Еселі еңбегінің жемісі

Облыстан ақжолтай хабар жетті. Əріптесіміз, Ақпарат саласының үздігі Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Ұлытау облысының əкімі Дастан РЫСПЕКОВ табыстады. Аталған марапат Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫНА Қазақ елінің ұлттық мерекесі – Республика күні аясында отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін берілді.

Ізекең бозбала шағынан қаламды жанына серік еткен азамат. Аудандық «Ұлытау» газетінің дамуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қаламы қарымды қаламгер. Бүгінде аймақтағы «Сарыарқа», «Мысты өңір», «Қазыналы Қаражал» газеттерінде де жемісті еңбек етіп жүр. Облыс жұртшылығына публицистикалық мақалалары арқылы жақсы таныс. Баспасөз саласында 40 жылдан астам еңбек өтілі бар тəжірибелі журналист. Оның «Аудан тынысы», «Өндіріс өрісі», «Еңбек адамы», «Ой-толғам» айдарымен жазылған мақалалары көптің көңілінен шығуда.
Бір ғажабы, Ізекең қарапайым дүниені құлпыртып, көркем туындыға айналдырып жіберетін шебер журналист. Əсіресе, аймағымыздың ардақтылары туралы жазған жазбалары айтарлықтай. Ұлытау ауданының арғы-бергі тарихы мен қасиетті топырақ тудырған тұлғаларының өмірі жайлы жазған танымдық дүниелері көңіл сүйсінтеді.
Əріптесімізге алдағы уақытта да шалқар шабыт тілей отырып, əлі де өндіре жазуына бек тілектестік білдіреміз. Бұл «Ерен еңбегі үшін» медалі төгілген тер мен өлшеусіз еңбегінің өтеуі. Ізекеңе берілген лайықты награда.
Марапатыңыз құтты болсын, Ізаға!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.