Ер Төстіктің Мәңгілік елі

М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде мәдени-тарихи білім берудің музейлік көрмесі мен интерактивті экскурсияларының қосымша жобасының ашылуы өтті. Іргелі іс-шара барысында реттік саны 20 000-шы болып тіркелген жәдігердің таныстырылымы ұйымдастырылды.

Жиын Мемлекеттік Гимнді орындаумен басталды. Бұл – ұзақ мерзімді жобаның басты қағидасы. Әрбір музейге келуші Әнұранды жанды дауыста орындайды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласына негізделген тақырыптық көрмелер мен арнайы интерактивті аймақтардан тұратын ағартушылық бағдарламаның мақсаты – жеткіншектерге Отан тарихы, туған өлке тарихы, географиясы жайлы әңгімелеу мен мақалада айтылған атқа міну мәдениеті және ежелгі металлургия тарихының мағлұматтарын тереңірек меңгеруге қолайлы экскурсиялар ұйымдастыру. Жеткіншектердің көрмемен танысуы барысында белсенділігін арттыруға мүмкіндік беру.

Жобаның тақырыбы – «Ер Төстіктің Мәңгілік елі» деп аталуы, алдымен, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік пен патриотизмге баулуға бағытталғанын көрсетеді.

«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы қазақ даласы ежелден адамзаттың өсіп-өркендеуі мен әлемдік өркениеттің ірі жетістіктерінің отаны болғанын атап көрсетті. Тұтас бір өркениеттің атауы болған мыс пен қола өндіру кезеңі осы далада б.з.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықта бастау алып, Ұлы Далада өмір сүрген мысшылар мен теміршілер біздің өлкеміздің тарихында із қалдырғаны ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Музейлік жоба қазақ ертегісінің кейіпкері, Ер Төстіктің образымен жас жеткіншектерге Ұлы Дала өркениетінің жетістіктері жайлы әңгімелейді. Көрмені жүргізуге мектеп оқушылары, 2-сынып бүлдіршіндері тартылды. Тартысқа толы ертегі оқиғасын төмендегі өлең жолдарымен жеткізген оқушыларды көрермендер жылы қабылдады:

«Тебінгі терге малшынып,

Төзімі жанның сарқылып,

Соңғы бір демі таусылып

Кеудеден шыбынжан шығып

Кетерде….

Тәңірім жарылқап,

Түндіктен нұрын төгіпті.

Ұлыстың қамын ойлайтын

Күн басты ұлан беріпті».

Күн басты адам, көне түркі

заманындағы жартас бейнелері – көрменің графикалық образы. Ер Төстіктің ерлік жолын қазақтың дәстүрлі қолөнері туындылары – киіз бен сырмаққа салған өрнектерден де көреміз.

«Ер Төстіктің жолын көрдім,

анам құрған өрмектен, ,

Кенжекейдің жүзін көрдім,

әжем салған өрнектен.

Ай мен Күнді, Көк пен Жерді алашаға сыйдырған

Дәл осындай даналықты Түсіңде де көрмес ең», – деп Мәңгілік Ел болуды армандаған халықтың философиясын жеткізді.

«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының әр тарауына арналған көрме деректері музей коллекциялары және салтдәстүрді, қолөнерді ел ішінде сақтаушы, таратушы аға ұрпақ өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылды.

Елбасы мақаласында айтылған, қазақ даласында қалыптасқан атқа міну мәдениеті жайлы бөлімде музей коллекцияларындағы ер-тұрман, ат әбзелдері мен батыр қарулары үлгілері қойылған. Интерактивті аймақта келушілер жылқыға қатысты тарихи мәліметтер, ел ішінде сақталған дәстүр-жоралғылар, әдеби шығармалардағы ер қанаты – батырлар мен хандардың сәйгүліктері жайлы деректерді арнайы дайындалған бет-плакатта жасайды. Жылқы малына қатысты мақал-мәтелдер жазылған парақшалар арқылы толық мәтінін құрастыру сайысының үлгісі Орталық Мемлекеттік музей таратқан «Ер қанаты» музейлік жобасы (авт. Ғ.Ш. Файзуллина) негізінде жасалды.

Қазақ даласында сонау 1969 жылы алғаш Есік қорғанында табылып, Тәуелсіздік символына айналған Алтын адамнан бүгінге дейін археологиялық жаңалықтар легі толассыз Алтын адамдармен толығып келеді. Алтын адам және Аң стилі жайлы, Ұлы Даладағы ежелгі металлургия тақырыбындағы Жезді музейінде түсірілген бейнефильмдер мен көне металлургиялық Милықұдық қонысы макетіндегі интерактивті экскурсияда жүзеге асырылады. Театрландырылған экскурсиялар Жезді музейінің брендіне айналған. Интерактивті саяхаттарымыз Жезді кенті мектептерінен тыс, Сәтбаев қаласы мектептері оқушыларына да арнайы жылжымалы форматта ұйымдастырылған. Қазақстан Ұлы Жібек жолының тармақтары өткен Ұлы көш жолында жатыр. Ал, Ұлытау-Жезқазған өңірі ертеден белгілі «Мыс жолы» керуендерінің торабы болды. Оның айғақтары көне металлургия іздері екені сөзсіз. Қазақ даласында ортағасырларда өркендеген қалалар, бабалар ту тіккен астаналар жайлы Қазақстан картасы және медиажобаларда таныстырылады.

Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны. Алматының алмасының дәмі аға ұрпақтың есінде болар. Жезді кентінде сол ғажайып жеміс түрлері әр отбасының бау-бақшасында өсірілген еді. Қызғалдақты дала мен ерте көктемде бүр жаратын бәйшешекті бүгінгі бала тамашалай ала ма? Өкінішті. Туған өңіріміздің табиғаты, оның қайталанбас жасыл желегі үлгілерінен, ақындардың өлеңіне арқау болған жезқанат, күмісбауыр киіктері жайылған экоаймақ көрме келушілеріне бір сәт табиғат аясындағы демалыс ұсынады. Экскурсияға келушілерге кеппешөп – гербарий жасау, өсімдік түрлерін анықтау ұсынылады. Музей аумағындағы бақты, аққайыңдар аллеясын аралап, көктем мен күз мезгілінде табиғаттың тамаша сыйын бақылау да экосаяхат жобасының бірі ретінде музей тәжірибесіне енгізілген. Әдемілікке көзбен сүйсініп, суретке салуды үйрену үшін экскурсия барысында қызғалдақ гүлдерінің көшірмесін салу ұсынылады.

Қазақстан – Түркі әлемінің бесігі. Қазақ даласында өткен ойшылдар есімін, Ұлы Дала тарихының деректерін жинақтап жарыққа шығаруға қатысты соңғы жылдары көптеген еңбектер жарияланды. ҚР Ұлттың музейі қорымызға сыйға берген басылымдары мен тарихи мұраларды зерттеу еңбектерімен таныстыратын «Кітап сөресі» аймағында міндетті түрде кітап оқу минутын жариялаймыз. Көрме таныстырылымына қатысушы 2-сынып оқушылары Айбын Қапар мен Жібек Ғазиз ұлы ағартушы, педагог Ы.Алтынсариннің өлеңін оқуға шақырды. Мектепте алғаш жаттаған «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің толық нұсқасын көрмеге келушілер де бірге оқыды.

Мәдени-тарихи білім берудің тартымды үлгілері ретінде бірнеше интерактивті көрме аймақтары жасалды. Көмулі тарих аймағында археология жайлы мәліметпен танысып, археолог жұмысын өз қолымен атқару, тарихи жәдігер (немесе көшірмесі) іздеп, көтерме материалдың сипатын жазу, қола дәуірі мәдениетінің үлгісі ежелде қалыптасқан саз балшықтан құмыра жасаудың таспалы әдісін өз қолымен атқаруға мүмкіндік бар.

Көшпелі тұрмыстың дәстүрлері мен қазақтың төрт түлігі, оның өнімдері жайлы деректерді музей жанашырлары ата-әжелеріміздің шеберлік сағаттары және әңгімелеуі арқылы танысады. Атасы жинаған асықтармен мергендігін сынап асық ойнау, бақайшық сүйектен жасалған кәдесыйлар, қойдың жүнінен жасалатын бұйымдар киіз бен текемет, сырмақ жасау технологиясын әжелеріміз көрсетеді. Музей мамандары да киіз басуды меңгерген. Дәрістер кезінде оны көрсету мүмкіндіктері қарастырылады.

Қазақ фольклорындағы танымдық дүниенің бірі – оюдың тілі жайлы «Сырмақ шерткен сыр» аңыз-ертегісі желісімен оюдың семантикасына арналған арнайы сабақ өтеді. Тапсырыс берушілер үшін музейдегі қосымша білім беру аймақтары алдағы жылдың ақпан айына дейін үздіксіз жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз.

Мәдени білім беру жобасының таныстырылымынан кейін М.Төрегелдин атындағы музей қорына 20 000-шы жәдігерді тіркеу рәсімі өткізілді. Кездесуге мәдениет жанашырлары, аймағымыздың белгілі өлкетанушылары, қолөнершеберлерінің ұрпақтары қатысты.

«Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Жұманов, қоғам қайраткері, белгілі өлкетанушы Сағындық Қожамсейітов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Анар Есмағанбетова, аудандық «Ұлытау» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты Ахат Құрмансейітов, еңбек ардагерлері Шаяхмет Үмбетов пен Рүстем Төрегелдин, өлкетанушы Тоңболат Мұқанұлы және музей жанашыры Мұқанбетжан Мырзабеков сөз алып, музей құндылықтарының ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін атап көрсетті.

20 000-шы ерекше экспонатты тапсырушы – Жанбосын шебердің немерелері Ербол, Шахмардан, Ерден Жанбосыновтар музей үшін күтпеген сый жасады. Ж.Текқұлұлы аталарының ағылшын үлгісінде жасалған қаруын 20 001-ші жәдігер ретінде сыйға тартты.

Музейдегі ерекше кездесу «Ұстахана. ХІХ ғ.соңы, ХХ ғ.басы» жаңа экспозицияның ашылуымен қорытындыланды. Ұстахана реконструкциясы жұмыс істейтін көрік-пеш пен ұста-шеберлердің музей коллекциясындағы түпнұсқа жабдықтарын қамтыды. Сонымен музейдің ашық аспан астындағы көрмелері тағы бір интерактивті экспозициямен толықты.

 Үрзия ҚАПАРОВА,

Жезді музейінің бөлім басшысы.