Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Сот билігі азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету ең басты міндеті. Сот жүйесінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін және қоғам тарапынан сотқа деген сенімді арттыру, бұның өзі сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығы бойынша ауқымды жұмыстың іске асырылуын қарастырады.

Соттар қызметінің ең басты міндеті – сот төрелігін уақтылы әрі сапалы түрде жүзеге асыру. Қазіргі уақытта сот органдарында «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде электрондық іс жүргізу толықтай іске қосылған, оны сот органдарының «ТӨРЕЛІК» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі қамтамасыз етеді.
«ТӨРЕЛІК» жүйесі сот құжаттарының электрондық мұрағаты, ішкі портал, кадрлық жүйе, соттардың Интернет-ресурстары, Call-центр, сот құжаттарымен танысу жөніндегі барлық сервистерді біріктіруге мүмкіндік береді.
Барлық сервистер Жоғарғы Соттың [www.sud.kz](http://www.sud.kz) ресми сайтында орналасқан. Негізгі сервистердің бірі 2014 жылы іске қосылған «Сот кабинеті» сервисі болып табылады.
«Сот кабинеті» сервисінің қызметі электрондық өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді тұтастай жеңілдету, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Азаматтар сотқа талап арыздарды (өтініштерді), апелляциялық шағымдарды, сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінішхаттарды сервис арқылы электронды құжат түрінде ұсына алады, әрбір тұтынушы үшін ыңғайлы жерде интернет арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн түрінде төлеуге мүмкіндік бар. Барлық сот актілері судьямен электронды сандық қолтаңба қойылғаннан кейін бірден «Төрелік» ақпараттық орталықтандырылған жүйе арқылы «Сот кабинеті» сервисіне түседі. Әрбір сотқа қатысушы сервисті пайдаланушы тарап өзіне қажетті сот актілерінің көшірмелерін ала алады. Сервис арқылы сот актілерін, құжаттарын және істерді іздеуге, істі қарау барысын қадағалауға, «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызметін ішінара алуға, «Талдау» форумына (сот практикасын қорыту) ауысуға болады.
Сот кабинеті Қазақстанның кез келген жерінен сотта жеке қатысуынсыз талап арыз беруге мүмкіндік береді, осылайша уақыт пен сот шығындары үнемделеді, ең бастысы сот жүйесіне қолжетімділік артады, барлық әкімшілік кедергілер жойылады. Сонымен қатар, сот отырыстарын аудио-бейне таспаға жазу құрылғыларын пайдалану қолға алынғандығын ерекше атап өтуге болады.
Бүгінде Ұлытау аудандық сотының сот залы сот процестерін аудио-бейне таспаға жазу құрылғыларымен 100 пайызға жабдықталған. Аудио-бейне жазбалар барлық сот процесінің қатысушыларын тәртіпке келтіруге, даулы кезеңдер туындаған кезде процестің нақты барысын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді, әрі сот жүйесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты шараларының бірі болып табылады.
Аудио-бейнежазба жүйесі деректерді орталықтандырылған сақтау мүмкіндігіне ие, олар сот отырысының қатысушыларына «Сот кабинеті» арқылы қолжетімді. Яғни процеске қатысушылар дербес сот процесінің бейнежазбасын көре алады, қажеттілік туындаған жағдайда жазбаның көшірмесін түсіре алады. Ақпараттық сервистердің келесі бір түрі «Сот істерін қарау кестесі» сервисі болып табылады. Сот отырысына қатысушылар ҚР Жоғарғы Сотының ресми сайтында сот отырысының тағайындалған күні мен уақыты туралы жеке таныса алады. Бұл сот қызметкерінің электрондық іс жүргізуі арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
«Сот кабинеті» сервисінде тіркелмеген сот процесінің қатысушылары үшін «Сот құжаттарымен танысу» атты жүйесінің көмегі арқылы азаматтардың құжаттармен танысу мүмкіндігі көзделген. Бұл сервис электрондық құжаттарды логин және пароль енгізу арқылы қарау үшін арналған.
Сот процесінің қатысушылары логин және паролді СМС-хабарламасы арқылы ұялы телефонына, не электрондық мекен-жайына қабылдайды. Сот құжаттарын көшіріп алу, жүктеу және сақтау мүмкіндіктері қоса бар.
Жаңа технологиялар сот жүйесін жүйелеуге мүмкіндік бере отырып, барлық процестерді айқын және түсінікті етуге, құжаттармен жұмыс істеу кезінде адам факторын азайтуға серпін береді.
Сот жүйесінің жұмысын айтарлықтай жеңілдету мақсатында бірқатар пилоттық жобалар енгізіліп, іске асырылуда.
Сот саласына заманауи технологиялардың енгізілуі мен қолданылуы сот жүйесіндегі сот өндірісінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығын толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақнұр ДОМБАЕВА,
Ұлытау аудандық сотының сот әкімшісі басшысы.