Инвестиция көлемін ұлғайтуды тапсырды
Аптаның басында Ұлытау ауданының əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен əкімдік отырысы өтті. Жиынға аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ қатысты.
Күн тəртібінде Ұлытау ауданының 2024 жылғы əлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайрбек баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен орындалмаған көрсеткіштерге тоқталып өтті.
2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды құрап, жұмысқа орналастыру көрсеткіші 105,0 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің күтілетін көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 100,7 пайызды құраса, бөлшек сауда көлемі 120,2 пайызға артқан.
Алайда, аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция, құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда төмен көрсеткішке ие болды. Сондай-ақ, қаржыны толық игермеген мекеме басшылары мен кент, ауыл əкімдері бар.
Аудан басшысы сала басшыларына негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін ұлғайту, кəсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласын одан əрі жетілдіру, құрылыс саласын дамыту, қоғамдық тəртіпті күшейту бойынша тапсырмалар беріп, қатаң бақылауда болатынын ескертті. Сондай-ақ, 2024 жылғы əлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары бойынша аудан əкімінің орынбасарлары мен мекеме басшыларына, кентауыл əкімдеріне сөгіс жарияланды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.