«Домбырамнан бір қоңыр күй табамын…»
Қайрат КЕНЖЕКҰЛЫ – қаламы қарымды журналист қана емес, поэзия əлемінде де өз орны бар, ойы орамды, тілі шұрайлы ақын да. Оның қаламынан туған жырлары өз оқырмандарын тауып келеді. Бүгін біз Қайрат ақынның қаламынан туған бірнеше өлеңді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Сағыныш
Іздеймін əке, сені сағынамын,
(Қызғанды ма біздерден тəңір бағын)
Жүргендейсіз сіз əлі ортамызда,
Жалғастырып ошақтың қоңыр əнін.
Тағдыр бірақ қоймайды сенбесіңе,
Көз жеткізді айналып келмесіңе.
Орнында бар – оңалар дегендей-ақ
Біз де ілесіп келеміз ел көшіне.
Жоқтығыңа əке, рас, қиналамын,
Салмақ түсті бүгінде миға қалың.
Əке, сені бейуақытта еске алсам,
Домбырамнан бір қоңыр күй табамын.
Немереме
Уілдейсің еш алаңсыз бөбегім,
Ақ жүзіңнен шаттығымды көремін
Қажет болса айналайын бөбегім,
Аспандағы айды да алып беремін.
Бесігіңде күн сəулесі ойнаған,
Болашағың жайлы сенің ойланам.
Ата-əжең сен келгелі өмірге
Қылығыңды қызықтауға тоймаған.
Мерейленіп қайта-қайта өбемін,
Көңілімді қуанышқа бөледің.
Бейбітшілік болсын мəңгі өмірде,
Сен өсе бер, бақытты боп бөбегім.
Ұлытауым
Ұлытауым қасиетті мекенім
Басқа таудан асқақтаған беделің,
Алатауым, Қаратауым болса да,
Сол таулардың киелісі сен едің.
Ұлытауым көп қой бізге өнегең.
Тарихыңның əр сырына бөленем.
Асанқайғы бабамыз да таңқалып,
Ұлытауды жер ұйыққа теңеген.
Ұлытауым əйгілі едің ғаламға,
Оған куə мына байтақ далам да
Ұлытаудың ұлығын танытқан,
Ұлы абызым – Кетбұғадай бабам да.
Тоқтамыстың бара жатып еліне
Кідірген ед Алтыншоқыға Темірде
Ескерткіш белгісін қалдырыпты,
Ұлытаудың қасиетті жеріне.
Тарихтың тұнығына кенелген.
Ұлытауым айырылмаған беделден
Көктөбенің басына Əз Тəукені,
Хан сайлап ақ киізбен көтерген.
Ұлытаудың өзгеше бір сыйы бар,
Ғаламат Əулиетаудай шыңы бар.
Тәңірменен тілдесетін бетпе-бет,
Осы таудың құдіретті үні бар.
Тарихтың сыры жатыр əр тасында,
Ұлытаудың ұлылығы осында
Жер мен көктің түйісетін нүктесі,
Əулиетаудың ең ұшар басында.