Ізгілікті істің иелері
Кəрілік жеңіп, «базардан қайтып келе жатқан» əке-шешені далаға тастамай, керісінше, балаларының бірі бағып, күтіп отыратын қазақ үшін əлеуметтік қызметкер деген таңсық болып көрінуші еді. Алайда, қызметтің бұл түрі де біздің тұрмысымызға дендеп ене бастады. Бүгінде, елімізде əлеуметтік қызметкерлердің көмегіне зəру жандардың қатары жыл санап артып келеді. Өкінішті-ақ…
Қазақы қасиеттердің қаймағы бұзылмаған дейтін Ұлытау өңірінің өзінде сексеннен астам адам əлеуметтік қызметкердің көмегімін күн кешуде. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, жалғызілікті қарттар бар. Ал, тағдырдың талқысына түскен осы жандарды аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты үйде қызмет көрсету орталығының 14 əлеуметтік қызметкері өз қамқорлықтарына алған.
«Қамқорлығына алған» деу айтуға ғана оңай. Əйтпесе, əлеуметтік қызметкерлер таңның атысы, кештің батысы бір тыным таппайды. Қамқорлығындағы əр адамға күн құрғатпай барып, олардың барлық шаруаларын тап-тұйнақтай етіп орындап жүреді. Ал, мұндайда онсыз да тағдырдан қағажу көріп, сіркесі су көтермей отыратын жандардың бабын табу кез-келгеннің қолынан келе бермесі де анық.
– Үйде əлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері қызмет алушылардың əрқайсысымен жекелей қарым-қатынас орнатып, олардың талап-тілектерін тыңдап, мейлінше толыққанды өмір сүру салтын жеңілдетуге күш салуда. Жалпы, аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғау, оларға қамқорлық жасау бағыттарда жүйелі жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Ал, бұл жұмыстардың басында 1 кеңесші, 14 əлеуметтік қызметкер жүр. Олар 70 жалғызбасты қарттар мен 15 ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға қызмет көрсетеді. Қызметтің негізгі 8 түрі осы əлеуметтік қызметкерлердің еншісінде. Қажет болса, дəрі-дəрмектері мен азық-түлігін, газет-журналдар мен хаттарын əкеп береді, — дейді аудандық жұмыспен қемту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Арай Тəшенова.
Арай Серікқызының айтуынша, əлеуметтік қызметкерлер жылына екі рет, яғни көктем мен күзде терезелерді сүртіп, жер үйде тұрса, су тасып, ауланы қардан тазалауы қажет. Сондай-ақ қызметкер қамқорлығындағы адамды емханаға немесе басқа да мекемелерге ертіп апару, егер ауруханаға түскен жағдайда, барып тұру, коммуналдық төлемдерді төлеу, тіпті тамақ пісіруге көмектесу, аяқ киімдерді жөндеу шеберханасына өткізу, тұрғын үй көмегін рəсімдеу, қарттар үйіне рəсімдеу, құжаттарды алмастыруға көмектесу секілді шаруаларды атқаруға міндетті. Осындай міндеттерді адал атқарып жүрген жандарды ізгілікті істердің иелері деп дəріптесек əсте артық айтқандық болмас. Ал, қарттардың жағдайына алаңдап, жанашыр болып, қамқорлық танытып жүрген əлеуметтік қызметкерлерге қамқорлығындағы жандар да дəн риза.
Орайы келгенде айта кетейік, аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімі қамқорлыққа зəру жандарға талапқа сай қызмет көрсетіп, олардың барлық өтініштерін қанағаттандыруға күш салуда. Осы мақсатта мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік əлеуметтік қызметтер түрін алуын əлеуметтік қызметтер порталы арқылы қамтамасыз етіп отыр. Мəселен, 2022 жылы 1 қазанына дейін «Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету» мемлекеттік қызметі стандарты бойынша 29 мүмкіндігі шектеулі жандар əртүрлі санаторий-курорттық емдеу орындарына барып қайтты. 36 мүмкіндігі шектеулі жандар өз кезегін күтуде.
«Мүгедектерге кресло-арбалар беру» мемлекеттік қызмет стандарты бойынша 2022 жылы 3 адамнан өтініш түсіп, 2 адам кресло-арбамен қамтамасыз етілді.
«Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызмет стандарты бойынша 2022 жылы 4 азамат əртүрлі протездік-ортопедиялық құралдар (ортопедиялық жазғы жəне қысқы аяқ киімдер, балдақ, оң жақ төс протезі) алды. «Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық жəне міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету» мемлекеттік қызмет стандартына сəйкес 2022 жылы 2 адамға тифлотаяқ, 1 адамға тифлоплейер берілді, төленген қаражат – 9000 теңге.
2022 жылы 53 адам гигиеналық құралдармен (жөргектер, жаялықтар, қорғаныш крем, сорғыш ұнтақтар, иіс бейтараптандырғыштар, тері тазартқыштар) қамтамасыз етілді, төленген қаражат – 4819,7 мың теңге. 2022 жылға «Жүріп-тұруы қиын I-ші топтағы жеке көмекшінің жəне есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша 22 жеке көмекшіге 13513,8 мың теңге жұмсалды.
«Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін» 4 бала қамтылып отыр.