың атынан бірқатар əріптестерімізді құттықтап, марапаттады. Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медалімен» Ұлытау облысы Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Қуанышбек Досжанов еленсе, Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы Ақпарат саласының үздігі, «Егемен Қазақстан» газетінің Ұлытау облысындағы тілшісі Абдолла Дастановқа берілді. Сондай-ақ, бірқатар журналистер Қазақстан журналистер одағы облыстық филиалының Құрмет грамоталарына ие болды.
Тағы бір топ əріптестеріміз «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлік палатасы, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақстан Республикасы Сот əкімшілігінің Ұлытау облысы бойынша Департаменті тарапынан сый-құрметке кенелді. Биылғы жылдың бір ерекшелігі, Ұлытау-Жезқазған аймағының аяулы азаматы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, журналист, публицист марқұм Тоғанбай қажы Құлманұлы атындағы атаулы сыйақы табысталды. Қарымды қаламгердің атындағы жүлдені Тоғанбай қажының шəкірттері тағайындап, 100 мың теңге көлеміндегі атаулы сыйақы «Ұлытау» телеарнасының шеф-редакторы Гүлім Маратқызына бұйырды. Айта кетейік, Тоғанбай қажы Құлманұлы атындағы арнайы сыйақы үздік шыққан жас журналистерге жыл сайын берілетін болады.
Былтырдан бері облысымыздың үздіктерін анықтау жəне оларды көтермелеу мақсатында арнайы «Ular» сыйлығы тағайындалып, БАҚ қызметкерлері арасында байқау жариялануда. Биыл өз саласында көшбасшы атанған бірқатар қаламды серік еткен жандар номинациялармен еленіп, 500 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйлыққа ие болды. Ең қомақты жүлдені «Ұлытау облысы журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығын Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі Амандық Рахұлы жеңіп алып, қанжығасына 1 млн. теңге көлемінде сыйақыны бөктерді.
Орайы келгенде айта кетейік, «Ұлытау» газетінің Бас редакторы Альмира Оспан «Ular» сыйлығының «Ауыл тақырыбын үздік жариялағаны үшін» номинациясының лауреаты атанды. Ал, газетімізде 40 жылдан аса еңбек еткен корректор Əлия Əбітова Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Салтанатты шарада аймақтың өнер жұлдыздары əн-жыр мен биден шашу шашты.