ЕЛ АҒАСЫ

Қасымбек Жақанов 80 жаста

Қазақта «Ел ағасы» деген əдемі ұғым бар қашаннан келе жатқан. Бірақ бұл атаққа екінің бірі лайық бола бермейді. Елдіктің сөзін айтатын, елдік шаруаларға кеңінен араласатын, үлкендіктің жолын ұстанып, əдемі қартаюдың үлгісін көрсететін жандарды ғаны айналасындағылар «міне ел ағасы» деп дəріптейді. Сондай ізгі қасиеттерді бойына сіңірген сиректердің бірі – Қасымбек аға ЖАҚАНОВ.

Əрине, ағаның өзіне салсаңыз, кішіпейіл мінезіне салып, мақтау атаулыдан бой тартып, қарапайым қалып таныта беретіні бар. Бірақ оның осы кезге дейін атқарып келген шаруалары, қиындық атаулыда тығырықтан шығар жол табар, жөн көрсете ақыл-парасаты көпшілікке мəлім. Сондықтан да оны ауылдастары құрмет тұтады, жас буынға үлгі етеді.

«Көргені жақсы көш бастайды» дейді тағы біздің қазақ. Негізінде жас буын үлкендердің үлгісімен жетіледі. Осы тұрғыдан алғанда бала Қасымбектің кішкентайынан көргені көп, зердесіне түйгені де аз емес.

Ең алдымен əкесі Жақан Жандарбекұлының өмір сабақтары санасында сақтаулы. Ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы атанған Жақан Жандарбекұлының жігіттік, азамат ретінде қалыптасу кезеңдері тікелей «Сарлық» өңірімен байланысты. «Сарлық» деп аталатын шағын ауылдың шаңырағын тіктеп, керегесін керуге өзінің сүбелі үлесін қосқан кісі. Жан-жақта тарыдай шашылып жүрген ағайын-туысты осы «Сарлыққа» шақырып, бастарын қосып, бір ауылда ұйыстырды. Сол өзі бастамашы болған колхоздың басқармасы да болды. Бір кездері бай мен кедей болып өмір сүрген өңірдің адамдары жаңа заман талабына сай ұжымдастыру науқанын бастан өткеріп, ортақ шаруаны өркендетеміз деп ұмтылды. Əрине, қай ортаның да телі мен тентегі, бұра тартатын теріс мінезділері болады. Солардың бəрінің басын бір арнада біріктіріп, алға қойылған міндетті орындауға жұмылдыру басшыдан мол ұйымдастыру қабілетін, іскерлікті, бірбеткей мінезді де қажет ететіні белгілі. Соның бəрі Жақан басқарманың бойынан табылды.

Осындай əкенің өмір жолы баласы Қасымбектің алдында тəлім-тəрбие мектебіндей алға тартып, бағыт сілтеп тұрды. Институт бітіріп келіп, қызметке кіріскен тұсынан бастап, алдынан қаншама рет «Жақанның баласы ғой!» деген сенім мен үмітке толы, бір жағы жоғары құрмет сынды ілтипатқа бөленді. Дегенмен, жас маман Қасымбек үшін бұл ең алдымен, үлкен жауапкершілік еді.

Жігіт Қасымбек əкесі Жақан Жандарбекұлы мен анасы Шəкет Төребайқызының сенімін ақтай алды да. Жалпы Жақан əкеміз бен Шəкет əжеміз 3 ұл, 1 қыз туып, тəрбиелеп өсірген жандар. Балаларының бəрі өмірден өз орындарын таба алды. Бəрі де өз ортасына сыйлы, еңбекқор болып ержетті. Ана сүтімен, əке тəлімімен бойға дарыған ізгі қасиеттер бүгінде сол балаларының бəрін абырой биігіне көтерді. Қасымбек аға да өтірік сөйлеуді, жағымпаздықты жақтырмайды. Жалтақтамай тура айтуды, адалдықтың тура жолымен жүруді, берілген уəдені уақытымен орындауды, барды-бар, жоқты-жоқ деуді жаны сүйетін жан. Адамгершілігімен, азаматтық іс-əрекетімен туған-туыс пен дос-жаран жəне ауыл-аймақтың ортасында қадірлі, кісілік пен кішілік нұры тұла бойынан төгіліп тұрған ардақты əке.

Негізінде, Қасымбек аға өзінің күнделікті өмірін ауыл тірлігінсіз елестете алмайды. Кішкентайынан ел ішінде өскен ол бүгінде денсаулығына байланысты Жезқазған қаласындағы балаларының қолында тұрады. Бірақ, «Сарлығын» сағынбайтын сəті жоқ. Қалт ете қалса ауылға тартып отырады. Ауылдағы ағайын-туыс, дос-жаранның ортасында арқа-жарқа болып қалады. Ондағы жеңгелері «Инженер» келді ғой деп, қазан ошағын қамдай бастаса, келіндері «Инженер қайнаға» келіпті, амандасып шығайық десіп жатады. Ал, бұл есімді кешегі көнекөз шешелеріміз, қайнысының атын атамайтын қасиетті ұстанған жеңгелер қауымы Қасымбек аға институт бітіріп келген кездері теліген еді.

