Депутаттар ел аралауда

ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаттары өңірлерді аралап, елдің жағдайымен етене танысуда. Осындай мақсатпен аптаның басында бір топ халық қалаулылары Ұлытау облысына да атбасын тіреді. Мəжілісмендердің өңірімізге сапарын алғашқы болып Мəжілістегі «Республика» партиясының өкілі Айтуар ҚОШМАМБЕТОВ бастады. Ол қанаттас жатқан қос қаладағы əлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады.

Орайы келгенде айта кетейік, Айтуар Қошмамбетов – Мəжілістегі «өңірлік даму жəне экономикалық реформа» комитетінің мүшесі. Жұмыс сапарын Ұлытау облысынан бастаған халық қалаулысы алдымен Жезқазған жылу электр орталығына ат басын бұрды. Кəсіпорындағы «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысып, жылу беру маусымының өту барысына назар аударды.

Шалғай аймақтардағы негізгі мəселе – кез келген саладағы кадр тапшылығы деген депутат, облыс орталығында заманауи үлгідегі Жоғарғы оқу орнын салу керектігін айтты.

– Жергілікті аймақтардың өзіне тəн, шешілмей жүрген мəселелері бар. Атап айтсақ кадр мəселесі. Жергілікті халықтың дені шахтада жұмыс істегісі келеді. Əрине онда айлық көп. Жас мамандар мұнда ұзаққа тұрақтамайды. Сондықтан осында халықаралық жоғары оқу орындарын ашу қажет. Сонда кадр мəселесі шешіледі деген ойдамыз, – деді ҚР Парламент Мəжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов.

Орайы келгенде айта кетейік, Жезқазған жылу электр орталығында 8 қазандықтың бүгінгі таңда бесеуі штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ал үшеуі резервте.

Мəжіліс депутаты бұдан соң Сəтбаев қаласының аумағында салынып жатқан жел электр станциясына да арнайы барды. Аталған жобаның негізгі инвесторы – «Mezgilder Qushteri» ЖШС. Жобаның жалпы құны 24 млрд теңгені құрайды. Жел электр станциясы толықтай 2025 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Құрылыс барысында 50 жұмыс орны ашылмақ, ал, құрылыс аяқталғаннан кейін жел электр станциясына қызмет көрсету үшін 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

– ҚР Парламент Мəжілісінің депутаты, «Республика» партиясының мүшесі Айтуар Қошмамбетовке жаңа жобаны таныстырдық. Жасыл энергетиканың қалай жүзеге асып жатқанын көрсеттік. Жəне де танысу барысында жобада қандай проблемалық сұрақтар бар екенін көріп, жазып алып кетті. Жақсы жаңалықтар күтеміз, – дейді Сəтбаев қаласы əкімінің орынбасары Алмат Сауқымов. Мəжілісмен Айтуар Қошмамбетовтың жұмыс сапары əрі қарай Жезқазған мыс балқыту зауыты мен Медицина орталықтарында жалғасын тапты.

Сол күні өңірімізге ҚР Парламенті Мəжілісінің «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттары Ерболат Сатыбалдин мен Аманжол Əлтай да келді. Мандат иелері сапар барысында бірқатар кездесулер жасап, жұртшылықпен жүздесті. Бұл кездесулерге сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Советбек Медебаев пен Ұлытау облысы əкімінің орынбасары Жəнібек Нөпіров те қатысты.

Халық қалаулылары Ұлытау облысының мəдениет, тілдерді дамыту жəне архив ісі басқармасы ұжымымен кездесіп, басқарма қызметкерлері жұмысты жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, өзекті мəселелерді көтерді.

Кездесу нəтижелі өтіп, өңірдің мəдениет саласын дамытуға қатысты маңызды мəселелер талқыланды.

Депутаттар елмен жүздесуді облыс орталығында ғана емес, аймақтарда да жалғастырды. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты Аманжол Əлтай жұмыс сапарымен Ұлытау ауданына барып, аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Аманжол Дүйсенбайұлы Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, ауыл тұрғындары көтерген өзекті мəселелерді талқылады.

Тұрғындар тарапынан Ұлытау ауданы орталығында заман талабына сай жанар-жағар май бекетін салу, Түркістан үлгісі негізінде Ұлытау облысын дамытуға арналған арнайы бағдарлама əзірлеу, балаларға арналған демалыс лагерін салу сынды ұсыныстар айтылды.

Кездесу нəтижелі өтіп, көтерілген мəселелер халық қалаулысының ерекше назарында болатыны жеткізілді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.