Еңсесін тіктеген Егінді
Елбасы «Nur Otan» партиясының саяси тұғырнамасында «Әрбір отбасы, әрбір ауыл, әрбір еңбеккер елінің өсіп-өнгенін, оның әлеуметтік жағынан қорғалуын сезіну керек» деген еді. Толымды түйіннің шешімінен Егінді ауылының азаматтары да үмітті…
ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ КӨП
Егінді ауылы – аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта, Ұлытау селосының солтүстік батысында орналасқан елді мекен. Ең алғаш 1976 жылы егін шаруашылығына негізделіп құрылған совхоз «Урожайный» деген атаумен облыс, тіпті республика көлеміне танылған еді. Есіктен шыға егінжайы басталатын ауылдың жаз бойы астығы жайқалып, молшылықтың теңізіндей тербеліп тұратын. Сырттан келген кісіге шөлейтті, адырлы, болып келетін Ұлытаудың өзге өңірлерінен бұл ауыл жұмақ мекендей көрінетін. Бас қақпасынан енгеннен сымбатты сәулетіне сай жарасымды ауыл жаныңызға жайлылық сыйлайтын. Жұмыртқадай тізілген үйлер, мәдени-көпшілік ғимараттары, дүкендері, бәрі-бәрі таңдай қақ-тырмай қоймайтын. Мұнда халық қажеттілігінің бәрі қамтылған еді. Ауыл орталығына ойластырыла орайлы орналастырылған мәдениет үйі, кітапхана, мейрамхана дегенің сол кездің өзінде көп совхоздарда бола бермейтін. Балабақша, дәрігерлік-емдеу амбулатория ғимараты да болды. Мұның бәрі ел молшылығын жасап жатқан диқандар мен механизаторлардың, малшылардың алаңсыз еңбек етуі үшін жасалынған дүниелер еді.
Ауылдың, әсіресе күзі сұлу болатын. Егінді ауылы бейнебір сарша теңіз ортасындағы оазис аралдай көрінетін. Іргеден басталатын егінжайда алтын астық желмен тербеліп, теңіздің толқынындай әсер қалдырушы еді. Ал, сол егінжайдан ескен ән қандай еді?
Бәрі көрген түстей болды. Үкімет құлап, «мызғымайтын» ортақ шаңырақ астындағы елдер балапан басына, тұрымтай тұсына деген тұста шағын ауылдың да шаңырағы шайқалды. Шатқаяқтады. Бірақ құламай аман қалды.
«АДАМНАН АУЫЛ КӨШПЕЙДІ»
Естіп жүрген боларсыздар «Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді» деп келетін, әуені де әдемі бір ән бар. Осы Егінді сияқты ауылдарға арналғандай. Кешегі «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтіндей заман туғанда ел қалаға үдере көшкен еді. Егіндінің де елі сол көшке ілескен болатын. Бірақ, жер төсін еміп, нәпақасын айырғандардың көбі ауылда қалып әлі түтінін түтетіп отыр. Ауыл әкімі Марғұлан Әлмағанбетовтың айтуынша, бүгінде Егінді ауылдық округінде 40 үй ауылдың орталығында, 7 үй округтегі қыстақтарда қоныстанған. Селода әкімшілік, орта мектеп, селолық дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана, «Қазпошта» мекемелері халыққа қызмет көрсетеді. Ауыл тұрғындарын Гүлнұр Сыздықованың дүкені азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.
– Көңілге қуаныш ұялатары – соңғы кезде ауылға атбасын бұрғандар қатары артып келеді. Биылғы жылы селоға 1 жас отбасы көшіп келді. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да ауылға жас мамандар тартуға ықпалы зор. Осы бағдарлама аясында мектеп ұжымының қатары жас мамандармен толығуда. Яғни биылғы оқу жылында ауылға 4 жас маман келді, – дейді Марғұлан Сабырұлы.
Округ әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындары ауылдағы мемлекеттік мекемелер мен серіктестіктерде еңбек етіп, табыс тауып отыр. Ауылда 4 адам жұмыссыз ретінде тіркелген екен, оның екеуі маусымдық жұмыстарға тартылған.
ЕҢСЕНІ ТІКТЕГЕН – ЕҢБЕК
– Қазіргі ауылдың негізгі тіршілігі мал мен егінге негізделген. Округте 6 шаруа қожалығы егін салып, мал өсірумен айналысады. Атап айтсақ, биыл диқандарымыз 4450 гектар жерге бидай, 500 гектар жерге арпа егіп, 4227,5 тонна бидай, 475 тонна арпа бастырды. Мұның сыртында егінділіктер 1295 бас ірі қара, 800 бас жылқы, 3200 қой-ешкі өсіріп отыр. Осы малды алдағы қыстан аман алып шығу үшін 1600 тонна шөп дайындалды, – дейді округ әкімі бізбен әңгімесінде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында «Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек. Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірген, оны жаңарту керек», деп атап көрсетті. Бұл бағытта біздің ауылда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Әсіресе шаруа қожалықтары лизинг арқылы өздерінің техникаларын жаңғыртып, техникалық парктерін үлкейтуде.
