Елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді – Президент

Елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында айтты.

– Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өсті. Сарапшылардың болжамынша, елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде біз «адам – қала үшін емес, қала – адам үшін» қағидатын басшылыққа аламыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Астанадағы тұрғындар саны – 1 млн 354 мың 435 адам, бұл – Алматыдан кейінгі Қазақстандағы екінші көрсеткіш.