Көктем келді, дайындық қалай?
Ұлытау ауданы облысымыздағы аграрлы аймақтың бірі һəм бірегейі. Оның ішінде өзге өңірлерге қарағанда егін шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Сондықтан да біз аудан диқандарының басын біріктіретін салаға тікелей жауапты тұлға – аудан əкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВҚА осы сауалды қойған едік… Кеше ғана қамбаны астыққа толтырып, «Алтын күз» мерекесін тойлаған диқандар қауымы қысқы демалыстан соң дала жұмысына қайта кірісіп кетті. Таң атпай жер тырмап, несібесін жинағандар егістік алқабын тұқым себуге дайындау үстінде. Өткен жылдан қалған қалдықтарды жинап, жер өңдеу, оны тегістеуде техникалар тізіліп жүр. Биыл да мол өнім алуға үмітті диқандар осылайша көктемгі егін егу жұмыстарын жүйелі жүзеге асырудың қамын жасауда. Енді оның барысына тоқталып өтсек.
Артық өнім – агротехникалық шарадан
Күзде егіннен мол өнім алу тек тұқымды көктемде уақытылы себумен ғана шектелмейді. Бұл бір-бірімен тіркескен үлкен жұмыс процесінің жемісі.
Шаруасын дұрыс күйттей білетін диқан күзде маңдай терімен өсірген астығын жинап, бастырып алған соң күзгі зияб жырту жұмысына кіріседі. Ал қыста ылғалы аз аймақтарда егін егіп жүргендер қар тоқтату жұмысын жүйелі атқаруға күш салады. Диқандар үшін ерте көктемде басталатын тағы бір қауырт жұмыс бар. Ол – ылғал жабу. Бұдан қалды, пар жырту, тыңайтқыштар себу, дəрілеу сияқты толып жатқан шаралар бар. Мұның бəрін егін шаруашылығымен айналысатын қауым – агротехникалық шаралар деп бір-ақ түйіндейді.
– Ұлытаулық диқандар да осы агротехникалық шараларды өз уақытында, ойдағыдай атқарып келеді. Зияб жыртылып, қажетті алқаптарға қар тоқтатылды. Бірақ, осы қар тоқтату науқанының да өзіндік қыры мен сыры бар. Сулы, өзен, көл, тоған маңдарына жақын жатқан егістік алқаптарға қар тоқтату көктемгі дала жұмыстарына азды-көпті қолбайлау болады. Жер уақытылы дегдімей, тұқым себу жұмыстары кешеуілдеп жүреді. Осының салдарынан күзде ойлағандай өнім алуға кедергі келтіреді. Мұны біздің өңірдің диқандары мұқият сақтап отырады, – дейді бізбен əңгімесінде Ұлытау ауданы əкімінің ауыл шаруашылығын қадағалайтын орынбасары Мақсұт Оспанов.
Мақсұт Сəрсембайұлының айтуынша, ауданның егін алқаптарында көктемгі ылғал жабу науқаны аяқталған. Күзде өңіріміздің жауынды-шашынды болуы жерге мол ылғал түсіріп, тоң жақсы қатқан екен. Осының нəтижесінде көктемде алқаптарда ылғал жеткілікті болған. Алайда, күннің күрт жылып, қардың тез еріп кетуі, ауа райының желді болуы жерді тез дегдіте бастаған екен.
– Қыстан қалған ылғалды сақтап қалу үшін диқандар барлық күштерін ылғал жабуға жұмсады. Оның үстіне, соңғы жауған қарлы жаңбыр жердің ылғалын одан əрі арттыра түсті. Ауа райы осылай қолайлы болып тұрса, мамыр айының ортасында тұқым себу науқаны басталады, дейді М.Оспанов.
Егін алқабын арттыру – басты меже
Аудан əкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВТЫҢ айтуынша, ауданның егін алқабын арттыруға барлық шаралар қарастырылуда. Осы орайда арнайы инвесторлар да іздестіріліп жатқан көрінеді.
Кешегі кеңестік заманда Ұлытау ауданында егін шаруашылығымен айналысатын екі кеңшар болды. Алайда, оңтайландыру саясатынан жекешеге айналған олардан бүгінде он шақты шағын шаруа қожалықтары ғана қалған. Оның өзінде тұрақты түрде егін егіп, мол өнім алуға талпынып отырғандары саусақпен санарлықтай ғана.
– Ауданның егін өсіруге деген əлеуеті жоғары. Астықты алқапқа айналдыратын жер көлемдері жетерлік. Тек, соны игеретін күш жоқ. Бір кездері егін шаруашылығымен айналысқан Терісаққан мен Егінді ауылдарының тұрғындары мал шаруашылығы мен өзге де кəсіптерге бет бұрған. Күтімі, жұмысы, тауқыметі көп егін егуге күштері жетпейді. Жылдың төрт мезгілінде де қайнаған еңбек пен маңдай терді қажет ететін шараға жұмыла кіріспесе, жеке-жеке айналысу айтарлықтай нəтиже бермейді. Оны ел көріп, сезіп те отыр.
Міне, осы мақсатта елдің басын біріктіріп, кооператив сияқты ұжымдаса істейтін жүйе құруға мұрындық болатын ірі инвесторлар қажет-ақ. Оның бірін тапқан да сияқтымыз. Қазір келіссөз жүргізіліп жатыр. Тағы да инвесторлар іздестіріп жатырмыз. Инвесторлардың талаптарына сай жердің құнары, тұқымның сапасы, ел мен жердің жайы сияқты сараптамалар мен ақпараттарды да əзірлеп қойдық, – дейді Мақсұт Сəрсембайұлы.
