ӘДІЛ СОТ ЖҮЙЕСІ – тәуелсіз елдің берік тірегі
Қазақстанда əрбір азамат сот арқылы өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғай алады. Ата Заңымызда, сот билігі еліміздегі үш биліктің маңызды бір тармағы ретінде танылып, соттар мен судьялардың мəртебесі заң жүзінде белгіленді. Сот төрелегін сот қана жүзеге асырады. Сот билігі Қазақстан Республикасы атынан жүзеге асырылады жəне азаматтар мен ұйымдардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Конституцияның, Заңдардың, нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының заңға сəйкес орындалуын қамтамасыз етеді.
Ата Заңды сыйлау, орындау, оны құрметтеу – еліміздің барлық азаматтарының қасиетті міндеті. Соттың беделі – мемлекеттің беделі. Міне, ел тарихында тұңғыш рет, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №183 қаулысымен 24 маусым судьялар мен сот қызметкерлерінің күні болып белгіленді.
Ұлытау аудандық сотының тарихын қысқаша баяндап кетейін. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1939 жылдың 16 қазанында Ұлытау ауданы құрылды. 1939 жылы наурызда Қарағанды облыстық əділет халық комитеті құрылды, оған қалалық жəне аудандық соттар бағынышты болды. Қарағанды облыстық əділет халық комитетінің 09.02.1940 жылғы №214 бұйрығымен 1939 жылдың 23 қарашасынан бастап Ұлытау аудандық халық сотының халық соты болып (Дүйімқұлов) сайланған. Жанама мəліметтер бойынша Ұлытау аудандық халық соты 1939 жылдың қараша айында ашылған.
СССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1956 жылдың 4 тамызынан бастап Қарағанды облыстық əділет басқармасы қысқарып оның соттарды басқару міндеттері Қарағанды облыстық сотына берілді.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1963 жылдың 2 қаңтарында Ұлытау ауданы қысқартылып, Жезді ауданының құрамына қосылды. 1964 жылы Қарағанды облыстық сотының төрағасы, Қарағанды облысындағы қала, аудан соттар құрылымына өзгерістер енгізді. Соған байланысты 1964 жылдан бастап Ұлытау аудандық халық соты, Жезді аудандық аймақтық халық соты болып өзгерген.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1974 жылдың 10 қарашасында Ұлытау ауданы қайта құрылып, Ұлытау аудандық халық соты Жезқазған облыстық Əділет бөліміне қарасты болды. Қазақ ССР Министрлер Советінің 1988 жылдың 7 шілдедегі №348 Қаулысына байланысты Жезқазған облыстық Əділет бөлімі мен АХАЖ бөлімінің қысқартылуының негізінде Жезқазған облыстық Əділет басқармасы құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылдың 20 желтоқсандағы № 264 заңды күші бар Жарлығына сəйкес Ұлытау аудандық халық соты Ұлытау аудандық соты болып өзгеріп, Жезқазған облыстық əділет басқармасына қарады.
