«Домбыра – менің жан серігім»

Домбыра – ғасырлар куəсі. Қазақ елімен бірге жасасып келе жатқан ұлттық саз аспабы. Бабалар үнін қос ішекпен жеткізуші жəдігер. Сонау ықылым заманнан өзінің негізгі құрылысын, тұр- тұрпатын сақтап келе жатқан елдің – асыл мұрасы. Ал, «Ұлттық домбыра» күнін 2018 жылдан бері шілде айының бірінші жексенбісінде мереке ретінде атап өтуді дəстүрге айналдырдық. Бұл біздің ұлттық құндылыққа деген құрметіміздің белгісі. Себебі, бағзы замандардан қазақ мəдениетінде домбыраның орны ерекше. Осынау киелі аспапты жанына серік етіп, кемеңгер күйшілердің өнерін дəріптеп жүрген аудандық балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Жаңагүл Кенжебаймен сұхбаттасқан едік…

– Жаңагүл Ғалымқызы, домбыра тарту, бұл – өнер. Əркімнің асыл арманы болғанымен, домбыраның құлағында ойнау адамның музыкаға деген қабілетіне байланысты. Ал, Сіз домбыраны қашаннан бері жаныңызға серік еттіңіз.

– Менің домбыраға деген қызығушылығым бастауыш сыныпта оқып жүрген кезде-ақ ояна бастады. Музыкалық аспаптардың ішінде домбыраға ерекше ықыласым ауды. Музыка мектебіне қабылданғанымда домбыраны таңдадым. 2012 жылы Жезқазған қаласындағы музыкалық коллеждің домбыра сыныбына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтадым. 2016 жылдан бастап, аудандық балалар өнер мектебінде домбырашы шəкірттерді тəрбиелеудемін. Ал, ұлттық аспапқа келетін болсақ, домбыра – менің бала кезден жан серігім.

– Негізінде, домбыра қазақтың жан дүниесімен тығыз байланысты ғой. Домбырадан төгілген күйде біздің тарихымызбен, философиямыз жатыр. Өйткені, домбыра арқылы бабаның үнін естиміз. Осы тұста, домбыраның өзіндік мəнін қысқаша əңгімелеп берсеңіз…

– Домбыра – халқымыздың ұлттық музыкалық көне аспабы ғой. Домбыра əуенінен қазақтың өзіне тəн болмысы, мінез – құлқы ап-айқын көрініп тұрады. Халқымыз ертеден мұңы мен зарын, қуаныш пен қайғысын, асқақ арманын домбыра арқылы жеткізіп отырған. Ал, домбыра бұдан 5 мың жыл бұрын жасалған дейді, демек, ұлттың саз аспабын ұлықтау, бұл өте дұрыс.Беріден айтсақ, домбыраның шырқау биікке көтерілгені он тоғызыншы ғасыр. Бұл дəуірде жыршылық, күйшілік өнердің үрдіс дамуы домбыраның жетілуіне ықпал етті. Осыған байланысты домбыраның перне санын көбейтіп, шанағының жаңғырғыштығын молайту арқылы өзгерістер енгізілді. Бірақ, бастапқы үлгісі сақталып, сол үлгіде домбыра жасау дəстүрге айналды.Күйдің жақсы шығуы, домбыра əуездігіне байланысты. Əсіресе, күй орындағанда домбыраның дыбысына үлкен мəн береміз. Əркімнің өз домбырасы құрылысы жағынан өзіңе ыңғайлы болу керек. Сонда ғана көрерменге шығармаңды еркін жеткізе аласың. Ең бастысы, домбыраны сөйлете білу керек.

– Дұрыс айтасыз, домбыраны сөйлете білу, ол – өнер. Бірақ, домбыраның сапалы болғаны жөн. Көбінесе күйшілер шеберлерге тапсырыс беріп, домбыра жасатады. Ал, сіздің мына домбыраңыз арнайы шеберлердің жасаған домбырасы ма?

– Иə, бұл домбыраны елімізге белгілі шебер Жолаушы Тұрдығұловтың шəкірттері жасаған. Колледжде оқып жүрген кезімде жасатып алғанмын. Содан бері қолданыста. Күйге арналған домбыра ғой, дыбысы жақсы шығады.

– Сіз қазір ұстазсыз, өнер мектебінде домбыра сыныбының мұғалімісіз. Шəкірттеріңіздің арасында өнер биігінен көрініп жүрген жеткіншектер бар ма?

– Əрине, баршылық. Алды өнерге қадам басып жатыр. Жақында Жезқазған музыкалық колледжінде «Күй» сайысынан байқау өтіп, шəкірттерім олжалы оралды. Ажар Майтон бас жүлдеге иеленді. Марфуза Төлеу бірінші орынды еншілеп, колледжге грантқа түсуге жолдама алды. Əлима Төрехан, Ақзере, Гүлзере есімді қыздарым бірінші, екінші орындарға иемденіп, аудан мерейін асқақтатты. Менің өнер мектебінде мұғалім болғаныма алты жылға жуықтады. Осы аралықта шəкірттеріме күй өнерін дəріптеп келе жатқан жайым бар. Алдағы уақытта шəкірттерімнің басын қосып, домбырашылар ансамблін құруды жоспарлап отырмын. Сəтін салса, келесі оқу жылында осы ойымды жүзеге асырсам деймін.

– Əңгіме түйінделер тұста, тоқсан ауыз сөздің түйінін өзіңіз айтыңыз …

– Домбыра дəстүріміздің куəсі. Бүгінде əлем халқы қазақ деген елді домбыра аспабы арқылы таниды.Ал, домбыраны ұлықтау, ұлттық аспапқа деген жастардың қызығушылығын оятады.Сондықтан, төл аспабымызды қадірлеу, төрге оздыру баршаның борышы.

– Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қайрат Жұмабай.