ЕСКІ АУРУХАНАНЫҢ ЕКІНШІ ӨМІРІ БАСТАЛДЫ

Жезді кентіндегі аурухана ғимараты — Ұлытау облысындағы ең ескі медициналық нысандардың бірі болатын. Бүгінде ғимараттың іші тұтас жаңғыртылған. Күрделі жөндеу аясында аурухананың төбесі, едені, есік-терезелері, кәріз және жылу беру жүйесі толықтай ауыстырылды.

Сонымен қатар ауруханаға қажетті жабдықтар сатып алынуда. Тағы бір ерекшелігі — енді бұл ауруханада қанның құрамын анықтайтын жаңа аппарат жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі бойынша қасбетіне қатысты қалған жұмыстар мен қазандығын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыс сапары аясында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірге келетін мамандарды бірінші кезекте баспанамен қамту мәселесін шешуді және уақытша ем жүргізуге келетін дәрігерлерге арналған үй дайындауды тапсырды.