ЕЛДІ ЕЛЕҢДЕТКЕН МАРАФОН-БӘЙГЕ Ұлытау өңірін дүбірге бөледі
Өткен айдың соңын ала Ұлытау облысына келген Мəдениет жəне спорт министрі Дəурен АБАЕВ қыркүйек айының екінші онкүндігінде ел астанасынан бұрын-соңды болмаған марафон-бəйгенің бастау алатынын айтып еді. Əне-міне дегенше басталып кеткен сол доданың қиқуы Арқа төсіне жетіп, тұлпарлардың тұяғы Ұлытау топырағына да тиді…
Бəйге қалай басталды?
«Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазақ үшін желмен жарысқан жылқының орны бөлек. Сонау есте жоқ ескі заманда-ақ бабаларымыздың ежелгі Ботай қонысында жылқыны қолға үйреткені археологиялық қазбалар арқылы дəлелденді. Қазір дүниежүзі Алаш жұртын арғымаққа алғаш бас білдірген ел деп таниды. Ат тізгініне берік екенімізді əлі де дəлелдеп жүрміз. Сыртқары елді таң қалдырған бұл марафон-бəйге – соның бір жарқын көрінісі.
«Көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында жаңа жобаны қолға алдық. Бұл егемен еліміздің тарихында ең ұзақ қашықтықтағы аламан болғандықтан, ол еңселі Елордамыздан бастау алып, киелі Түркістан шаһарына тұяқ тірейтін болады. Бұл аралықты марафоншылар 12 күн ішінде атпен шауып өтуі тиіс.
Бұл бəйге болашақта өзіміздің ат үстіндегі дəстүрлі «Париж Дакар» немесе «Тур де Франс» сияқты үлкен жоба болады деп үміттенемін» деп жазды Мəдениет жəне спорт министрі өзінің «Фейсбук» əлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Орайы келгенде айта кетейік, жігіттеріміздің жігері сыналатын, қазанаттарымыздың қарымын көретін марафон-бəйгеге Қостанай облысынан өзге өңірлерден бір-бір командадан қатысып отыр. 19 команданың шабандоздары 18 қыркүйек күні ел ордасынан ерге қонды.
Марафон атауы қайдан шықты?
Жалпы, бүгінде əлем елдері ат жарысының түр-түрін өткізеді. АҚШ-та, Еуропада, басқа да мемлекеттерде қысқа жəне ұзақ қашықтыққа арналған бəйгелер көп. Мысалы, Араб əмірлігінде осы марафонға ұқсас жарыс түрлері бар. Олар сəйгүліктері мен желмаяларына мініп, бірнеше күндік жерлерге бəйге ұйымдастырады. Бірақ, солардың ең ұзақ қашықтығы 160 шақырымнан аспайды екен.
«Біз соның бəрін саралай келе қашықтық 1 200 шақырымнан асатын «Ұлы Дала жорығы» атты 12 күндік аламан жарыс, марафон-бəйге ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, əлемде теңдесі жоқ марафон-бəйге болады деп ойлаймын. Бəйгенің «Ұлы Дала жорығы» атануының да өз мəні бар. Бұл аламан жай ғана ат жарысы емес. Қазақ халқының салт-дəстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа туристік маршруттарды қалыптастыратын тың жоба болмақ» деді Дəурен Абаев.
Жарыс шарты жайлы бірер сөз
Жүйріктер бір күнде 100 шақырымды еңсеріп отырады. Оның арасында 2 сағат түскі ас пен тынығуға арналған.
Жарыстың басты ерекшелігі – командалар бір-бірімен жарыспайды. Себебі əрқайсысының сөреден шығу уақыты əртүрлі. 50 шақырымды өту мерзімі бөлек есептеледі. Бір кезеңнің 50 шақырымын еңсергендер 2 сағаттық демалыстан соң жолға шыға береді. Сол сияқты басқа командалар да келген уақытына қарамастан, келесі 50 шақырымды бағындыруға 2 сағаттан соң ғана аттанады. Мақсат – атты зорықтырып алмау. Тұлпарлар тынықпай, ешкім жолға шықпайды. Егер команда 50 шақырымды 6 сағатта жүріп өте алмаса, шеттетіледі. Бір командада 5 шабандоз болса, соның ішіндегі ең соңғысы мəреге қай уақытта жетті, сол команданың уақыты болып есептеледі.
