Қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды: Президент мемлекеттің қолдауын дұрыс түсінбейтін кәсіпкерлерді сынға алды
Бүгін «Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында «Turkistan» газетінің бас редакторы Президенттен еліміздегі ірі бизнес өкілдерінің әрекеттері мен олардың қайырымдылықпен айналысуына қатысты сұрақ қойды.

«Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жеке меншік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.
Мен мемлекеттік билік жүйесінде жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыстым. Себебі, экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтынын да атап өтті.
