Еңбекпен өрілген өмір

«Жақсының жақсылығын айт мерейі өссін» дейді дана халқымыз. Иə, біздің арамызда еңбегімен ержеткен, еліне еңбегі сіңген, бүгінде қазыналы қарттықтың қасиетті кемесіне мінген, елдің елеулі азаматы болған Елеусіз ТӨЛЕУБЕКОВ сияқты ардақты ел ағасы бар.

Ел аға, Ұлт ұясы – Ұлытауда 1947 жылы 24 ақпанда Нағызхан деген жерде Əлдихақ жайлауында дүниеге келген. Оның аяулы анасы Айшолпан «Лениншіл» ұжымшарында еңбек ете жүріп, соғыстан кейінгі тапшылық табан тіреген ауыр кезеңде Елеусізге таршылық тауқыметін тартқызбай, жетектеп жүріп жеткізген.

— Анам колхозда ауыр жұмыстарда жүргенде, қарындасым Айтжан екеуіміз нағашы атамыз Жанұзақтың үйінде болдық» — деп балалық шағын еске алады Елекең. Анасы Айшолпан елге белгілі ақылды, қиындықтан қашпайтын жігерлі, қазақтың ұлттық қасиетін бойына сіңірген мейірімді адам екен.

Ол кезде Ұлытау өңірінде қазақ колхоздар көп болған. «Лениншіл» колхозының орталығы Жезді кентінің қасындағы «Қарабұлақ» деген жерде болыпты. Онда бастауыш мектеп жұмыс істеген. Оның мұғалімі Ғайнура Ерішева деген өте сауатты, білімі терең, мейірімді кісі болған. Осы бастауыш мектепте бірінші сыныптан үшінші сыныпқа дейін оқиды. Осы кезде ұсақ колхоздар Ұлытауға қосылады. Сөйтіп Ұлытау кеншары құрылады. Елеусіз үшінші сыныптан бастап №1 Ұлытау орта мектебінде оқып, 1966 жылы осы мектептен 11-сыныпты бітіріп шығады. Сол жылы бұл мектепті 28 оқушы тəмамдап шыққан екен.

– Ол кезде орта білім туралы аттестатпен бірге малшы-механизатор деген куəлік беріп кеншарға жұмысқа жіберетін. Өмірдің ағысымен əрқайсымыз əр салаға кеттік. Мен Ұлытау кеншарында механизатор болып, еңбек жолымды бастадым. Кеншардың жазғы науқандық жұмыстарында шөп шабу, оны қыстақ басына тасу жұмыстарына белсене араласып кеттім — деп Елекең өткен өмірін еске алады.

Елеусіз 1970 жылы Жезқазған қаласындағы автобазада слесарь болып жұмыс істеп жүріп, шоферлық курс оқиды. Кейін Ұлытауда шофер болып жұмыс істейді. Өзінің еңбекқорлығымен, іске ұқыптылығымен, іскерлігімен, көпшіліктің көзіне түсіп, алғыс алып, абыройға бөленеді. Көпшілікке талантымен танылған Елеусіз Төлеубековті кеңшар басшылары Мичуринге оқуға жібереді. Елеусіз бұл оқу орнын 1979 жылы бітіріп, Ұлытау кеншарында инженер, кейін бас инженер болып мамандығы бойынша жұмыс істейді. Ол 1987 жылы Ұлытау кеншарынын механикаландырған №3 сүт фермасына басқарушы болып ауысады. Мұнда бір жылдай еңбек етіп, кеңшардың экономикалық дамуына өзінің лайықты үлесін қосады. Кеншар басшылары іскер азаматты қайтадан кеншардың бас инженері етіп тағайындайды. Бұл қызметте үш жылдай жемісті еңбек етеді. 1991 жылы аудандық көпсалалы мекеменің директоры болып алты жыл ауқымды қызмет атқарады. 1997 жылдан 2001 жылға дейін «Жомарт» Акционерлік қоғамының призиденті болған.

Е.Төлеубеков егемен ел, Тəуелсіз мемлекетіміздің жекешелендіру саясатын қолдап 2002 жылдан 2012 жылға дейін кəсіпкерлікпен шұғылданған. Елді еңбегімен сүйсіндірген халықтың адал ұлы 2010 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан екен.

1972 жылы Елеусіз Майра Мұхамбетоваға үйленіп, міне 44 жыл қосағымен қоса ағарып келеді. Бұл кез келген азаматтың басына келе бермейтін бақыт. Елекең мен Майра бес бала тəрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отырған ардақты əке, абзал əже.

Біз берекелі де, ордалы отбасына өмірдегі барлық жақсылықты тілейміз. Елеусіз бен Майра ұрпақтарының қызық-қуанышын көріп, шаңырақтарынан шаттық шалқысын.

 Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Ұлытау ауданының құрметті азаматы.