Діні мықты елдің діңгегі мықты
Бір күнің, бір күніңе ұқсамайтын мына жаһанданған замандағы өзгерістердің бәрін бірдей қабылдай бермей, «қалың орманда» сенімді бағыт-бағдарын белгілеп, адаспайтын жол таппасаң, барар жеріңе жетер-жетпесің екіталай дүние. Оны алыстан іздеудің, сол үшін ойланып-толғанудың қажеті шамалы. Дұрыс бағыт-бағдарды ата-бабаларымыз ықылым күндерден ұстанып, бізге аманат етіп қалдырған. Бұлар – дініміз, ұлттық салтдәстүріміз, өзімізге тән әдеп-ғұрпымыз. Мұның негізі – дін, діл, тіл. Осынау үш ұғым ұлттың, жалпы қоғамның басты тірегі. Оларды «Мұнара» басылымында «Үштаған» деп атаған екен.
Осыдан 30 жыл бұрын ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданып, дінімізге, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарымызға бостандық беріліп, демократия бағытындағы алғашқы қадамды бастық. Қазіргі күні де осы аталған құндылықтарға шектеу қойылып жатқан жоқ. Жалпы, адамзатты бейбітшілікке, адамгершілікке, имандылыққа үндейтін мемлекеттердің біріне һәм бірегейіне айналдық.
Көп жерлерде мешіттер мен медреселер ашылып, олар жамағат пен шәкірттерге толуда. Әсіресе, жастардың кейін пайда болған кереғар ағымдардан бітімі де, болмысы да бөлек, ата-бабаларымыз ұстанған таза дінге бетбұрыстары жылдан-жылға артып келеді. Бұл – құптарлық әрі қуанарлық жағдай.
Сөздің шындығы керек, мен бұл саланың оқыған маманы емеспін. Көпшілік жамағат секілді өзімнің шама-шарқыма қарай, ата дінімізді шынайы ниетпен ұстанып жүрген мұсылманның бірімін. Осы орайда, әркімнің дінге қатысты толыққанды түсінігі болуы керек дер едім. Кім не айтса, соның жетегінде кетпей, өз дініңді қолдаумен қатар, қорғау да – міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болу керек» деді.
Менің бұл мақаланы жазуға ниеттену мақсатым да – осы. Мұның бастауында белгілі исламтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлының 2010 жылы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Дін мен діл» кітабын оқығаннан кейін туған ойлар тұр. Кітап авторы Араб, Мысыр елдерінің медреселерінде білім алған Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының белді қызметкері. Елордадағы үлкен мешіттерде дәріс оқып, ұстаздық етеді. Араб тілін жетік меңгерген, аса білімді, тұлғалы азамат.
«Ислам діні – соңғы дін. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) – ақырғы елшісі. Алла Тағала Құранда өзінің нұрын беруге уәде еткен. Ғасырлар қойнауында ислам дінінің басынан қаншама нәубет өтсе-дағы, әлі күнге дейін өзінің пәктігі мен ерекшелігін жоғалтқан емес» деген сөздермен бастайды автор өз кітабын.
«Ислам дінін ұстанып, онымен амал еткендерді мұсылмандар дейді. Негізгі бағытымыз, ұстанымымыз, оқулығымыз – Құран Кәрім. Жолымыз – Әбу Ханифа мәзһабы, хадистер мен сүннеттері, мәтуруди ақидасы, Әһлі сүннеті. Бұлар – дініміз бен Құран Кәрімнің басты тіректері. Егер бұл жолмен жүрмесек, онда жалпы қоғамда анархия, бей-берекеттік орын алады.
Әр адам дінімізді шала түсініп, әрқайсысы өз беттерінше жорамалдай бастайды. Олар белгілі бір қағиданы, ережені ұстанбағандықтан, өздері де адасады, өзгені де шатыстырады. Мұндай жағдайда қоғамда төрт мәзһаб емес, сансыз қате, талай «мәзһаб» дүниеге келер еді. Дін ғылымы – өте нәзік, өте күрделі» делінеді бұл кітапта.
Осылайша, қасиетті дініміз туралы аз-кем түсінік бердік. Ал, хакім Абай болса, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп байсалды тұжырым жасаған.
Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасында дүниеден өткен жандардың жаназа намазы мен «Еске алу» айдарымен берілетін хабарландыруларда әуелі Абайдың сөзі беріліп, содан кейін «Фатиха» сүресі оқылады.
Енді, діл ұғымына келер болсақ. Діл – ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұстанған салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымыздың жиынтығы, яғни, ұлттық санамыз, ұлттық идеологиямыз, әріден қанымызға сіңген генофонымыз, қазақи болмыс және ұлттық кодымыз. Президент сөзімен айтар болсақ, «бұл – ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмаудың, барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі».
Ал, ҚМБД Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ұлттық болмыс – қоғамның негізі рухани қазынасы. Ұлттық болмысынан, тамыр- табиғатынан айырылған адамда, қоғамда ешқандай мақсат-мұрат болмайды. Болмысынан айрылған жантамыры жоқ ағаш секілді болады. Дін мен дәстүр – егіз ұғым» дейді өзінің «Үштаған» атты мақаласында.
