Еңбек адамы – ел тірегі, еңбек қауіпсіздігі – басты міндет

Қазақта «Еңбек етсең – ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсіл бар. Еңбектің қадірін біліп, тіршілігін тер төгіп тауып жүрген еңбек адамдары – ел экономикасының күретамыры. Алайда, бұл қадірлі қауымның қауіпсіздігі мен денсаулығы қаншалықты қорғалуда? Еңбек қауіпсіздігі мәселесі ел назарында бар ма? Бұл сұрақтар ауылдан бастап, өндірістің төріне дейін маңызды.

Еңбек адамы – елдің басты құндылығы. Сондықтан олардың еңбек етуіне қауіпсіз жағдай жасау – мемлекет, жұмыс беруші және қоғамдық ұйымдардың ортақ міндеті. Бұл – заңмен бекітілген, бірақ тәжірибеде кейде назардан тыс қалып жататыны шындық. Өндіріс орындарында бұл талаптар салыстырмалы түрде жүйелі іске асырылса, ауыл шаруашылығында жағдай мүшкіл.
Мысалы, өндірісте жұмыскер күн сайын атқаратын ісіне сәйкес арнайы журналдарға қол қойып, қауіпсіздік талаптарымен танысып барып іске кіріседі. Ал ауыл шаруашылығында бұл үрдіс жолға қойылмаған. Себебі ауылдағы жұмыс түрі әртүрлі, әрі күнделікті өзгеріп отырады. Ауыл еңбеккерлерінің қауіпсіздігіне қатысты көзге көріне бермейтін, бірақ зардабы ауыр жағдайлар жиі кездеседі. Бұл жерде жұмысшылардың кәсіби даярлығы, еңбек шарттарының заңдастырылуы, техникамен жұмыс істеуге рұқсат құжаттарының болмауы сияқты мәселелер өзекті. Тіпті қарапайым жұмыс: малды таңбалау, егу, емдеу – өте қауіпті әрі арнайы қорғаныс
құралдарынсыз атқарылып жатады. Арнайы «раскол» құралдары малды фиксациялауға арналғанымен, оны шаруалар көбінесе қолдан жасап, өз қауіпсіздігін қатерге тігеді. Облыстағы фермерлердің тек 5-6 пайызы ғана бұл құрылғымен жабдықталған. Бұл – аса алаңдатарлық көрсеткіш.
Еңбектегі жазатайым оқиғалардың басым бөлігі тіркелмейді. Салдарынан мәселе шешілмей, түйін тереңдей береді. Қауіпсіздікті сақтайтын құрылғылардың жетіспеушілігі, арнайы киім мен техника құралдарының тапшылығы жағдайды ушықтырып отыр.
Ауылдағы еңбекке тартылған адамдардың көбінің мамандығы сәйкес келмейді. Жұмыс беруші мен жұмыскер арасында еңбек шартының болмауы да – маңызды заңбұзушылық. Мысалы, трактор айдайтын адамда жүргізуші куәлігі, жылқы бағушыда қажетті машық болмаса – бұл өзінен-өзі қауіпті.

Ауыл шаруашылығындағы еңбекті қауіпсіздендіру – тек фермердің мойнында қалмауы тиіс. Қаржылық мүмкіндіктері шектеулі фермерлерге мемлекет тарапынан нақты қолдау керек. Мәселен, 30-дан аса ірі қарасы немесе жылқысы бар шаруаларға
арнайы «раскол» құралын сатып алуға мемлекеттен көмек беру ұсынылып отыр. Бұл ұсыныс Республикалық салалық кәсіптік
одаққа жолданды.
Сондай-ақ облыстағы 5-6 еңбек инспекторы бүкіл өңірдің жұмысын қамтуға қауқарсыз. Облыс орталығында төтенше жағдайлар мен өндірістік бақылау арасында жүгірген инспекторлардың ауылға терең үңілуге уақыты жетпейді. Сол себепті әр аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жеке еңбек инспекторы болғаны жөн. Бұл – ауылдағы қауіпсіздік мәдениетін жүйелеудің бір жолы.
Кейде жұмыс қауіпсіздігін әзілге айналдырып, елемей кететініміз де рас. Мысалы, ертеректе бір есепші трактористке «К-700-ді қалай аударып алғаныңды айтшы» деп әзілдегенде, тракторист: «Сен де қарындаштан тайып жығылып, қолыңды сындырғаныңды айтшы» деген. Әзіл астарында шындық жатқаны анық – әр салада қауіп бар, оны алдын алу – адам өмірін қорғау деген сөз.
Қорытындылай келе, ауыл еңбеккерлерінің еңбегіне лайықты құрмет – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен өлшенеді. Жұмыс беруші де, мемлекет те, қоғамдық ұйымдар да бұл мәселеден шет қалмауы керек. Ауылдағы еңбек адамы – еліміздің тынысы, тірегі. Сондықтан олардың денсаулығы мен өміріне жауапкершілікпен қарау – баршамыздың азаматтық борышымыз.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,
«Ауыл шаруашылығы
қызметкерлерінің салалық
кәсіптік одағы» ҚБ-нің Ұлытау
облысы бойынша өкілі.