Еңбек адамы — қоғам тірегі

Еңбек – адам өмірінің мәні мен мазмұны. Еңбек арқылы адам дамиды, шыңдалады, өз орнын табады. Ал еңбек адамдары – қоғамның шынайы тірегі, ел дамуының негізі.

Қарапайым еңбек иелері – олар құрылысшы, диқан, мұғалім, дәрігер, жүргізуші сияқты күнделікті өмірімізде маңызы зор мамандықтарды атқаратын жандар. Олар өз маңдай терімен жұмыс істеп, адал еңбегімен қоғамға қызмет етеді. Мәселен, диқан жер жыртып, дән егіп, елдің азығын өсіреді. Мұғалім балаларға білім беріп, келешек ұрпақты тәрбиелейді. Бұл – нағыз еңбекке деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің көрінісі.

Еңбексүйгіштік – ата-бабамыздан қалған асыл қасиет. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп халқымыз бекер айтпаған. Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Еңбек адамын сыйлау, құрметтеу – әрбір азаматтың борышы. Себебі елдің өркендеуі де, болашағы да солардың қолында.

Мен еңбек адамдарына әрдайым құрметпен қараймын. Олар – өз ісіне берілген, адал, табанды жандар. Болашақта мен де өз саламда еліме пайдасын тигізетін, еңбекқор азамат болғым келеді.

Назар АЙТЖАН,
белсенді жас.