Егемендіктің нышаны Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне биыл 33 жыл толып отыр. Осы атаулы мерекеге арналған іс-шара Ұлытаудың Әулиетау баурайындағы Рәміздер алаңында жоғары деңгейде аталып өтті.

Елдің елдігін танытатын киелі құндылықтарға құрмет – мерекелік шерумен бастау алды. «Жасыл ел» жастар жасағының ту ұстаған велошеруі орталық көшемен жүріп өтіп, рәміздер алаңына келді. Шоқтығы биік мереке айбынды Әнұранымыздың шырқалуымен басталды. Одан кейін аудан әкімі Аманжол Мырзабеков жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтады.
–Біз, бүгін рәміздер мерекесінің 33 жылдығын атап өтіп отырмыз. Бұл мейрамның ел өмірінде алатын орны ерекше. Сондықтан, Қазақстанның әрбір азаматы Мемлекеттік нышандарды құрметтеп, қастерлей білуі керек. Елдігімізді білдіріп, ерлігімізді танытқан айтулы мерекенің келешегі зор болып, Тәуелсіз елдің тұғыры биік болсын, – деді аудан басшысы.

Салтанатты шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ауданның бірқатар азаматтары құрмет биігінен көрінді. Ұлытау ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен – аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Дәуітбаев, аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Берік Әбілов, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Руслан Бегаев марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хатына – аудандық мансап орталығының қызметкері Алтынай Ахметова, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Жансая Мұрсалбек ие болды.

Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік шараның жалғасы «Рәміздер – ел мақтанышы» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Әуелі Самат Баймышев «Көк Тудың желбірегені» әнін орындады. Келесі кезекте мәдениет үйінің әншілері жеке дауыста асқақ өнерлерімен жарқырай көрінді. «Шұғыла» би тобының мың бұралған бишілері де билерімен көңіл сүйсінтіп, көрермен көңілінен шықты. Оған көпшіліктің ыстық ықыласы дәлел. Концерт шымылдығы Руслан Исмаилов пен Айзада Әбдіхалықова шырқаған «Ұлытау ұраны» әнімен жабылды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.