Егіндіде екі нысан ашылды

Ауылдың əлеуетінің артқаны, елдің еңсесінің көтерілгені. Кешегі күндей емес, қазір қай ауылда болмасын жағдай күн санап жақсарып келеді. Мұның бəрі ауылды көтеру мақсатындағы түрлі бағдарламалар мен жобалардың арқасы.

Егінді ауылының қазіргі жағдайына қарап та осындай оң өзгерістерді айқын аңғаруға болады. Ауылдың əрін кетіретін ескі, қираған үйлер мен қора-қопсылар сүріліп, орындары тазартылуда. Олардың орнына жаңа ғимараттар салынып, ескілері жаңғыртылып жатыр. Соның бірі ауылдағы клуб үйі.
Бұл жайлы газетіміздің өткен санында толығырақ жазғандықтан оған қайыра тоқталып жатпады. Ал, жаңадан ашылған өрт сөндіру бекеті жайлы айтып өту лəзім.
Өздеріңізге мəлім, соңғы кездері жауын-шашынның аз болуы, күннің шамадан тыс ысуы аймақтарда өрт қаупін де арттырып отыр. Өткен жылғы алапат өртті ел əлі ұмыта қойған жоқ. Табиғат салдарынан болатын осындай төтенше жағдайларға қашан да əзір тұруымыз керек. Міне, осы мақсатта Егінді ауылында жаңадан өрт сөндіру бекеті ашылды.

Аталған нышан халықты жұмыспен қамтуға да оң септігін тигізді. Бүгінде мұнда 5 жұмыс орны ашылып, тұрғындар нəпақасын тауып отыр. Сондай-ақ, өрт сөндіру бекетіне «Ермак» құрылғысы, су сорғыш генератор, 1 тонналық су бөшкесі, тіркемелі прицеппен алынды. Мұның бəрі дала өрті бола қалған жағдайда оның өршімеуіне оң ықпалын тигізетін болады.
Жуырда осы екі нысан салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Ал, оның ашылу рəсіміне аудан əкімі Аманжол Мырзабеков жəне мəдениет пен төтенше жағдайға жауапты аудан басшылары арнайы барып қатысты.
Ауыл жұртшылығын қос бірдей қуанышымен құттықтаған аудан басшысы ауыл клубына жаңадан музыкалық аппаратура тарту етті.

Ізбасар ОЙБАС.