Елорда – Елбасының төл перзенті
Әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – ел астанасының Алатау бөктерінен Сарыарқа төсіне қоныстануы болды.
Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарихтың басталғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойды. Осы тұста Елбасымыздың көкірегінде қайнап піскен, Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асырылды. Бұл – ерен ерлік пен көрегендікті, тәуекелді қажет еткен тарихи шешім еді. Экономикамыз тұралап тұрған кезде елдің орталығын Алатау аңғарынан Сарыарқаның төріне көшіру оңай шаруа болған жоқ. Бұл ретте кез келген кісінің ерік-жігері жетпес бекем батылдықты Елбасы дер кезінде көрсетті.
Ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы Елбасы пікірі әуелде жұртқа оғаш көрінгені рас. Егемендіктің табалдырығын енді ғана аттап тұрған жас мемлекті сынай қарап, «ендігі тағдырың қалай болар екен?..» деп миығынан күліп отырғандарға астанасын ауыстыру айды аспанға шығарғаннан кем әсер қалдырған жоқ. Өз бағытының дұрыстығына Парламент депутаттарының көзін жеткізген Елбасы Арқа төсіне Көк туын көтерді. Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет өз бетінше жасаған батыл шешімі болды.
Қазіргі уақытта тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Нұр-Сұлтан – Елбасымыздың бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі. Осылайша Елордамыз бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих бет терінде алтын әріптермен жазылды.
«Елорда – Елбасының төл перзенті» дейді халқымыз. Халық айтса қалт айтпайды. Шынында, тәуелсіз мемле¬- кетіміздің жаңа астанасын қалыптастыру – тұңғыш Президентіміздің мемлекетті одан әрі нығайту жөніндегі саяси стратегиясының жемісі. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев елорданы көшіру және жаңа қала салу идеясының авторы және бас сәулетшісі деп толықтай айтуға негіз бар.
Шынында Елорда – Елбасының ерлігі! Елорда – Елбасының өрлігі! Мұны бүкіл Қазақ елі біледі, түсінеді, түйсінеді. Жаңа қаланы тұрғызудың қандай қиын болғанын да сезеді халық. Мұндай алып қала тұрғызу үшін алып жүрек керек.
Нұр-Сұлтан – Қазақстанның жаңаруының нышаны. Мемлекеттігіміздің мәйегі, дербестігіміздің дәйегі болып табылатын елордамыз – халқымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегінің орындалуын айшықтаған шынайы болмысы. Ел астанасы осынау жылдары әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Елбасымыз Елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, ұлттық идеяның ұйытқысына айналды. Оның негізгі мақсат-міндеттері бірлігі жарасқан қазақ елінің азаттығын қамтамасыз ету және осы мұрат-мүддеге қызмет ету болып табылады. Сөйтіп Есілдің жағасында, Сарыарқаның төсінде, Інжу-маржандай Ақ Орда мен Бәйтеректі ұлықтаған елорда «Әлем қаласы» атанып, көркімен де, көлемімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Бүгінгі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Астанаға мақтанышпен қарайды, оны елдігіміздің, мемлекеттігіміздің басты нышанындай қабылдайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, елорда – халқымыздың мақтанышы, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің нышаны іспеттес. Бір кездері шет аймақтағы қала қысқа тарихи кезең ішінде сан мыңдаған тұрғындары бар экономикалық және мәдени өмірдің орталығына айналды. Нұр-Сұлтан – әлем қалаларының ішіндегі әсем қалалардың бірі. Ол – Отан жүрегі, халықты біріктіретін ұлттық идея, өз күшіне сенім нышаны. Жаңа астана – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену болжамды мақсатына нық қадам басып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның символы. Олай болса, Елорда мен Елбасы ажырамас ұғым деп санағанымыз абзал.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