КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ – ӨРКЕНИЕТ ӨЛШЕМІ немесе көкейдегі көп сауалдың жауабы

Барлық ұлытаулықтар аудан орталығының күн санап көркейіп, жаңа тұрғын үйлер мен ғимараттардың, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың, жаңа саябақтар қатарының артып келе жатқанын байқап жүргені күмәнсіз. Бұл – атқарушы билік тарапынан уақыт талабымен үндесу бағытында жасалған қадам. Бүгін біз құрылыс жұмысы қолға алынған бірегей нысан – Ұлытау селосындағы кәріз, басқаша айтқанда, су бұру жүйесіне қатысты ашық сөз қозғауды жөн санадық. Мұның басты себебі, әлеуметтік желілерде, халық арасындағы ауызекі әңгімелерде кереғар сипаттағы алуан түрлі пікірлердің орын алуы болып отыр…

Кәріз жүйесі – өркениеттің тамаша жетістіктерінің бірі. Осы ретте, бұл, яғни, аудан орталығындағы кәріз желісі ауданда туризм саласын дамытудың басты алғышарттарының бірі болуы тиіс. Нақтылай түссек, қазіргі таңдаҰлытау ауданы бойынша «Өңірлерді дамыту»мемлекеттік бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 13.06.2019 жылғы №400 қаулысымен бекітілген Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде, 2017 жылдан бастап 2 кезеңмен орындалуы көзделген «Ұлытау ауылында кәріз жүйесінің құрылысын салу» жобасы жүзеге асырылуда.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Ұлытау аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі, бас мердігер ұйым «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны болып табылады.

Осыған орай, 2017-2019 жылдары жобаның 1-кезеңі «Ұлытау ауылында кәріз құбылары жүйесін салу»жобасы іске асырылды. 2020 жылға дейін мердігер ұйым тарапынан Ұлытау ауылында жобалау-сметалық құжаттарға сәйкес, жер жұмыстары: 30 000 м3 топырақты қопару-қазу, 29,7 км. құбыр желілерінің астын құммен тегістеу, топырақты нығыздау-тегістеу, құдықтар мен шұңқырларды қазу, полиэтилен құбырларын орнату жұмыстары жүргізілді. Кәріз жүйесінде 1 бас сорғы (насос) станциясы, 2 сорғы станциясы орнатылды.

Бүгінгі күнге жобаның 2020- 2021 жылдарға жоспарланған 2-кезеңі «Ұлытау ауылында кәріз тазалағыш ғимараттардың құрылысы» жобасы іске асырылуда. Мердігер ұйым «Еңбек-Қарағанды» РМК-мен жасалған келісім-шартқа сәйкес, жобаның құны – 680 млн. 270,6 мың теңге. 2020 жылға республикалық бюджеттен 494,0 млн.теңге, жергілікті бюджеттен 26,0 млн.теңге бөлінді.

Бүгінгі күнге мердігер ұйым тарапынан жер жұмыстары 4772 м3 топырақ қазу (жобаланған кәріз қондырғыларын – қабылдау камераларын, қалдықтарды жинау және тазалау резервуарларын орналастыруға арналған жер алаңдарын дайындау), 480 метр кіреберіс автокөлік жолының астына төсенді әзірлеу, 600 метр қысымды кәріз құбырын орнату жұмыстары жүргізілді. Ұлытау ауылынан биологиялық кәріз тазалағыш қондырғылар мен жабдықтар, 700 метр (диам. 75 мм) пластик құбырлар, Орал қаласындағы «ВодЭкоФильтр» ЖШС зауытынан кәріз тазалағыш қондырғылар жеткізіліп, учаскеге орнатылды.

Бұдан бөлек, 2020 жылы мердігер ұйымның өкілдері және Орал қаласындағы өнім дайындаушы зауыттың монтажшылары тарапынан технологиялық жабдықтар мен ағынды суларды тазарту қондырғыларын, тарату ұңғымаларын, қабылдау камераларын, жинау цистерналарын нысанға жеткізу және монтаждау жұмыстары жүргізілді. Күл-қоқыс пен ағынды суларды жинау резервуарлары және соруға арналған қондырғылар орнатылды. Тазартылған судың булану тоғанының учаскесі дайындалып, кіреберіс автокөлік жолы салынды. Ұлытау ауылындағы электр подстанциясынан кәріз тазалағыш ғимараттарға дейінгі тәуелсіз электр желісі орнатылды. Барлық технологиялық жабдықтар мен құбырларды монтаждау жұмыстары аяқталып, буландырғыш-тоғанға гидрооқшаулағыш қабат ретінде геотекстиль және су өткізбейтін геомембрана төселді.

