Еңбекпен есейген ер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Мұндағы мақсат – еңбек адамына лайықты құрмет көрсету. Осы мақсатта сөз етіп отырған кейіпкеріміз аудан жұртшылығына есімі таныс еңбек майталманы. Ұлытау ауданы, Байқоңыр ауылының тұрғыны Нұрлан Молдабергенов. Ол бақытын еңбектен тапқан жан. Табыс кілті – еңбекте екендігін ерте ұғынғандығынан болар, 21 жасында көлік тізгіндеп, бүгінде жасы 62-ге келсе де, өмірінің қырық жылдан астамын жол үстінде өткізген дала перзенті.
Нұрлан Шабатұлы – техника тілін бес саусақтай білетін көлік жүргізушісі. Өзінің жекеменшік «КаМАЗ» көлігі бар. Ауылдың тынымсыз тірлігіне ерте төселген ол, әрдайым ауылдастарына «КаМАЗ» көлігімен қолғабысын тигізіп жүргені. Тіпті ертеректе Кеңес Одағы тараған тұста, ауыл халқына қажетті заттарды сыртқары жерлерден тасымалдайтын.
Ал, бүгінгі күні осы көлігімен өз нәпақасын тауып жүрген ауыл азаматы. Қазір, қысқа қамданыс жасау үстінде. Енді жақын күндері маусымдық жұмыстарға кіріспекші. Жаз басталсымен қыс түскенше ауылдықтардың тапсырмасын орындап, ел алғысына бөленіп жүргені. Қашан көрсең де, жерлестеріне қолұшын беруден аянып қалған емес. Байқоңырдағы Қияқтыдан аз қамтылған отбасыларға көмір тасып беруде – оның мойнында. Нұрланның әр жасаған жұмысы – елдің қамы. Өйткені, ол жүк көлігімен алыс сапарларға шығуға әбден төселген азамат.
– Мен ауылда өстім. Осында ержеттім. Әркімнің өз ауылы – алтын бесік қой. Ертеректе ауылдың болашағына сенбей, халықтың қалаға жапа-тармағай көше бастағанын жақсы білесіздер. Бірақ, мен өз ауылымды тастап кетпедім. Ауылымның тыныс-тіршілігі өзіме жақсы таныс. Қазір жағдайым жаман емес, құдайға шүкір! Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан. Байқоңырдан қыр асып, басқа жердің ауасымен тыныстап, басқа жерде еңбек ету – ешуақытта ойымда болған емес. Өз ауылым – менің мақтанышым, – дейді еңбегінің жемісін көріп жүрген Нұрлан Шабатұлы.
Ауыл баласының алаңсыз балалық шағы – осы Байқоңырда өткен. Бозбала кезінде Отан алдындағы борышын Свердловск қаласында өтеді. Әкесі Шабат Молдабергенов – Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Нұрлан бала жасынан әкесіне қолқанат бола жүріп, еңбекке ерте араласты. Анасы – Күлзағира өнегелі кісі еді. Балаларын өмірдің ыстығына да, суығына да төзе білуге үйретті. Ата-анасынан өнегелі тәрбие алған Нұрлан қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Әр кезеңде атқарған еңбегі лайықты бағаланып, аудан, облыс тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. Аудандық мәслихатқа депутат болып та сайланды. Қазіргі оның шыққан биігі, қол жеткізген жетістігі – ата-анасының алтынға бергісіз асыл тәрбиесінің жемісі.
Бүгін ол айрандай ұйыған отбасының қамқоршысы, жары Замираның қорғаны. Үш қыз тәрбиелеп өсірген – ардақты әке. Қысқаша қайырғанда, Нұрлан Шабатұлының еңбек жолындағы адалдығы, кәсібіне деген жауапкершілігі, еңбек етуге деген құлшынысы, еңбекқорлығы өскелең ұрпаққа үлкен өнеге.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.