1997 жылдың 23 мамырында Жезқазған облысы қысқартылып Ұлытау ауданы Қарағанды облысының құрамына кірді. Ұлытау аудандық соты Қарағанды облысының əділет басқармасына қарады. Бүгінгі таңда, Ұлытау аудандық сотының ғимараты Қарағанды облысы Ұлытау ауданы, Ұлытау селосы, Абай көшесі, 1-ші мекен жайда орналасқан. Əр жылдарда аудандық халық сотының төрағасы болып қызмет атқарғандар: 1972-1980 жылдары Əбсалықов Малдыбек сот төрағасы болған. 1980-1987 жылдары Утеев Зейнедин сот төрағасы болған. 1987-1991 жылдары Куздеуов Досалы сот төрағасы болған. 1991-2008 жылдары Қасымбеков Мейірхан Зейнікенұлы сот төрағасы қызметін атқарған. 2008-2013 жылдың сəуір айына дейін Жұмажанов Мағауия Жұмажанұлы сот төрағасы қызметін атқарған. 2013-2018 жылдың сəуір айынан бастап Сəрсен Сейткенұлы Сағатов Ұлытау аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған. 2018 жылдың шілде айынан, 2020 жылдың тамыз айына дейін, яғни ауыр науқастан қайтыс болғанша Гүлсім Зеймолдақызы Базылова сот төрағасы қызметін атқарған. Қазіргі кезде, Сəрсен Сейткенұлы Сағатов Ұлытау аудандық сотының судьясы болып қызмет атқарып жатыр. Жер аумағынан аудандық сотының соттылығына 12 селолық округтер жатады, яғни аудандық соттың соттылығына жататын халықтың саны – 13000. Қазіргі кезде, Ұлытау аудандық сотының құзырына бұрынғы Жезді ауданына қарасты бірнеше елді мекендер, оның ішінде 2215 тұрғыны бар Жезді, 1320 тұрғыны бар Қарсақбай жəне 337 тұрғыны бар Ақтас кенттері кіреді. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалар, еліміздің əрбір азаматының өмірі мен қызметін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету жəне бостандығын мінсіз қорғауға бағытталған. Сот саласын одан əрі дамыту, дербес тəуелсіз сот құру – жүргізіліп отырған сот реформасының басты мақсаты. Бұл ретте кезең-кезеңімен жаңа заңдар қабылданып, үлкен жобалар іске қосылуда. Соттар, 2014 жылдан бері ортақ автоматтандырылған ақпараттық жүйе бойынша жұмыс атқарып жатыр. Бұл əсіресе, карантин жағдайында судьялар мен сот қызметкерлерінің еңбегін жеңілдетуге игі ықпалын тигізді.
Құқықтық, зайырлы мемлекет қалыптастыру, ашық қауіпсіз қоғам орнату əлем елдерінің басты межесі. Азаматтары ертеңіне сенетін, құқығы мен бостандығының қорғалатынына күмəн келтірмейтін мемлекеттің болашағы жарқын. Мұндай елде адами қарым-қатынастың барлығы заң арқылы шешімін табады. Ал, қоғамның ілгерілеуіне ықпал етіп, белсенді қызмет жасау үшін, азаматтар өз сөзінің тыңдалатынына, үнінің құзырлы орындарға жететініне сенімді болуға тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да «Халықтың үнін еститін мемлекет» құрудағы мақсаты да осы болса керек. Оның бастауы – ашықтық пен жариялық, тазалық пен заңдылық.
Ел игілігіне қызмет етіп отырған еліміздің басты құрылымның бірі болғандықтан, сот саласында да ашықтыққа, тазалыққа, жариялыққа, заң үстемділігі арқылы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге тосқауыл қойылып жатыр.
Сондықтан, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру ұстанымы нағыз «Əділетті мемлекет» қалыптастыру тұжырымдамасына сай келеді. Шындығында азаматтардың мəселесін тек тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз.
Ең бастысы – дұрыс жəне əділ шешім шығару қажет. Бұл міндет дұрыс жолға қойылмай, əлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды.
Биыл ел Тəуелсіздігіне – 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде сот саласында реформа қарқынды жүргізілді.
Сот жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – сот құрылымының іргетасы берік қаланды.
Ал енді, Ұлытау аудандық соты, қазіргі кезде Қазақстан бойынша жер көлемі ең үлкен ауданды жəне бұрынғы екі ауданның халқына қызмет атқарып жатқан бірден бір сот.
Ұлытау аудандық сотының ғимараты күрделі жөндеуден өткен, сот отырысы өтетін зал толықтай дыбыс-бейне жазу құрылғылармен қамтылған.
Судьялардың сот қарауындағы істермен қатысы бар азаматтармен тікелей байланыс орнатуына тыйым салынған.
Сонымен бірге, сот ғимаратында сыбайластықтан сақтандыратын, жемқорлыққа қатысты қандай жаза барын түсіндіретін арнайы ақпараттар көрнекті жерге ілінген.
Қазақстан Конституциясы негізінде Қазақстанда əділ шешім тек сот арқылы ғана шешіледі. Сондықтан аудан көлеміндегі қандай да, болмасын мəселені заңдылыққа сүйене отырып, əділ шешім шығаратын мекеме ол аудандық сот болып табылады.
Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,
Ұлытау аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы.