Індетпен күресудің жолы – вакцина
Жезді кентінде аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспановтың төрағалығымен елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында арнайы жиын өтті. Онда коронавирустың аса жұқпалы түрінен сақтану жолдары пысықталды, әрі кент тұрғындарымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Соңғы деректерге жүгінсек, Ұлытау ауданында жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жергілікті тұрғындардың 60 пайызы вакцина алу керек. Сонда ғана ұжымдық иммунитет бар деп айта аламыз, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Бұл ретте, Ұлытау ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаев та кент тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтап, сақтық танытуға шақырды.
Сонымен қатар, Ұлытау ауданының орталық ауруханасының директоры Жұмаш Баймұратов та вакцина алу індеттен сақтанудың негізгі әдістері екенін еске салды.
– Біріншіден, вакцина алу әркімнің өзі үшін қажет. Екіншіден, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтындар міндетті түрде екпе алуы керек. Вакцина жайындағы кейбір алып-қашпа әңгімелерге сенбей, екпе алуға шешім қабылдаған дұрыс. Біз бәріміз вакцина алдық. Осы орайда, маман ретінде айтарым, екпе алғандар саны артқан сайын вирустың таралуы азая түсті. Сондықтан, әрбір кент тұрғыны вакциналаудан өтіп, қалыпты тіршілікке көшсек дейміз, — деді аудандық аурухана басшысы.
Жиын түйінін аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов түйіндей келіп, кент әкімі Серік Есенғалиевке екпе алуға байланысты түсіндірме жұмыстарын ширатуды тапсырды.