«КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ жан-жақты әзірлікпен басталады»
Былтыр ауа-райының қуаңшылығы, жауын-шашынның аз, дала өртінің көп болуы егін шаруашылығына өзінің әсерін тигізді. Күзгі жиын-теріннің қорытындысы бойынша түсім жылдағыдан аз болды. Биылғы қыстың да «қаһары» қатты сезіле қойған жоқ. Қыстың аяғы мен көктемнің басындағы бірер апта боран мен жауған қар болмаса, дала айтарлықтай ақ көрпе жамыла алмады. Бұл жер төсін емген диқандар үшін алаң көңіл тудырып отыр. Сондықтан да олар дала жұмыстарына ерте бастан қамдық жасап жатқан сыңайлы. Оны аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллинмен болған әңгімеден айқын аңғардық.
Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: «Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында да өнім көлемін кеңейтіп, азық-түлік қорын толық қамту мәселелерінің өзекті екені айтылды.
– Украинадағы оқиғалар азықтүлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. Осыған орай, егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады. Бірақ, көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес. Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс. Шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн. Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.
Міне, Президент тапсырмасын жүзеге асыру бағытында ауданда нақтылы қандай жұмыстар қолға алынуда? Дизель отыны жеткілікті ме, техника мен тұқым, тыңайтқыш тапшы емес пе? Бөлім басшысымен әңгімеміз осы сауалдар төңірегінде өрбіді.
– Сағади Сайлауұлы, аудан бойынша қанша шаруашылық егін өсірумен айналысады, қанша гектар егістік жер бар? Әңгімемізді әуелі сауалдан бастасақ.
– Ұлытау ауданы бойынша өсімдік шаруашылығымен 38 шаруа қожалықтары айналысуда. 2022 жылға жоспарланған алқаптардың көлемі 26 055 гектар. Оның ішінде 26000 гектары бидай мен арпа, 43 гектары картоп, 12 гектары бау-бақша.
– Жөн екен. Ал енді осы шаруашылықтар қажетті тұқым қорымен қамтамасыз етілген бе? Тұқымның қандай түрін пайдаланғалы отыр. Сол жайлы тарқатып айтып берсеңіз.
– 2022 жылдың астығына аудан бойынша егіс науқанын жүргізу үшін 3000 тонна тұқым құйылды. Оның ішінде 2600 тоннасы бидай (Карабалыкская 90, Степная 60, Қарағанды 22, Айна тұқымдары), 400 тоннасы арпа (Қарағанды 5, 6, Медикум, Вакула тұқымдары).
Қолда бар 3000 тонна тұқым толықтай «ҚазАгрЭкс» акционерлік қоғамының астық-сараптама зертханасы арқылы тексеруден өтті. Оның ішінде 2 класс – 520 тонна (20%), 3 класс – 2480 тн (80%).
Биылғы жылы өсімдік шаруашылықтарына сақтандыру мәселесі өз еркімен жасау қарастырылған. Осыған орай Қаракеңгір ауылына қарасты «Бекетай-баба» шаруа қожалығы Ақмола облысындағы «Жер» жауапкершілігі серіктестігінен 50 тонна «Айна элита» бидай тұқымын алуға, Егінді ауылына қарасты «Әділет» шаруа қожалығы 50 тонна бидай тұқымын «Шанс» шаруа қожалығынан алуға, басқа шаруа қожалықтары бидай, арпа тұқымдарын «Бекетай-баба» тұқым шаруашылығынан алуды жоспарлап отыр.
– Жерді тыңайту, өсімдіктерді қорғау өнімнің мол болуына өзіндік ықпалын тигізеді дейді мамандар. Бұл мәселе ауданда қалай шешіліп жатыр?
– Гербицидтер (өсімдік қорғау құралдары) тек зиянкестермен, паразиттермен, арамшөптермен ластанған алқаптарға ғана қолданылады. 2022 жылы «Бекетай-баба», «Умирбеков О» және «Кеңгір» шаруа қожалықтары 2500 гектар егістік жерлеріне «Эфир экстра», «Хазна», «Эфир Премиум», «Смерч», «Торнадо» гербицидтерін қолдану жұмыстарын ұйымдастыруда. Мемлекеттік субсидия қарастырылған.
– Дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуі оған қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуге тікелей байланысты. Бұл жайлы не айта аласыз?
– Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 2022 жылғы көктемгі дала жұмыстарына технологиялық картасы әзірленіп, ауданға 540 тонна жанар жағармай бөлінді, наурыз айына 55 тонна, сәуір айына 185 тонна, мамыр айына 210 тонна, маусым айына 90 тонна. Наурыз айына арналған баға литріне 193 теңге болып бекітілді. Дизель отынын жеткізуші Оператор ретінде «RetailTrade Oil» ЖШС тағайындалды. Наурыз айына 5 шаруа қожалығы 55 тонна дизель отынын алуға сұраныстарын беріп, 4 шаруа қожалығы 48,5 тоннасын тасып алды. Сәуір айына 8 шаруа қожалығы 172,45 тоннаға сұраныс беріп, аталған Оператормен келісім шарттарын жасауда.
– Соңғы сауал. Техникалардың әзірлігі қалай. Биыл қанша техника көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылмақ?
– Биылғы көктемгі егіс науқанына ауылшаруашылығы техникаларынан 56 дана трактор, 55 дана дән сепкіш, 3 дана егін себу кешені қатысады деп күтілуде. Олардың дайындығы – 8 процент. Жалпы, аудан диқандары көктемгі дала жұмыстарын жан-жақты әзірлікпен бастайды. Оған қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар айқын дәлел. Сәуірдің соңына дейін аяқталмай тұрған жұмыстар толық орындалып, науқанға сақадай сай кіреміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.