«Домбығұл» сарайы

Ұлытау ауданы орталығынан солтүстікке қарай 80 шақырым жерде Арғанаты тауының етегінде «Домбығұл» шатқалы бар. Бұл туралы ертеректе Оңтүстік Қазақстанды қоныстанған қыпшақтардың Домбығұл сынды сарайларының болғаны жайында XII ғасырда араб ғалымы Мұхаммед əл Идриси мен XIII ғасырда Франция саяхатшысы Вильгелм Рубрук та жазған. XIX ғасырдың бас кезінде кен инженері И.Шангин де Домбығұл сарайын зерттеуге кіріскен. Алайда, белгісіз себептермен зерттеу жұмыстары толық аяқталмай қалған көрінеді. Бəлкім, патша заманы кедергі жасаған сияқты.

Бұл сарайға 1946-1950 жылдары белгілі археолог Əлкей Марғұлан да ғылыми тұрғыда сипаттама жасаған. Одан кейін Домбығұлға зерттеу жұмыстары толықтай жүргізілмеген. Ара-кідік қазба жұмыстары жүргізілгені болмаса, нақты анықталмаған. Ал, сарай Арғанатының ең биік шыңының шығыс жағында «Барақ» көл үстіртінде орналасқан. Бұл «Барақ» көл Арғанаты тауларынан күншығысқа қарай 6 шақырым жерде жарқырап жатқан айдын көл. Осы көлдің батыс жағындағы қыраттың үстінде тастан салынған бейіт бар. Жергілікті халық мұны батыр Барақтың моласы деп атайды.
Ал, біздің айтпағымыз, «Домбығұл» сарайы. Сарай төрт жағынан ормен жəне қорғаныс жалдарымен қоршалған төртбұрышты алаңқай. Жалпы көлемі: 80х51 метр. Сыртқы бекінісінің қалыңдығы 11 метр, биіктігі 1,5 метр. Тереңдігі 5 метр, ені 3-6 метр ормен қоршалған. Дəл ортасында көлемі 23х23 метр, биіктігі 6 метр цитадель бар. Осыған қарағанда, бұл жер Қыпшақ билеушілерінің күшейтілген бекініс ордасы болған секілді.
Кей аңыздарда «Домбығұл Мық деген ірі байдың жалғыз ұлы болған» деп топшылайды. Өйткені, бүгінгі күнге дейін «Мықтының малынан жер қайысады, жайылымға шыққанда жер майысады» деген мақал ел аузында сақталған.
Уақыт өте келе Мық шау тартып, қартайған шақта билік тізгінін баласы Домбығұлға табыстаған деседі. Əкесінің барлық мұрасына иеленген Домбығұл байлыққа мастанбайды. Маңайындағы жоқшылықтың зардабын тартқан кедей-кепшіктерге көмек қолын созып, қайырымдылық жасаса керек. Қол қайырымы мол, пейілі кең жомарт азамат атанып, елге атағы тез танылады. Сөйтіп, оның атақ-даңқы алысқа жетеді. Бірте-бірте айналасындағы ел Домбығұлдың қарамағына топтаса бастайды. Ел-жұрты оның адами қасиетін жоғары бағалап, «Ел ағасы – Домбығұл» деп қадір тұтқаны айтылады, – кей аңыздарда. Бірақ, мұның барлығы аңыздарда айтылғанымен астарында бір шындықтың бар екені рас. Аңыз болғанымен негізге сүйеніп жасалады, босқа айтылмайтыны белгілі. Соған қарағанда «Домбығұл» сарайы VII-XIII ғасырлардағы оғыз-қыпшақ заманы тұсында салынған ғимарат орны болуы мүмкін. Дерек көздеріне сүйенсек, осы тұрғыда айтылады.
Қалай дегенде де «Домбығұл» сарайына зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет-ақ. Өйткені, бұл жер келешекте туристер тамашалайтын көрнекті орынға айналары күмəнсіз.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.