Еңсесі Ұлытаудай биік ғалым

Алғабас, Ұлытау мектептерінің түлегі Жапбасов Рахимбек — биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының академигі — 80 жаста!

Рахимбек Жапбасұлы 1942 жылы 19 маусымда Бетбұлақ ауылында туды. Алғабастың жетіжылдық мектебін бітіріп, 8-10 класстарды Ұлытаудың интернатында жатып, 1959 жылы бітірді. Сол уақыттағы ауыл балалары сияқты оқудан бос уақыттарында және1959-1961 жылдары комсомолдық жолдамамен Сарыкеңгір совхозының ауыл шаруашылығында әртүрлі жұмыстар істеді. 1961 жылы Сарыкеңгір совхозының жолдамасымен Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға түсті. Институтта оқып жүргенде 4-курстан Совет Армиясы қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста Отандық борышын өтеді. Қайтып келгеннен кейін институттағы оқуын жалғастырып, 1968 жылы аталған институтты бітіріп шықты. Институтты қызыл дипломмен (үздік оқығаны үшін) бітірген маманды «Жас мамандарды жұмысқа бөлетін комиссияның» шешімі арқылы Қазақстан ғылым академиясының «Эксперименттік биология институтына» аспирантураға оқуға жіберілді. 1968-1995 жылдар аралығында аталған институтта аға лаборант, аспирант, кіші ғылым қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып, биология ғылымдары, оның ішінде генетика және цитология салаларында ғылыми-зерттеулер жүргізді.

Рахымбек Жапбасұлы1977 жылы ССРО Ғылым Академиясы «Жалпы генетика институтында» (Мәскеу, Ресей) биология ғылымдарының кандидатты, ал 1995 жылы Өзбекстан Ғылым Академиясы «Жалпы генетика институтында» (Ташкент, Өзбекстан) және 1995 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Аттестациялық комиссиясында биология ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады. Кандидаттық және докторлық диссертациялардың ғылыми кеңесшілері ретінде биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұхамедгалиев Фазыл Мұхамедгалиевич, биология ғылымдарының докторы, профессор Бигалиев Айткожа Бигалиевич және биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Мурзамадиев Атжомарт Мурзамадиевич болды.

Рахымбек Жапбасұлы1995 жылы Қазақстанда алғаш рет құрылған «Жалпы генетика және цитологияинститутына» (Алматы, Қазақстан) Қазақстан Ғылым Академиясының шешімімен жіберіліп, аталған институтта 2021 жылға дейін бас ғылыми қызметкер ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл кезеңдердегі Рахимбек Жапбасұлы әртүрлі климаттық және экологиялық қолайсыз аймақтарда өсірілетін ауыл шаруашылығы малдары мен табиғи жағдайда мекендейтін жабайы сүтқоректілердің клеткаларындағы цитогенетикалық тұрақсыздық мөлшерлері мен мутагенез мәселелері, радиациялық биология мен қоршаған ортадағы әртүрлі зиянды заттардың жануарлардың (ауыл шаруашылық малдары және басқа да сүтқоректілер) тұқым қуалаушылық қасиеттеріне (хромосомаларына) әсерлері, ауыл шаруашылығы малдарының терратологиясы (қозылардың тумыстан болған әртүрлі кемістіктерін цитогенетикалық, морфологиялық, паталого-анатомиялық зерттеулер) бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ол алғаш рет Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар ТМД елдерінде қойлардағы туа біткен аномалиялардың тератологиялық және цитогенетикалық аспектілерін зерттеді. Цитогенетикалық әдістерді Қазақстанның әртүрлі табиғи және экологиялық аймақтарында өсірілетін ауыл шаруашылығы малдары геномын зерттеуге пайдаланып, алынған ғылыми нәтижелердіолардың өнімділігі мен көбею қасиеттеріне сипаттама беруге пайдаланды.

Рахымбек Жапбасұлы Қазақстан ғалымдарының ішінде бірінші болып жануарлар организміндегі генетикалық бұзылулардың динамикасын, сондай-ақ жануарларға қоршаған ортаның зиянды әсерлерінің генетикалық зардаптары мәселелерін жан-жақты зерттеп, ауыл шаруашылығы малдарын генетикалық және цитогенетикалық зерттеудің практикалық маңызы зор екенін көрсетіп, осы биология ғылымдары салаларының Қазақстан Республикасындағы дамуына үлкен үлес қосты.Оның тікелей қатысуымен Қазақстанның экологиялық қолайсыз аймақтарынан, атап айтқанда, бұрынғы Семей атомдық сынақ полигонына жақын аудандардан адам мен үй жануарларының биологиялық қан үлгілерінің Институттағы жинағын толықтыру үшін үлкен ғылыми материалдар жиналды.

Рахымбек Жапбасұлының ғылыми-зерттеулер жүргізген аймақтары:

  1. Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық аудандарында(Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Шымкент, Жамбыл, Жезқазған өңірлері) және экологиялық тұрғыдан ластанған аймақтарында өсірілетін ауыл шаруашылығы малдарының (қой, сиыр, жылқы) клеткаларындағы геномдық мутациялар мен хромосомалық аберрациялар деңгейінің мөлшерлерін зерттеді.
  2. Семейдің бұрынғы ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін Қазақстан ғалымдарының полигонға шақыртылған алғашқы тобында болып, полигондағыядролық сынақ жарылыстарының салдарынан пайда болған радиацияның қоршаған орта мен ауыл шаруашылығы малдары және табиғи ортада өсіп-өнетін жануарларыға тигізетін генетикалық зиянды әсерлерін анықтады. Шет елдердің (Франция, Бельгия, Россия) және Қазақстан Республикасы Ұлттық Ядролық Орталығы «Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының» ғалымдарымен бірлесіп, Семейдің бұрынғы ядролық сынақ полигонының қоршаған ортаға зиянды әрекеттерін 19 жыл зерттеді. Осы зерттеулер нәтижелері негізінде 2008 жылы Токио университетінде (Жапония) студенттер мен ғылыми қызметкерлерге дәріс оқыды.
  3. Қазақстанның уран өндіретін және өңдейтін аймақтарындағы радиацияның ауыл шаруашылығы малдары мен табиғи ортада өсіп-өнетін жануарларға генетикалық тұрғыдан зиянды әсерлері болатынын анықтады.
  4. Байқоңыр полигонынан ракеталар ұшқан кезде, немесе төтенше жағдайдың салдарынан ракеталар ұшу кезінде жарылудың әсерлерінен пайда болатын олардың отыны — гептилдің (1.1- диметил-гидрозиннің) ауыл шаруашылығы малдарына тигізетін зиянды әсерлерінегенетикалық мониторинг жасау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
  5. Іле-Балқаш өзен-көл аймақтарындағы сулардың әртүрлі химиялық заттармен ластануының ауыл шаруашылығы малдарына тигізетін генетикалық зиянды әсерлерінің мөлшеріне толық сипаттама берді. 6. Батыс Қазақстан облысы мұнай өндіретін аймақтарындағы қоршаған ортаның мұнаймен ластануының ауыл шаруашылығы малдарына тигізетін генетикалық әсерлерін түбегейлізерттеді.
  6. Алматы облысындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын жерлердегі ескі қоймаларда сақталған, дер кезінде жойылмаған және қазіргі уақытта пайдалануға тиым салынған пестицидтердің үйде өсірілетін малдарға тигізетін генетикалық және генотоксикалық зиянды әсерлері бар екенін зерттеулер арқылы толығымен дәлелдеді.

Рахымбек Жапбасұлының осы аталған бағыттардағы зерттулерінің нәтижелері Қазақстан ғылымдарының экологиялық генетика, радиациялық биология салаларында жүргізілген елеулі жұмыстарының бірі деп атап өтуге болады.

