Гендерлік теңдік – отбасы құндылығы

Әлемдегі әрбір мемлекет өзінің Конституциясына сəйкес сыртқы жəне ішкі саясатпен айналысатыны белгілі. Өзінің атауы айтып отырғандай, сыртқы саясат – шет мемлекеттермен жүргізілетін қарым-қатынас, ал ішкі саясат – мемлекеттің тəуелсіздігін нығайтып, жаһандану процесінен қалмай алға қарай даму үшін қажетті тетіктердің бірі.

Соңғы жылдары ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп айтылып жүр. Əсіресе адам құқығын қорғау, сотта екі жақты тең ұстау мəселелерінде бұл ұғымның маңызы зор.
Гендер дегеніміз – ерлер мен əйелдердің мінез-құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы əлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың əлеуметтік жəне мəдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы. Жалпы, гендер ерлер мен əйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық салаларында көрініс табатын əлеуметтік қыры деген ұғымды білдіреді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті бекіткен гендерлік теңдік стратегиясы негізінен ерлер мен əйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді əрекет етуіне бағытталып шығарылған заң. Қазіргі кезеңде азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға жəне өмірдің барлық саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде, кең көлемде жұмыстар жүріп жатыр.
Мəселен, əйелдердің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, құқыққа жат қол сұғудан қорғау; əйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жолын кесу мəселелерінде ішкі істер органдары бөлімшелерінің қызметін үйлестіру; əйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлеріне, нысандары мен əдістеріне, сондай-ақ оларды жасауға жағдай жасайтын себептер мен шарттарға талдау зерттеуін жүргізу; əйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жолын кесу мəселелерінде халыққа құқықтық көмек көрсету болып табылады. Біздің елімізде бұл мақсаттағы жұмыс көңілге қуаныш ұялатады.
Сонымен қатар өмірлік маңызды салаларда əйелдер еңбек етеді, мемлекеттік басқару жүйесінің көп бөлігі солардың еншісінде. Əйел отбасы құндылықтардың да мүддесін қорғайды. Сондықтан оларға құрмет ешқашан артық етпейді.

Айгерім ЕРЖАНОВА,
Ұлытау облысының кəмелетке толмағандардың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.