Мәселен, биылғы жылы «Кеңгір» шаруа қожалығы «Қаз АгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 52 млн. теңгеге жаңа «Essil КЗС 740-01» комбайнын, 14 млн. теңгеге «МТЗ» тракторын, 800 мың теңгеге рулонды шөп тайлағыш және тіркемелі жатка, астық тазалағыш, тіркемелі дәрі сепкіш сияқты қажетті техникаларды сатып алды, – дейді Марғұлан Әлмағанбетов ауылдастарының еңбек тынысын тілге тиек ете келіп.
Ол сондай-ақ Жолдауда алға қойылған міндеттердің тағы бірі – егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтауды да қолға алатындықтарын айтты.
Осындай еселі еңбектің арқасында Егінді ауылының еңсесі көтеріліп, дамуға бетбұрыс жасалып жатқанын да жеткізді.
«ҚАТЫСУ БЮДЖЕТІ» – ЕЛ ИГІЛІГІ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауылдардың әлеуетін арттыру, қала мен ауыл арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайту сияқты өзекті мәселелерге де кеңінен тоқталды. Бұл бағытта «Қатысу бюджетінің» ықпалы зор екенін қадап айтты да. «Халық қатысатын бюджет» орталыққа бағынатын қалалар мен облыс орталықтарына табысты енгізілді. Азаматтардың нақты сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл – жақсы тәжірибе. Енді абаттандыру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесті 10 есе арттыру керек», деді Мемлекет басшысы.
Жалпы бұл үрдіс 2020 жылдан бері ауылдарда да табысты қолданылып келеді. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы тұрғындар ауылда қордаланған мәселелерді шешіп, өздері қалаған әлеуметтік нысандарды ашуға қол жеткізіп жатыр. Бұл бағдарламада ауылдарды абаттандыру, сәулеттендіру мәселелеріне басымдық берілген.
– Селолық округ бойынша елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.
Селодағы 40 үй әктеліп, күл-қоқыстары арнаулы қатты қалдықтар төгетін полигонға шығарылды. Күл-қоқысты шығаруға 1 жүк тиегіш және «КамАЗ» автокөлігі бөлінді. Ауыл бойынша 4,5 гектар жер тазартылып, қураған ағаштар кесіліп, 300 тонна күл-қоқыс шығарылды. 20 түп ағаш отырғызылып, мекемелер маңына 6 гүлзар жасалды. Арнайы кестеге сай «тазалық бейсенбілігі» мен сенбіліктер тұрақты өткізілді, – дейді Марғұлан Сабырұлы әңгіме арнасын ауылдың келбетіне қарай бұрып.
Көшені жарықтандыру, халықты токпен қамтамасыз етуде де айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Аудандық бюджеттен бөлінген 3 млн. 200 мың теңгеге 56 жарық шамы светодиотный шамға ауыстырылған. Бүгінгі күні ол шамдар 100 пайыз жанып тұр. Көшеге жарық тұрақты берілуде.
– «Қатысу бюджеті» арқылы да ауылдың сәулетіне сән беретін шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, 1 млн. 450 мың теңгеге 32 түп қарағай ағашы отырғызылды. Сондай-ақ, 1 млн. 440 мың теңгеге ауыл іргесіндегі «Тақбала» тоғанының маңы абаттандырылды. Ол жерге 5 түп аққайың, 5 түп сұр терек ағаштары отырғызылды, шағын демалыс орны, ас дайындауға арналған орын, әткеншек орнатылды.
«Қатысу бюджеті» бойынша жұмыс өткен жылы басталған еді. Онда ауыл тұрғындарының ұйғарымымен ауылдағы балалар ойын алаңы маңына көшелер тренажерлары орнатылды. Бұл жұмысқа 800 мың теңге қаралған еді, – дейді Марғұлан Әлмағанбетов.
ТҮЙІН
Әрине, шағын ауылда біраз жұмыстардың атқарылғаны аңғарылады. Бәрі жақсы. Бірақ тұрғындардың да айтар назы бар екен. Оны да округ әкімі бүкпесіз жеткізді. Бәрінен бұрын Beeline ұялы байланыс желісінің нашарлығы өз алдына бір төбе. Жан-жақтағы ағайын-туыс, бала-шағамен «жылдам хабар алғызбай» тұр. Десе де ауыл әкімі әңгіме арасында ауыл тұрғындары заманауи тұрғыда байланыс құралдарымен қамтамасыз етілгенін де айтып өтті. 40 үйге және мектеп пен әкімшілікке, клуб үйі, кітапханаға 3G стандартты «WI-FI» желісі орнатылыпты. Бұл, әзірге ауылдықтардың талабын толық қанағаттандыра алмай тұр.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында жергілікті жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға байланысты талайдан бері қордаланған мәселелер бар екенін айта келіп: «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында орталықты өңірлермен жалғайтын біртұтас көлік желісі қалыптасуда. Стратегиялық маңызы зор инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Әкімдер мен Үкімет әрбір өңір үшін дәл осындай Инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қолға алуы керек», деп қадап айтты. Бұл тұрғыда біздің округте де қордаланған мәселе бар. Ауылдың 32 шақырым жолы елді әбден діңкелетті. Осы жол жөнделіп, ел игілігіне берілсе деп отыр егінділіктер, – деді Марғұлан Әлмағанбетов әңгімесін түйіндей келіп.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