Алғабаста аялдап, «Жошы ханда» түнеді
Бəйгенің төртінші күні 400 шақырымды артқа тастаған марафоншылар Ұлытау ауданының аумағына жетті. Алғабас ауылының шекарасындағы мəре сызығын бірінші Ақтөбе облысының, екінші Маңғыстау» облысының командалары кесіп өтсе, үшінші болып Шымкент қаласының командасы келді. Ал, Ұлытау облысының командасы төртінші орынға тұяқ іліктірді.
Шабандоздар мен қонақтарды Алғабас ауылының тұрғындары бал қымыз бен бауырсақ ұсынып қарсы алды. Ұлытау облыстық денешынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Саят Балмағанбетов пен аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудандық денешынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин жəне өңірдегі спорт жанашырлары шабандоздарға құрмет пен қолдау көрсетті.
– Алаш баласы ат үстінде жүріп, елін де, жерін де қорғаған. Бүгінгінің ұландары арғымақты ауыздықтап, аламанда ел намысын қорғап жүр. Солардың бірі – өздеріңіз. Баптарыңыз бен бақтарыңыз бірдей жанып, жарыста жүлдеге жетіңіздер. Алла жолдарыңызды оңғарсын, – деді өз сөзінде Алмаз Қайырбекұлы.
Ауыл маңында тігілген шатырлы қосында кездесу өтіп, дастархан жайылды. Шабандоздар мен сəйгүліктер тыным алған соң таң ата жүйріктер Жошы хан кесенесін бетке алды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дейді атам қазақ. Алғабастан ат басын жіберген шабандоздар Қаракеңгір өзенінің бойындағы «Жошы хан» тарихи-мəдени кешені іргесіндегі мəреге Ақтөбе командасы басқалардан бұрын жетті. Екінші орында – шымкенттік шабандоздар, ал үшінші болып келген – Маңғыстау облысының командасы.
Жалпы, «Жошы хан» тарихи-мəдени кешенінде аялдау марафонның мəдени бағдарламасына енгізілген. Хандардың ханы атанған Жошы хан кесенесіне атбасын бұрып, рухына тағзым ету, Қазақ хандарының түпкі атасы Жошы ханды терең танып-білу – ауқымды жобаның бір талабы. Сондықтан кешендегі кездесу ерекше болды. Шабандоздар, атбегілер мен бапкерлер кешенді аралап, тарихи жəдігерлермен танысты. Ел мен жердің тарихы жайлы тағылымды əңгімелер тыңдады.
Бұл күні хан баба кесенесінің маңы думанға бөленді. Əуелете əн шырқалып, күмбірлеген күй төгілді, арнайы қонағасы берілді. Меймандар жергілікті халықтың меймандос пейілі мен дархан көңіліне дəн риза болды.
Ұлытау облысы əкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали бəйге-марафонға қатысушыларға сəтті сапар тіледі.
– Астанадан бастау алған «Ұлы Дала жорығының» Түркістанға бет алуы тарихи деректерді қайта жаңғыртқандай əсерге бөлеп отыр. Сіздер есімі Алты Алашқа мəлім Алаша хан, Домбауыл жəне Жошы хан кесенелеріне атбасын бұрып, зиярат еттіңіздер. Шабандоздардың шаңғытқан жолында сəттілік серік болсын!
Аламан бəйгені Ұлытау жұртшылығы тамашалап, тұңғыш рет өтіп жатқан ірі жобаға куəгер болуы рухани серпіліске негіз қалары сөзсіз. 12 күндік аламан жарыс ат спортына дүмпу беріп, жастардың ұлттық ат спортына қызығушылығын оятты.
Əлемге билігі жүрген Шыңғыс хан тұлпарының тұяғы тиген бұл жазықта ел тарихына қатысты талай оқиғалар болғаны анық. «Ұлы Дала жорығы» шабандоздары сол ізбен жүріп, тарихымызды қайта түлетті, – деді өз лебізінде Ғалымжан Мұратұлы.
Баспасөз мəслихаты өтті
«Жол мұраты – жету…» деп білетін қазақ үшін аламанда аялдап қалу атқа сын. Таң қылаң бере атқа қонған шабандоздар мыс шаһары Жезқазғанды жанай өтіп, келесі аялдар жерге жетуге асықты. Асығатын да жөндері бар еді. Өйткені, бұл аялдама жарыстың тең ортасы болатын. Елордадан Түркістанға дейінгі 1 200 шақырымның тең жартысын еңсерген шабандоздар жарыс шарты бойынша сəйгүліктерін ауыстырулары керек. Міне, осы кесімді жерге келгенде тізгін тартып, тұлпарларының белін босатты. Марафонға қатысушыларды мұнда да Ұлытау облысы мен Ұлытау ауданы əкімдіктерінің өкілдері қарсы алып, құрмет көрсетті.