Алтын ұядан ұшқаннан кейін əркім болашақ жолын өзі таңдайды. Бозбала Қасымбек əуелі өз еркімен əскер борышын өтеуге аттанып, Отан алдындағы парызын ойдағыдай атқарып келді. Сол жақта жүрген кезінің өзінде-ақ ол өзінің ауыл шаруашылығынан алыс кете алмайтынын анық сезінеді. Сөйтіп, əскерден келе жатып Алматыдағы ауыл шаруашылық институтына құжаттарын тапсырды. Мемлекеттік сынақтардан сүрінбей өтіп, 1965 жылы аталған оқу орнының механика бөлімінің студенті атанды. Оны 1970 жылы ойдағыдай аяқтап, туған ауылы Аманкелді совхозына келді. Жалғыз келген жоқ. Сол оқу орнындағы Экономика бөлімінің студенті, жан-жары – Қуанышгүл Мұстафақызын да ала келді.

Еңбек жолын 1970 жылы бас инженер болып бастаған Қасымбек Жақанұлы осы салада табан аудармай ширек ғасыр еңбек етті. Еңбегі абыройсыз болған жоқ. 1984 жылы КСРО ауыл шаруашылық көрмесінің қола медалімен жəне алтын сағатымен марапатталады. Еңбекте жақсы көрсеткіштерге жеткені үшін бірнеше рет ауыл шаруашылығының облыстық, аудандық басқармасының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын иемденеді.

Қасымбек Жақанұлы күн-түн демей Аманкелді совхозының өркендеуіне бар күші-жігерін, білімін аяған жоқ. Кешегі, үкімет құлап, кеңшар тараған кезде де ол жекешелендіру жұмыстарына атсалысып, ауылдастарының дұрыс жол таңдай білуіне септігін тигізді. Заман ағымымен келген жаңа жүйенің оңы мен солын түсіндірді. Ауыл үлкендерін тыңдай жүріп, кішілерге қамқорлығын көрсетті. Осылайша ел ағасы құрметіне ие болды.

…Сарлық өңірінде дала академиктері деп атауға тұрарлық аға буынның үлкен бір шоғыры бар еді. Олар елдің жайын да жақсы білетін, айналадағы шаруаны да үйлестіріп жүретін. Солардың бірқатарының жүзін көрді, енді бірқатарының ұстаздық тəлімін ұғынды, жанына еріп жүріп, жақсы сөздерін тыңдады. Уақыт дегеніңіз сол, міне, енді алдыңғы қатарға өзі де келіп қалыпты.

Жалпы, Қасымбек аға мен Қуанышгүл жеңгей бұл күнде үбірлі-шүбірлі əулеттің алтын діңгегі. Балаларының барлығы бір-бір мамандық игеріп, елдің өркендеуіне қызмет етуде. Қай жерде жүрсе де оларды біріктіретін бір орталық бар, ол – Қасымбек ағаның қара шаңырағы. Əке тағылымы, əулет дəстүрі осылайша ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келеді. Ал, бұл тұрғыда жеңгеміз Қуанышгүл Мұстафақызының орны ерекше екенін айтып өту де лəзім. Биязы мінезді, еңбекқор, ұқыпты, парасатты, мейірімді, көпшіл, бойында емшілік қасиеттер дарыған, дін жолын дағы қарапайым да жаны таза жан əулеттің ұйытқысы. «Бізді өмірге əкеліп, ақ сүт беріп, аялап өсірген мейірім мен махаббаттан жаралған кең жүрегіңізден, қызуы тұла бойымызды жылытқан ыстық алақаныңыздан, айналайын деп маңдайымыздан емірене сүйіп, еркелеткен үніңізден артық біз үшін ешнəрсе жоқ» деп ағынан жарылады балалары.

Балалары дегеннен шығады, осы мақаланы жазып отырғанымда маған Қасымбек ағаның ұлы – Əсет бауырым қоңырау шалды.

– Аға көкем жайлы мақала жазып жатыр деп естідім. Өзіңіз білесіз, біздің баға жетпес алтын қазынамыз – ардақты əкеміз бен аяулы анамыз 54 жыл бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп келеді. Біздерді өмірде адаспау үшін білімді болуға, еңбексүйгіштікке үйретті, жамандықтан сақтандырып, пана болды. «Адал жүріп, адал тұр! Қолыңнан келсе жақсы іс жасап, алғыс ал!» деген өсиетті құлағымызға құйып, тəрбиеледі. Біздер ата-анамызға өмірбақи қарыздармыз. Бұл дүниеде солар секілді ақылшымыздың барына мың да бір шүкір!!!

Амандық болса 8 наурызда көкем 80 жасқа толғалы отыр. Асқар тау əкеге деген жұдырықтай жүрегімді жарып шыққан жыр шумақтары бар еді. Соны менің атымнан қосып жіберсеңіз, – деді.

Əсет інімнің əкеге деген сол ақжарма тілегін қаз-қалпында бергенді де жөн көріп отырмын:

«Той бүгін, шалқар  шаттық төріңдегі,

Күн бүгін, нұрын  төккен көгіңдегі.

Жан əке, Сіз ғой биік  асқарымыз,

Сіз барда шайдай ашық  аспанымыз.

Мерекеңіз ұзағынан  бола берсін,

Шаңырақ қуанышқа  тола берсін!

Алла қолдап, Анашыммен  100-ге келіп,

Ұрпағыңа «Мың жаса!»,  деп бата бергін!

Сексенге толған шақта  жан Əкешім,

Шаттық пенен нұрға  толсын бастарыңыз.

Жұп жазбай Анамызбен  ғұмыр бойы

Бақ таймай, ұзақ болғай  жастарыңыз».

Мынадай жүрекжарды сөздерден кейін əңгімені соза бергенді де жөн көрмедім…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