Еңбегімен танылған
Әке жолын жалғастырып, еңбегімен еліне сыйлы болып жүрген, қажет кезінде замандастарына көмек қолын созатын мәрт азаматтар Ұлытау ауданында да баршылық. Солардың бірі-көлік жүргізуші Еламан Нұраш.

Ол Ұлытаудың тумасы. 2009 жылы №1 Ұлытау тірек мектебін тәмамдаған. 2010-2013 жылдары Жезқазған қаласындағы Бизнес-көлік және транспорт колледжінде оқып білім алған. Алғашқы еңбек жолын Астана, Жезқазған қалаларындағы ірі кәсіпорындардан бастаған. 2018-2020 жылдары аталған қалаларда слесарь-механик болып еңбек етті. 2021 жылы кіндік қаны тамған туған өлкесі – Ұлытау ауылына қайта оралып, аудандық ветеринариялық станциясына көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасты. Содан бері, ветстанцияда көлік жүргізушісі болып еңбек етіп келеді. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол жігіт аталған мекеме тарапынан берілген тапсырмалардыуақытылы орындап келеді. Кей кездерде алыс елді мекендерге қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізіп, мал дәрігерлерін тасымалдайтын жақтары да бар. Мұндай жұмыстарды Еламан өте ұқыпты атқаруға тырысады. Жас болса да ісіне мығым жігітке басшылық тарапы да үлкен сенім артады. Әсіресе, қыс айларында ветстанция қызметкерлері шалғай ауылдарға іс-сапармен баратын болса, Еламанның көлігімен баруды ұйғарады. Оның көлігі әркез алыс жолға жарамды болады. Өйткені, Еламан жеңіл көліктің қай жерінде ақауы бар екенін моторының дауысынан аңғара білетін техника маманы. Оның мұндай қабілетін ел-жұрты да, қатарластары да жақсы біледі.
Шын мәнінде, Еламан техника тілін бес саусақтай білетін кәнігі маман. Кей кездерде ауыл азаматтарына да қолғабысын тигізіп, жөндеуі қиын техникаларын жөндеп беріп жүргені. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Еламанның әкесі Сейсенбек аймаққа танымал көлік жүргізуші. Кеңес дәуірі кезіндегі озат автокөлік жүргізушілерінің бірі. Әке тәрбиесінен тәлім алған Еламан бүгінгі таңда көпке танылған көлік жүргізуші болып отырғаны да сондықтан. Қай уақытта болса да, оның автокөлігі жолға сақадай-сай тұратыны мекеме қызметкерлерінде қуантады.
Бүгінгі күні Еламан Сейсенбекұлы өз ортасында еңбегімен құрметке бөленген жан. Өмірлік жары Арайлым екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жақсы отбасылардың санатынан. Еңбекте де, отбасында да үлгілі болған еңбек адамы Еламанның еңбегін, шарапатты ісін жұртшылыққа таныстырудың өзі ләзім. «Табыс кілті-еңбекте» демекші, Еламан Нұраш арман қуып, үлкен қалаларға кетпей, өз туған жерінің күйбең тірлігіне араласып, ауылда қалуы-патриоттылықтың белгісі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ
