ЕҢСЕЛІ ҚАҚПА АЙЫРТАУ АЖАРЫН АША ТҮСТІ

Елді жағымды жаңалықтарымен елең еткізуді дәстүрге айналдырған ұлт ұясы – Ұлытаудың өнегесі кейінгі уақытта елді мекендерде де қанатын кеңінен жая бастағаны байқалады.

Жақында республикалық дәрежедегі күрежолдың бойында орналасқан Айыртау елді мекеніне бұрылар жолға қақпаның орнатылуы – осы тұжырымның дәйекті дәлелінің бірі. Енді Айыртауға қарай ат басын бұрған меймандар мен ауылдан қалаға аттанған жолаушыларды кіреберіс қақпа «қарсы алып», «шығарып салып» тұратын болады. Жаңа нысанның ашылуына Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат Әбжаппаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов, еңбек ардагерлері Қиятай Сәрсенов, Қуаныш Бекілдеков, Сәрсен Бектемісов, Мұқаш Нысанбаев, Ақбатыр Қалиев, Әбжаппар Сатыбалдин, БАҚ өкілдері және Айыртау тұрғындары қатысты. Нысанның ашылу рәсімі арнайы тігілген ақ боз үйде ұйымдастырылып, киіз үй ішінде қонақасы берілді. Дастарқан басында Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат Әбжаппаров жүрекжарды лебізін білдіріп, айыртаулықтарды жаңа нысанның іске қосылу қуанышымен құттықтады. Бұдан кейін аға буын өкілдері Айыртауда ілкімді істердің іске асырылғанын тілге тиек етіп, ұтымдылыққа ұйытқы бола білген Айыртау жастарына алғыстарын білдірді. Көпшіліктің риза болатын реті де бар. Өйткені, бұл қақпаны өз бастамаларымен жеке қаражаттарына орнатушылар айыртаулықтардың өздері.
Қақпаны орнатуға қолдау көрсеткен қазіргі Айыртаудың басында тұратын тұрғындар ғана емес, ертеректе Айыртауда тұрып басқа аймаққа қоныс аударған жерлестері де атсалысты. Бұл жомарт пейілді азаматтардың туған жерге деген іңкәрлігінің айғағы. Қақпаның биіктігі – 8 метр, жалпы ені – 14 метрді құрайды, іргетасы мығым. Нысанның негізгі құрылғысы темір конструкциямен құрастырылған. Қақпаның кіреберіс маңдайшасында «Айыртау» деген сөз жазылған. Нысанның жоғары жағына жарық беру құрылғылары орнатылған. Ымырт үйірілгеннен кейін шамдардан жарық түскен кезде қақпаның көрінісі күндізгіден де тартымды болып тұрады екен. Қазірдің өзінде алыстан «менмұндалайтын» «Айыртау» қақпасы елді мекенге барар жолдың ажарын ашып, келбетін келісті түрге енгізіп отыр. Әсіресе, жаңа нысанның құрылысын айыртаулықтардың өз қаражаты есебінен салып шыққаны көңіл қуантады. Жаңа істің жаршысы болған Айыртау жастарына өңірдің абыз ақсақалы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Бекілдеков ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.