Ерекше бала елеусіз қалмайды
Бүгін «Ұлытау – Мейірімі» қоғамдық қорының кезекті игі шарасы өте жоғары деңгейде өтті. Алғаш рет инклюзивті фестивалі жиналған қауымға әсіресе балаларға есте қаларлықтай болды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – инклюзивті мәдениетті дамытуға ықпал ету, ерекше қажеттіліктері бар қатысушылардың талантын қолдау және шығармашылық қабілеттерін шыңдау, ашу, сондай-ақ қоғамда толерантты көзқарасты қалыптастыру.
Фестивальге 7 жастан 35 жасқа дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін балалар, жасөспірімдер және жастар қатысты.
Сонымен қатар, ата-аналар, шығармашылық ұжымдар, еріктілер мен қолдау көрсететін ұйым өкілдері шақырылды. Фестиваль төмендегідей бағыттарымен айшықталып, әсерлі өтті.
«Жұлдыздар шеруі» – қатысушылардың сахнаға салтанатты шығуы, оларды волонтерлердің қолдауы.
Модельдік көрсетілім (дефиле) – қатысушылардың киім үлгілері мен бейнелерін көрсету. Шығармашылық байқаулар мен көрмелер, сурет көрмесі,
«Shopper-art» интерактив аймағы (шоппер сөмкелерін бояу), қолөнер бұйымдары көрмесі, аспаздық байқау. Ал, концерттік бағдарламалар (ән айту, би билеу, өлең оқу және т.б.) тіптен ерекше болды.
Ұлытау облысының әкімі орынбасары Жәнібек Нөпіров арнайы қатысып, игі шараға сәттілік тілей отырып, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың қоғам өміріне жиі белсенді араласуына жағдай жасау. Мұндай бастамалар – адамгершілікті, сыйластық пен мейірімділік құндылықтарын нығайтудың ең жарқын көрінісі деді. Алдағы уақытта бұл фестиваль дәстүрлі түрде өтіп тұратынын жеткізді. «Ұлытау Мейірімі» қоғамдық қорының өңірімізде іргетасын қалаушы һәм басшысы Гүлжиһан Жұмашқызы бұл фестиваль — әр баланың, әр жастың бойындағы талант пен шексіз мүмкіндікті танытатын, мейірім мен тең мүмкіндіктерді дәріптейтін маңызды шара екенін айтты. Іс-шара барасында құрметті қонақтар сөз алып, бастамаға ризашылықтарын айтты.
Айтулы Фестивальге қатысып жатқан әр бала мен жас – өз саласының нағыз жұлдызы, ал олардың жетістігі – ата-аналардың, ұстаздардың, тәлімгерлер мен волонтерлердің еңбегінің жемісі. Байқауға «Қазақмыс Барлау» ЖШС, Ұлытау облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы және «Байтақ» партиясының облыстық филиалы, «Ақ тілек» мейрамханасы әкімшісі қолдауларын көрсетті.
«Ұлытау – Мейірімі» фестивалі – өнер мен шабыттың, достық пен ізгіліктің мерекесі. Бізде «Ұлытау – Мейірімі» қоғамдық қоры ұжымына шығармашылық жетістік пен еңбектеріне мол табыс тілейміз!
Әрқашан жүректеріміз мейірімге толы болып, қоғамымыз қамқорлық пен сүйіспеншілікке шексіз бай болсын!
Ізтөлеу ТҮСІПОВ,
Жезқазған қаласының тұрғыны.