Осылайша, 2020 жылы 344 млн. 018, 4 мың теңге қаражат игерілді. 2021 жылы игерілуі тиіс қаржы көлемі – 149 млн. 981,5 мың теңге.

Алайда, тұрмыстық сарқынды суларды биологиялық тазартуға арналған жабдықты орнату және монтаждау аяқталғаннан кейін, іс жүзінде коммуналдық қызметтерді тұтынушылар, яғни, болашақ абоненттер – 610-ға жуық жеке үй шаруашылықтары, мемлекеттік органдардың 40-тан астам әкімшілік ғимараттары, жеке және заңды тұлғалардың, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру, мәдениет және спорт нысандары, сауда мекемелері, сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлер кәріз желісіне қосылмаған. Осы ретте ескерте кетер жайт –тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманың соңғы талаптарына сәйкес, жекеменшік сектордағы коммуналдық қызмет тұтынушыларды, тұрғын үйлерді коммуналдық жүйелерге қосу меншік иелерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылуы тиіс.

2020-2021 жылғы қыс маусымында ауылдағы тұтынушыларды салынып жатқан кәріз жүйесіне қосудың, сондай-ақ, жабдықтардың және кәріз желісінің жұмысын тексеріп, сынаудың мүмкіндігі болмағандықтан, тапсырыс беруші тарап нысанның құрылысын 2021 жылы толық аяқтауға және оны жұмысқа қолайлы жаз-күз айларында іске қосуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруды көздеуде. Осындай іс-шаралардың бірі – жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе коммуналдық қазыналық мекеме түріндегі мамандандырылған кәсіпорын құру және оған кәріздік желіні жедел басқару құқығын беру немесе істі ілкімді жүргізудің екінші жолын таңдау, яғни, кәріз жүйесін күтіп-ұстау үшін нысанды қолданыстағы коммуналдық кәсіпорынға жедел басқаруға беру. Бұл мәселе жуыр маңда түбегейлі шешімін табады.

Жобаны 2021 жылғы IV тоқсанда – желтоқсан айында толық аяқтап, кәріз жүйесін іске қосу жоспарланған. Осыған орай, 2021 жылғы жаз-күз айларында тұтынушыларды кәріз жүйесіне толықтай қосу жоспарлануда.

Нысанды пайдалануға қабылдаудың мерзімі – 2021 жылғы 31 желтоқсан.

Бүгінгі күні Ұлытау ауылы тұрғындарының саны – 2550 адам, тұрғын үйлер саны – 610 үй. Кәріз құбырлары жүйесі мен кәріз тазалағыштың 4000 адам тұратын тұрғын үйлерге су бұру қызметін көрсету мүмкіндігі бар.

«Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру шеңберінде жасалған шарт бойынша құрылыс салу мерзімінде 65 жұмыссыз адам уақытша жұмыспен қамтылды.

Орайлы сәтте, жобаны іске асырудан бірінші кезекте тұрғындардың ұтатынын айта кету керек. Себебі, біріншіден, тұрмыстық ауыртпалық жүгі жеңілдейді, екіншіден, жоба іске қосылғанда 20-дан астам қызмет көрсетуші адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Оның ішінде, әкімшілік-басқарушы персонал – 5 адам, өндірістік жұмысшылар – 16 адам.

Сөз реті келгенде, бүгінгі күні кәріз жүйесінің құрылысы аяқталмағанына қарамастан, бірқатар ауыл тұрғындарының өз үйлерін пайдалануға қабылданбаған кәріз жүйесіне қосып алғанын айта кеткен жөн. Бұл қай тұрғыдан алып қарастырғанда да жағымсыз құбылыс. Ол өз кезегінде, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің талаптарын бұзу болып табылады және айыппұл салу түріндегі әкімшілік жазалауға әкеп соғады(Хабарландыру газеттің осы санында жарияланып отыр).

Қисыны келіп тұрғанда айтпай кетуге болмайтын жағымсыз жағдайлар да кездеседі. Атап айтқанда, жекелеген тұрғындардың қолданысқа берілмеген кәріз жүйесі құдықтарына үй жануарлары өлекселерін, сойылған малдың терілерін тастап, күл-қоқыстарын төгу деректері көптеп кездесуде. Мұны жеңілдетіп айтсақ, қоғамның ортақ мүлкіне жанашырлық танытпау, ал шынайы бағалап, қаттырақ айтсақ, қаскүнемдік деп санауға болады.

Берік ӘБІЛОВ,

Ұлытау аудандық құрылыс бөлімінің басшысы.