Хирургиядағы жаңа мүмкіндіктер енді Жезқазғанда қолжетімді
Жезқазған қаласының көпбейінді облыстық ауруханасында Қарағанды медицина университетінің жетекші мамандарының қатысуымен заманауи аз инвазивті хирургиялық технологиялар бойынша шеберлік сыныбы өтті.

Операциялық блокта білікті дәрігерлер мен профессорлар жұмыс істеді. Атап айтқанда медицина ғылымдарының кандидаты, Full Professor, Нұрқаси Абатов, сондай-ақ ассоциирленген профессорлар Еркебұлан Асамиданов, Руслан Бадыров және Замиг Юсифов облыс хирургтеріне өз тәжірибелерін паш етті.
Шеберлік сыныбы барысында бүйректегі өсіндіні, бүйрек, зәр шығару және өт жолдарындағы тастарды тіліксіз алу, сондай-ақ тік ішектегі көктамырлардың қабынуын лазерлік жолмен емдеу сияқты жоғары технологиялық оталар жүргізілді.

Осы күні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 8 пациент көп жылдан бері мазалаған дертіне дауа тапты. Барлық хирургиялық араласулар аз инвазивті әдіспен, яғни ашық тіліксіз жүргізілді, бұл пациенттердің қалпына келуін жылдамдатып, асқыну қаупін төмендетеді.
Шеберлік сыныбы Ұлытау облысының медицина саласын дамытудың Жол картасының маңызды бөлігі болып табылады. Бұл құжат медициналық инфрақұрылымды жаңартуға, саланы цифрландыруға, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ілгерілетуге және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта да еліміздің алдыңғы қатарлы клиникаларының дәрігерлері арнайы келіп, тұрғындарға ем көрсетуді жалғастырады.
Бүгінгі оталар МӘМС жүйесінің тиімділігін тағы да бір айқындай түсті. Енді облыс тұрғындары заманауи, жоғары технологиялы медициналық көмекті жоспарлы түрде ірі қалаларға бармай-ақ ала алады.
«ӘМСҚ» КеАҚ Ұлытау облысы филиалының баспасөз қызметі.
