ЕЛ ИГІЛІГІН ЕСЕЛЕЙТІН ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте авиация саласын дамыту мен цифрландыру, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды ұйымдастыру және көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.

Алғашқы сұрақ бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а Ерлан Түсіпов баяндама жасады. Бұл ретте Ұлытау облысының әкімі жаңа бағыттар ашу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Өңір басшысының айтуынша, халықтың мобильділігін арттырып, жұмыс күшінің еркін көшіп-қонуы және екі облысқа туристік ағымды көбейту үшін Жезқазған-Түркістан әуе рейсінің болуы өте қажет.

Сонымен қатар, облыс әкімі халық көп қатынайтын Жезқазған-Алматы бағытындағы әуе қатынасын жиілетуді атап өтті және шұғыл арада субсидиялау бойынша ҚР Көлік министрлігіне ұсыныс беруді тапсырды. Одан бөлек, облыс орталығындағы әуежайға туристік ақпарат алаңын ашу тапсырмасын жеделдету міндетін жүктеді.

Аппарат жиынында Ұлытау облысының әкімі қаңғыбас иттер халық арасында үрей тудырған жағдайда байланысатын сенімді нөмірлер жайында жиі ақпараттандыруды және төрт аяқтыларды аулауды сақтықпен жүргізуді тапсырды.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесіне қатысты Ұлытау облысының әкімі тиісті орынбасарына өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер санын арттыру міндетін жүктеді. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысына аудан әкімдерімен бірлесіп тыңайтқыштарды қолдану және оның егістіктің өнімділігін ұлғайтуға тигізетін пайдасы туралы фермерлермен, дизель отынына уақытылы қол жеткізу үшін тауар өндірушілермен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, ауыл шаруашылығын дамытудың концепциясын бір ай ішінде әзірлеуді тапсырды.