Қазіргі кезде шетелде білім алған кейбір жастарымыз діни сауаты әлі толық жетіле қоймаған халқымызға өздері оқыған ел ұстанатын мәзһабын үйретуге көшті. Ол елдің жер ерекшелігі мен салт-дәстүрлері, тарихының өзгешелігіне назар аудармай, өзіміздің әдеп-ғұрпымызға «биғдат» деп қарсы шыға бастады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегеннің өзін «харам» деп, басқа да салт-дәстүрімізге шүйлігуде. Өзге діни ағымдағылар «Батадан кейін бет сипауға болмайды, ол – биғдат», «Келіннің сәлем салуы – ширк», «Музыка тыңдау – күнә», «Жылқының еті – харам», «Моланың басына Құран оқуға болмайды, Құран өлі адамдарға емес,тірі адамдарға түскен» деп, тағы басқа өздерінің біржақты түсініктерімен ел арасына іріткі салуға кірісті.
Жоғарыда аталған кітапта Қайрат ініміз діни, ғылыми түрде негіздеме келтіріп, теріс ағымдағылардың әлгіндей ұстанымдарына дәйекті тосқауыл қояды. Осылайша, халықтың әдеп-ғұрпы мен салтдәстүрінің жағымды қалпын жарқырата көрсетеді.
«Бірде маған араб елдерінің бірінде оқып жүрген жас жігіт келген еді. Қарасам шалбарының балағын шортитып кесіп тастапты. Мен оған «інім, бұл – Араб елі емес, Қазақстан. Сенің мынау жүрісіңе діни түсінігі шамалылар еліктеуі мүмкін. Сенің көргенің ол елдің тұрғындары, күні ыстық болғасын, аяғына тәбішке, үстіне ұзын ақ көйлек, бұтына қысқа штан (изар) киіп, су тапшы болғасын, құммен дәрет алып, тәйммун жасап, намаздарын оқи береді. Ал, бізде олай емес» деп Ибн Тәймияның пәтуасын оқып бергенімде, ол жігіт «мен оны білмеп едім» деп, қателігін түсініп еді. Осылайша, балаққа жармасқандар кері шегініп, шалбарымыздың балағы кесілмей, аман қалды.
Басқа діни ағымдағылар ұсақ-түйекпен шектелмей, қазақтың ата кәсібі – Қамбар ата түлігімен «алысып», оның еті мен сүтін «харамға» шығарды. Мұны да өздерінше жаңалық ашқандай етіп, ел арасына тарата бастады. Еліміздің мұсылмандар Діни басқармасының жанынан құрылған «Халал», «Пәтуа» комитеті тиісінше өз қорытындыларын жасап, жылқы еті мен сүтінің адал екенін дәлелдеді.
Қазақ халқы ертеден жылқыны мінсе – көлік, жесе – тамақ, ішсе – сусын деп біліп, оларды ем ретінде тұтынған. Бұл ретте Ұлытауда туып-өскен жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, профессор, танымал тағамтанушы ғалым Төрегелді Шарманов ағамыз жылқының еті мен сүтінің адам ағзасына пайдасы өте зор екенін ғылыми-медициналық сараптамалар арқылы дәлелдеп бергені белгілі.
«COVID-19» індетін жұқтырып, ауырғанымда осы ағамыздың ілімінің арқасында аман қалдым. Сондықтан, реті келіп тұрғанда «егер ауыра қалсаңдар, қандарыңа сіңген ұлттық тағам түрлерін ішіп-жеп емделіңдер» дегім келеді. Оның ішінде, табиғи отқа қайнап -піскен ұлттық тағамның пайдасы, тіпті, жоғары болатынын айтқан жөн.
Иә, теріс ағымдағылар жоғарыда айтқанымыздай, домбыраны «харам» десе, музыка тыңдағандарды «күнәһар» дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ән, музыкаға рұқсат ететін де, тыйым салатын да хадистері бар. Оның пайдалысына адал, ал зияндысына харам деп пәтуа берген.
Бұл тұста дүниежүзіне Аристотельден кейінгі ғұлама ретінде танымал әл-Фараби мен өзіміздің Абайдан артық кім бар?! Абай өзі – ақын, өзі – сазгер, өзі – философ, өзі – сыншы.
Бұрынғы ғұламалар «Әсем саз қажетті нәрсе емес пе? Мұнда аспанның сыры, құстардың , әлемнің үні бар» дей келіп, «мұның жолына біржақты кетіп қалып жүрме» деп ескерту жасаған. Ал әл-Фараби өз трактатын жазып қалдырған. Абай «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын тесері бар» деген. «Есер» деп тұрғаны – өзінікі емес, басқа жат музыкалар дегені.
Мәселен, Гитлер музыканы да өз саясатына қарай пайдалануды көздеген. «Басып алған жерлердегі халықтың санасын өзгерткіңіз келсе, мәнсіз-мағынасыз музыканы дауыс зорайтқыш арқылы күндіз-түні құлағына құя беріңіз. Олар сонда саналы ойдан ажырап , санасыз тобырға айналады» деген.
Енді тіл мәселесіне келер болсақ, тіл – құдыретті. Әсіресе, біздің Ана тіліміз – сөздік қоры аса бай әрі құнарлы тіл. Оның қадірі мен қасиетін тану мен мойындау, қастер тұту – әркімнің перзенттік парызы.
Қадыр ҚҰЛАХМЕТ,
еңбек ардагері.
ЖЕЗДІ кенті.