Ауданда егін ғана емес, бау-бақша өсіру жұмысы да ұлғайтылмақ. Осы мақсатта ауданның əр ауылында бау-бақша егуді қолға алу тапсырылыпты. Яғни ауылдық округтер кемінде бір гектар жерге бау-бақша, картоп егулері қажет. Осылайша, биыл ауданда бұрынғы жылдарға қарағанда қосымша 14 гектар жерге бау-бақша егілмек. Мұның басым бөлігі картоп өсіруге негізделеді. Сондай-ақ, көпжылдық шөп егу де ауданда жолға қойылып келеді. Бір ғана Нұрлан Аманжоловтың жеке шаруа қожалығы 200 гектардай жерге «житняк» егіп, пайда тауып отыр. Бұл көпжылдық шөп болғандықтан оны егу кезінде ғана көп күш жұмсалды. Есесіне, кəсіпкер Үкіметтен тиесілі субсидиясын алды.
Тұқым, тыңайтқыш һəм жанармай
«Тары болса, тауық табылады» дейтін тəмсіл бар екен оңтүстік өңірлерде. Сол айтқанындай, жері дайын, бабы келіп тұрса оған себілетін тұқым қашанда табылады.
«Табылады» деп айтуға оңай болуы да мүмкін. Оның да өзіндік қыр, сыры бар. Тұқымның сапасы, аймақтың ауа-райына төзімділігі өз алдына үлкен бір ғылым. Десекте, бұл мəселе де ауданда шешімін тауып жатыр екен.
– Тұқымға қатысты айтар болсам, биыл біз еліміздегі астықты өңірдің бірі – Қостанай облысымен келісім-шарт жасасып отырмыз. Сол өңірден тұқымның жоғары сортын алмақпыз. Сондай-ақ, іргеміздегі Қарағанды облысының астықты аймақтарымен хабарласып, тұқым алуға келісім жасастық. Осылайша биыл егілетін астық тұқымының басым көпшілігін жаңарту ойымызда бар, – дейді Мақсұт Оспанов əңгіме барысында.
Жалпы, тұқым мəселесін əр диқан өздерінше шешіп жатады. Жыл сайын егін жинау науқанында аудандағы шаруашылықтар өздеріне қажетті тұқымды дайындап қояды. Енді жерді өңдеу жұмыстары аяқталғаннан кейін егіннің бітік шығуына тілекші механизаторлар бір мезетте сеуіп шықпақ.
Жалпы, үстіміздегі жылы ұлытаулық диқандар 21 мың гектардан астам жерге дəнді-дақылдар екпек. Оған қажетті тұқым дайын тұр. «Көктемде түскен бір дəн, күзді күні мың дəн болады» деп білетін диқандар, тұқым себу жұмыстарын өз дəрежесінде жүргізуге жұмылуда.
Осы науқанға қажетті жанармай мəселесі де шешіліпті. Арнайы оператор белгіленіп, дизель отыны Жезқазған қаласына дейін жеткізілетін болып келісілген. Одан бері қарай шаруа қожалықтары жанармайды өз күштерімен тасып алады.
Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, аудан диқандарының егін алқаптарын құнарландыру мақсатында минералдық тыңайтқыштар алуларына да барлық жағдайлар жасалынған. Диқандар қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз етіліпті.
Техникалар сақадай сай
Көктемгі жəне күзгі дала жұмыстарының сапалы, əрі уақытылы аяқталуы сақадай сай дайындалған техникалардың жұмысына байланысты. Егер, техникаларының жүргенінен тұрғаны көп болса, еңбегіңнің зая кеткені.
Осы ретте, егін егу, оны күтіп-баптау, жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалары ауданда ойдағыдай əзірленген. Тіпті, сақадай сай тұр десе болады.
Қазір аудандағы шаруа қожалықтары өздерінің техникалық парктерін жаңғыртуға күш салып жатыр. Көптеген диқандар заманауи үлгідегі шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларын алып үлгерген де. Биыл да екі-үш шаруашылық жаңа трактор, тұқым себетін комплекс, комбайн сатып алмақ.
– Жуырда біз Қарағанды облысының Нұра ауданындағы «Шахтерский» шаруашылығында болдық. Осы ауылда аграрлардың алқалы жиыны болып, егін егу технологиялары бойынша пікір алмасты. Шара барысында шаруашылықтың жаңа техникаларымен таныстырды. Шынында да шаруашылықтың техникалық паркі мақтануға тұрарлықтай екен. Бір өзі біршеше миллион болатын тракторлар, ауыл шаруашылығы кешендері, комбайндар көрмеге қойылған. Тіпті, механизаторларының арнайы тіктірілген жұмыс киімі көздің жауын алады. Егер, сөзімнің басында айтып өткенімдей, мықты инвесторлар табылса неге солардай болмасқа, – дейді Мақсұт Оспанов.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығын дамыту, оны əртараптандыру еліміздегі кезек күттірмес міндеттердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысының алдымызға қойған басты реформалардың бірі де осы ауыл шаруашылығына қатысты. Президенттің «Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркəсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа əрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет» деген кесімді сөзінің өзі соны аңғартады.
P.S. Алақан жайып елден сұрағанша, белін иіп жерден сұрайтын диқан қауымы осылайша нəпақасын табу үшін тырбанып тірлік жасауға кірісіп кеткен. Ала жаздай егіннің бабын жасау үшін осы кезден барлық құрал-саймандарын сайлап алған. «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» демекші, тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, қызу тірлікке араласқан аудан диқандарының бұл қимылы алдағы күзде мол өнім жинап, ел қамбасын толтырады деген сенімді ұялатады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