Осындай маңызды зерттеулердің нәтижелері 177 ғылыми мақалалар мен тезистерде, 6 ғылыми-әдістемелік нұсқаулықтарда, 3 жеке ғылыми монографияларда, 3 ұжымдық ғылыми монографияларда және 1 авторлық куәлікте жарияланды. Ғылыми еңбектер Қазақстандағы ғылыми басылымдардан бөлек шет елдердің ғылыми журналдарында да жарияланды (АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия, Швеция, Түркия, Сингапур, Монголия, Ресей, Қырғызстан). Зерттеу нәтижесінде алынған ғылыми мәліметтер биология ғылымдары, оның ішінде генетика, цитология, цитогенетика,радиациялық биология, морфология, паталогялық-анатомия, тератология салаларына арналған және қой шаруашылығының селекциялық жұмыстарын жетілдіруге бағытталған.

Рахымбек Жапбасұлының ғылымдағы 53 жылдық сара жолы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының екі ғылыми-зерттеу институтымен – академик Ф.М.Мұхамедғалиев атындағы Эксперименттік биология институтымен (26 жыл) және ҚР БҒМ ҒК Жалпы генетика және цитология институтымен (27 жыл) байланысты болды. Сонымен қатар олғылыми-зерттеу жұмыстарын Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының «Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының», Астана қаласы Медицина академиясының, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ботаника институтының», Шымкент қаласындағы «Қаракөл зерттеу институтының» және Республиканың басқа да ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындары ғалымдарымен бірлесіп жүргізді.

Қазақстан Республикасы үшін маңызды осындай ауқымды генетикалық-экологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарынжүргізумен қатар, Рахымбек Жапбасұлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндежәне Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндепрофессор дәрежесінде биология ғылымдары саласы бойынша жас мамандарды 2022 жылға дейін дайындады. Қазақстанның алдыңғы қатардағы осы екі университетін  Рахымбек Жапбасұлының ғылыми жетекшілігімен бітірген биология мамандары (бакалаврлар мен магистранттар) және докторантураны бітірген биология, ауыл шаруашылығы ғылымдары салаларының мамандары (ғылым кандидаттары мен PhD) Қазақстанның әртүрлі аймақтарында білім мен ғылым салаларында жемісті еңбек етуде.

Университеттердегі оқытушылық қызметтермен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік аттестация комиссиясының төрағасы болып бекітіліп, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде (2006-2007 жылдары),әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде (2012- 2014; 2016-2017; 2019-2021 жылдары) және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінде (2017-2018 жылдары) 11 жыл бойы бітіруші бакалаврлар мен магистранттардың білім дәрежесін тексерді.

Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде диссертация қорғайтын ғылыми кеңестің мүшесі ретінде «Генетика», «Цитология» және «Биохимия» мамандықтары бойынша ғылым кандидаттары мен докторларының диссертациялық жұмыстарына 7 жыл бойына сараптама жасады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы аттестациялық комиссиясының мүшесі ретінде Қазақстандағы ғылыми-зерттеу институттарында, жоғарғы оқу орындары мен университеттерінде қорғалған кандидаттық және докторлық диссертацияларға сараптама жасап, елімізде биология ғылымдарының дамуына өз үлесін қосты. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының биология бөлімінде және Білім және ғылым министрлігі сараптама департаментінің биология ғылымдары саласындағы ғылыми жобаларына сараптама жасап, осы ғылым саласының тиімділігін арттыруға өз үлесін қосты.

Биология ғылымдарының Қазақстанда дамуына қосқан үлесі, халықаралық, Республикалық, аймақтық биологиялық ғылыми жобаларды іске асырудағы жетістіктері, биологиялық зерттеулердің әдістемелік нұсқауларын өндіріске қолданғы, ғылыми кадрлар мен мамандар дайындаудағы жетістіктері үшін бірнеше медальдармен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» арнайы құрмет белгісі арқылы марапатқа ие болды. Өмірде алдына қойған мақсаттарын орындап, арман асуларына көтерілген адам – бақытты адам!

Н.Ж.Қадырова,

ҚР Ұлттық ядролық орталығы Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының бұрынғы Ғалым-хатшысы, Медицина ғылымдарының кандидаты, профессор.

Л.Б. Жансүгірова,

ҚР БҒМ ҒК Генетика және физиология институтының бас ғылыми қызметкері, Биология ғылымдарының кандидаты, профессор.