Келесі жылы жол сапасын жақсартуға басымдық беріледі – Берік Әбдіғалиұлы

Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының 2024 жылға бюджет жобасын таныстырды. Келесі жылы өңірдің қаражат қоры – 140 млрдты құрамақ, оның 55%-ы әлеуметтік салаға бағытталды. Ол үшін 75 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Атап айтар болсақ, білім саласына 57 млрд, денсаулық сақтау саласына 8.3 млрд бөлінді. Қалған қаражат мәдениет, спорт, жастар саясаты т.б салаларына жұмсалатын болады.

«Осыған дейін де атап өткеніміздей, 2024 жылы облыстық, қала және ауданішілік жолдардың мәселесін шешуді қолға аламыз. Сол мақсатта Арқалық бағытындағы қосымша 27 шақырымды қосқанда 17 млрд қарастырылып отыр. Сонымен қатар, ҚР Көлік министрлігі тарапынан облыс аумағында құрылысы басталатын Жезқазған-Қызылорда жолына 50, ал Жезқазған-Қарағанды бағытындағы жол құрылысын бастауға 20 млрд теңге қаражат бөлінеді» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы ауылшаруашылығы саласына 2023 жылға қарағанда екі есе көп қаржы бөлініп жатқанын хабарлады. Былтыр 6.5 миллиард болса, биыл қарастырылып отырған сома республикалық бюджеттен агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиені қосқанда 12.5. млрдты құрайды.

Облыс әкімі 2023 жылы жылу, су құбырларын ауыстыру, жөндеу бойынша жұмыстардың қолға алынғанын және оның негізгілері келесі жылы аяқталатынын жеткізді. Атап айтар болсақ, Жезқазған қаласын таза, сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын тиісті межесіне жеткізу үшін 6.5 млрд теңге бөлініп отыр. Осылайша, 2025 жылы ауыз су мәселесі шешілу жоспары тұр.

Өңір басшысы Жезқазғандағы инфраструктураны ілгерілету мақсатында республикадан қосымша қаражатқа сұраныс дайындалып жатқанын да атап өтті.