Ішкі істер қызметінің әулеті

Халыққа еткен қалтқысыз, адал қызметімен көпшіліктің сый-құрметіне бөленіп, алғыстан алқа таққан азаматтардың бірі ғана емес, бірегейі милиция подполковнигі Ержанов Хайдарбек Әбдірайымұлы. Ол ішкі істер қызметкерлерінің әулетінен шыққан, әкесі Әбдірайым Ержанов Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралғаннан кейін Ұлытау аудандық милициясында жемісті қызмет етті. Оның балалары Ақайдар, Хайдарбек, Қайырбек, Қаршыға Әбдірайым ұлдары әкесінің жолын қуып, ішкі істер саласында қызмет атқарған.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Хайдарбек Әбдірайымұлы Ұлытаудың түлегі. Ол Ұлытау орта мектебін бітіргеннен кейін бір жылдай орман-тоғай мекемесінде жұмыс істеп, Отан алдындағы борышын өтеуге кетеді. Азаматтық борышын адал атқарып, елге оралған Хайдарбек, туып өскен жері Ұлытау аудандық ішкі істер бөліміне қызметке тұрады. 1975-1999 жылдары ішкі істер бөлімінде әр салада қызмет істейді. Қылмысты іздестіру саласына ауысып, 15 жылдай еңбек етіп, еңбегімен танылған Хайдарбекті облыстық ішкі істер басқармасы, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік жөніндегі бірінші орынбасары етіп тағайындайды. Бұдан кейін ол Ұлытау ауданы бойынша құрылған мемлекеттік тергеу комитеті басшысының оперативтік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Қайда, қандай жұмыс атқарса да өзінің іскерлігімен көзге түседі. Ол «Милиция үздігі» және «Үздік қызмет үшін 1, 2, 3 дәрежелі» ішкі істер медалдарымен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің «Құрметті ардагері» медалімен марапатталған.
Хайдарбек Ержанов құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін Ұлытау аудандық сотында 21 жыл қызмет атқарып, 64 жасында милиция полковнигі шенімен құрметті демалысқа шыққан. Бүгінде Ұлытау аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқарып жүр.
Біз, бүгін аудандағы барлық полиция қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне сәттілік тілейміз.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.