Келелі міндет, көзделер меже
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерін дамыту, тіршілік көзін үнемдеу және оған цифрлық технологияларды енгізу шаралары, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баян етілді.
Отырыста облыстың ауылды елдімекендерін жерасты суымен қамтамасыз ету жұмыстарының 97 пайызға аяқталғаны айтылды. Биыл тағы 4 ауылда жұмыстар басталды. Өңір басшысының айтуынша қалған 3-5 үйден тұратын 21 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін басқа көздерден қаржыландыру мүмкіндігін ұсынуды, аталған жұмысты 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды. Одан бөлек, жауапты әкім орынбасарына Ұлытау ауылының кәріз тазарту қондырғысын шілде айының соңына дейін Жезбұлақ кәсіпорынының балансына беру міндеті жүктелді.
Сонымен қатар, кеңес барысында Ұлытау облысының әкімі тіршілік нәрін үнемдеудің орындала бермейтінін алға тартып, көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарда су есептегіштер орнату бойынша жан-жақты талдама жасауды, ол бойынша бір апта мерзімде ұсыныс енгізуді тапсырды. Оған қоса, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстарын жыл соңына дейін сапалы және уақтылы аяқтауды, Жезқазғандағы ауыз су тазарту ғимаратының құрылысы үшін осы жылға бөлінген қаражатты толық игеруді ескертті.
Облыс әкімі ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру мәселесіне айрықша тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, басты міндет – тұлғаларды жұмысқа орналастыру, кәсіби даярлау, қайта оқыту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау.
«Өңірдегі нысандардың барлық түрі мүгедектігі бар адамдарға да қолжетімді болуы тиіс. Олай ету жолында нақты шаралар қабылдауды тапсырамын және ол шаралар міндетті түрде нәтижелі болсын!», – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Аталған мәселеге қатысты өңір басшысы автокөлік жолын, тротуарлар салу және жаңа аялдамалар құрылысы кезінде, міндетті түрде заң аясында ерекше азаматтарға ыңғайлы жабдықтармен қамтамасыз етілуін қадағалауды, психоневрологиялық дерті бар жандарға арналған стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың қажеттілігі жөнінде атап өтіп, оны ашу мақсатында бір апта ішінде ұсыныс енгізуді тапсырды.