Күн тәртібінде – өзекті мәселелер

Аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ қатысуымен өткен аудандық мәслихаттың кезекті XLVI сессиясының күн тәртібіне біршама маңызды мәселелер шығарылып, қарастырылды. Халық қалаулыларының басты жиынының тізгінін депутат Нұрлан АҚТАЕВ ұстаған жиынға аудандық мекемелер мен кәсіпорындар басшылары, кент, село әкімдері онлайн-режимде қатысты.

Сессияда алғашқы кезекте аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлының өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау жөніндегі қорытынды есебі тыңдалды. Жыл басынан жүйелі негізде жүргізілген жұмыстардың нәтижесі мен олардың тұрғындардың жайлы тұрмысы мен әл-ауқатын арттыруға тигізген жағымды әсері хақындағы аудан басшысының кең сипатты, терең мағыналы әрі нақты деректермен дәйектелген есебіне депутаттар зор ынта қойды. Атқарылған іс қорытындысына қанағаттанарлық баға беріп, алдағы жоспарлы жұмыстар ауқымына қатысты оң пікірлерін білдірді.

Халық қалаулылары жиынында айрықша мән берілген мәселенің бірі «Ұлытау аудандық мәслихатының 2019 жылғы 30 желтоқсандағы XХХIX сессиясының «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджеттері туралы» №342 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» сауал болды. Мәселе егжей-тегжейлі талқыланып, депутаттар тарапынан толық мақұлданды. Нақтыланған бюджет қаражаты әр сала бойынша көкейкесті жайттардың түйінін тарқатуға бағытталады.

Сонымен қатар сессияда «Ұлытау аудандық мәслихатының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы XVIII сессиясының «2016-2020 жылдарға арналған Ұлытау ауданының даму бағдарламасын бекіту туралы» №152 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы атағын беру туралы», «Ұлытау ауданы көлемінде жер учаскелерін меншікке немесе жер пайдалануға беру мәселелерін қарайтын жер комиссиясын және Ұлытау ауданы көлемінде шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстарды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жер комиссиясын құру туралы», «Ұлытау ауданының басқару схемасын бекіту туралы» және басқа да өзекті сұрақтар қаралды.

Жоғарыда аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер шығарылды.

Өз тілшімізден.