Дəл осы жерде жоба авторы Бақытжан Тұрлыбек, марафонды ұйымдастыру комитетінің мүшелері Ғани Дүйшенов пен Арман Абдоллаев, сондай-ақ, дүйім елді таң-тамаша еткен бəйгенің бас төрешісі Надежда Купцова журналистер қауымы үшін далалық баспасөз мəслихатын өткізді. Ұлытаулықтардың меймандос пейіл, қонақжай дəстүрге сай тізбектей тігіп тастаған ақшаңқан киіз үйлерінің бірінде журналист Гүлбиғаш Омар тізгінін ұстаған брифингте спикерлер 1 200 шақырымның тең жартысын басып өткен үздік командалардың жай-күйі, жарыс жолындағы жүйріктердің жалпы жағдайы жəне алдағы 600 шақырымды құрайтын қашықтық – Жезқазғаннан Түркістанға дейінгі жол жоспарын тілге тиек етті.
Мəслихат барысында журналистер сауалдары мен əлеуметтік желілер арқылы түскен сұрақтарға байыпты жауаптар берілді.
Брифингке қатысушылар жарыстың бастапқы кезеңдерінде жекелеген командалардың тарапынан төрешілердің ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ аспауы себепті, аз-кем қиыншылықтар орын алғанын бүкпесіз баяндады. Алғаш аттанғанда марафон құрамында атбегілер мен шабандоздарды, аспаздар мен жұмысшыларды, көлік жүргізушілер мен тағы басқаларын қосқанда 200 адам болған екен. Олардың қатары командалардың жарыс жолынан шығып қалуына байланысты сирей түскен. Ұйымдастырушы тараптың айтуынша, бəйге жолында келе жатқан 9 командада 32 ат бар екен. Жарыс талабына сəйкес, əр командада кемінде 3 ат (бастапқыда – 5 ат) болуы тиіс. Ал қазір бес аты бар команда – Ақтөбе облысы ғана. Түрлі себептермен 10 команда жарыс жолынан шығып қалған.
Мибұлақта той тойға ұласты
Бəйге-марафонның жетінші кезеңінде шабандоздар 700 шақырымдық межені аяқтап, Ұлытау ауданының Мибұлақ ауылдық округінде аялдады. Сол күннің қорытындысы бойынша алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы 59 сағат 39 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Маңғыстау шабандоздары 60 сағат 28 минутта мəреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 61 сағат 39 минутта үшінші болып келді.
Жарыс нəтижесінің өзгеруіне ат ауысып міну шарты ықпал етсе керек. Оны шабандоздардың өзі де айтты. «Жүріс жылдамдап, жағдай жақсарды» деді олар.
Тың күш, соны серпінмен тізгін қаққан шабандоздар Мибұлаққа жеткенде аталған ауылдық округтің құрылуына 40 жыл толуына орай өтіп жатқан дүбірлі тойдың үстінен түсті. Мұнда əр жылдары мектеп бітірген түлектер ақшаңқан киіз үйлерде қонақтарды құшақ жая қарсы алды.
Тойда ат жарыстырып, аударыспақ ойналды. Меймандар бұрымдылардың белдесуін көріп, бір марқайып қалды. Мибұлақ ауылының əкімі Сағындық Дəндібаев көшпелілер мəдениетінің орталығы саналатын өлке тарихынан сыр шертті. Ал, Мибұлақпен қоңсылас жатқан Байқоңыр ауылының əкімі Шəріп Бекетов «Ақтабан шұбырынды…» заманында жоңғарға қарсы соғыстың Ұлытау өңірінде өткен қанды жорықтары туралы баяндап берді.
Мибұлақ ауылының тойын тойға ұластырған марафоншылар келесі күні ертелетіп қайыра атқа қонды.
Олардың ендігі беталысы – Сыр өңірі.
P.S. Соңғы меже – Түркістан қаласына жеткенде жиынтық ұпай саны жоғары команда мұшелері «Ұлы Дала сарбазы» атағын алып, 30 млн. теңге көлеміндегі сыйақыны еншілейді. Екінші жəне үшінші орын иегерлері, сəйкесінше, 20 млн. теңге жəне 15 млн. теңге жүлдені иеленеді. Марафон-бəйгені «AMANAT» партиясы, The Great Steppe Tour қоғамдық қоры, Ұлттық ат спорты қауымдастығы мен Мəдениет жəне спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.