КОРПОРАЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МӘМС АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫНАН ХАБАРДАР БОЛДЫ

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының мамандары бекітілген жоспарға сәйкес «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі өндіріс ошақтарына барып, жұмысшылармен жолықты. 2600 адамды қамтыған 13 кездесу барысында МӘМС жүйесінің негізгі принциптері мен жұмыс жасау механизмі егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Жасыратыны жоқ, бүгінде көпшілік жүйенің мүмкіндіктерін жіті білмегендіктен, МӘМС-тің игілігін сезіне алмай жүр. Сақтандырылған мәртебесі бар тұрғындар денсаулығы сыр берген жағдайда қалтасынан қосымша шығын шығармастан, жолдама арқылы дәрігерге қаралып, ем қабылдауға құқылы. Дегенмен кейбіріміз медициналық көмек алуда қиындықтарға тап болып, қолымызды сермеп жататынымыз бар. Осындай сәтте әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына хабарласып, көмек сұрауға болады екен. Жыл басынан Қордың Ұлытау облыстың филиалына ресми байланыс арналары арқылы 275 өтініш түссе, телефонмен хабарласып, жеке қабылдауға келгендердің саны 9 мыңнан асқан.

Халықтың ақпараттандырылуын арттыруды мақсат еткен басқосуларда еңбек ұжымдары МӘМС пен ТМККК пакеттерінің аражігі ажыратып, сақтандырылған болудың маңызын ұғынды. МӘМС жүйесіндегі мәртебені үнемі тексеріп отыру қажеттігін және медициналық көмек алуда құқықтары бұзылғанда Қормен msqory.kz ресми сайты немесе Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы байланыса алатындарын білді.

Жұмыстан босау, ұзақ мерзімді жұмысқа қабілетсіздік кезінде мәртебені жоғалтып алмаудың жолдарын нұсқаған Филиал мамандары еңбек демалысының ұзақтығы 1 айдан асатын кеншілердің МӘМС жарналары мен аударымдарын кезеңдерге бөліп, аудару қажеттігін бухгалтерлердің есіне салды. Себебі, сақтандырылған мәртебесінің сақталуы үшін МӘМС төлемдерін аударуда іркілістің болмауы қажет. Жұмыс берушінің жұмыскері алдындағы басты жауапкершілігі де – осында. Бұл жұмыскерлердің жоспарлы медициналық көмекке үнемі қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін өте маңызды.

Естеріңізге сала кетсек, МӘМС пакетіндегі диагностикалық тексерулер, тар буынды мамандардың кеңесі мен қабылдауы, медициналық оңалту шаралары, қымбат тұратын медициналық қызметтер, тәуліктік және күндізгі стационардағы ем, дәрілік қамтамасыз ету төлем жасаушының кірісіне немесе жүйеге төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан кез келген сақтандырылған азаматтарға қолжетімді.

Өз тілшімізден.