Көптің алғысын арқалаған
Полиция қызметкерінің басты парызы – ел тыныштығын сақтау, азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау. Осы салада еңбек етіп жүрген білікті басшылардың бірі – Жезді кенттік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрғалым Жеделбайұлы ДҮКЕНБАЕВ.
Нұрғалым Жеделбайұлы 1992 жылы 24 наурызда Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында дүниеге келген. 1998 жылы №13 жалпы білім беретін орта мектепке қабылданып, 2009 жылы осы білім ордасын сәтті аяқтаған. Мектеп қабырғасынан құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан ол, сол жылы Шымкент қаласындағы Шымкент Заң колледжіне оқуға түсіп, 2011 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша диплом алып шығады. Жоғары біліммен бірге алғашқы арнаулы шені – лейтенант атағы да берілген болатын.
Қызмет жолын 2011 жылы шілде айында Жезқазған қаласы Полиция басқармасына кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы ретінде бастап, бес жыл бойы жастармен және жасөспірімдермен тығыз жұмыс істеді. Қоғамдағы ең нәзік салалардың бірі – бала құқығын қорғау жолында үлкен тәжірибе жинақтады.
2016-2019 жылдар аралығында Ұлытау ауданы Полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, ал 2019-2021 жылдары аталған бөлімнің бастығы лауазымында жауапты қызмет атқарды. Ұйымдастырушылық қабілеті мен басқарушылық іскерлігінің арқасында бірнеше күрделі мәселелер оң шешімін тапқан.
2021 жылдан бастап Жезді кенттік полиция бөлімшесінің бастығы болып қызмет етіп келеді. Бүгінде бөлімшеде 9 қызметкер жұмыс істейді. Бұл – кәсіби біліктілігі жоғары, әрқайсысы өз ісінің шебері атанған ұжым.
— Ұжымымыз ынтымақты. Қызметкерлерім – өз жұмысына адал, жауапты мамандар. Қарамағымызда Жезді кентіне қарасты Қарақұм, Байқоңыр, Қарсақбай, Сарысу, Борсеңгір, Мибұлақ сияқты ауылдық округтерге жауапты учаскелік полиция инспекторлары, аға жедел уәкіл, ювеналды полиция тобының инспекторы қызмет атқарады. Қылмыстың бетін ашу, қылмысқа жол бермеу, құқықбұзушылықтың алдын алу – барлығымыздың бірлескен жұмысымыздың нәтижесі, – дейді Нұрғалым Жеделбайұлы.
Қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі әке. Үш баланың – екі ұл мен бір қыздың әкесі. Балаларына өмірлік бағытбағдар беріп, елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп келеді.
Арнайы шені – полиция подполковнигі. Бұл – үлкен еңбектің, төзімділіктің, жауапкершіліктің нәтижесі. Ең бастысы – азаматтық борышын абыроймен атқарып, туған жердің тыныштығы үшін тынбай еңбек ету.
Ізбасар ОЙБАС.