Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік қызметшінің басты міндеті

Мемлекеттік қызмет қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді жəне қоғамдық мүдделерді ең үздік жəне тиімді тəсілмен қамтамасыз етуді талап етеді.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне жəне iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Əдеп кодексі əзірленгені баршамызға белгілі.

Əдеп кодексі жалпы ережелер, мемлекеттік қызметтің əдептік қағидаттары, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік əдебінің стандарттары, қызметтік əдепті бұзудың профилактикасы бойынша жұмысты үйлестіру жəне қызметтік əдепті бұзғаны үшін жауаптылық деп аталатын бес бөлімнен тұрады.

Кодекс – халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мəдениетін қалыптастыруға жəне мемлекеттік қызметшілердің əдепсіз мінез-құлық жағдайларын алдын алуға бағытталады.

Яғни, кодексте белгіленгендей мемлекеттік қызметшілердің қызметтік əдебі адал ниеттілік, адалдық, əділдік, ашықтық, сыпайылық жəне клиентке бағдарлану сияқты қағидаттарды қамтиды.

Демек, мемлекеттік қызметші қоғам арасында халықпен тығыз байланыста болғандықтан қарапайым болуға, шындыққа жанаспайтын мəліметтерді таратпауға, азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін əрекеттерге қарсы тұруға, заңда белгіленген шектеулерді сақтап, мүдделер қақтығысын болдырмай, өзара қарым-қатынас кезінде өзінің əділ əрі іскер маман екенін көрсете білуі қажет.

Мемлекеттік қызметші қоғам мен халық арасындағы байланыстырушы көпір секілді, сол көпірдің ара-жігін жалғап, халықтың сұранысын əрқашан қанағаттандырып «Халық үніне құлақ асатын естуші мемлекет» тұжырымдамасын баса назарда қалыс қалмай пайдаланып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына баса көңіл аударуы қажет.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің əдебі мен мінез-құлықтарына үлкен мəн берілуде. Қызмет бабында мемлекеттік қызметші деген атына сай имиджді ұстап тұратындай тұлға ретінде жоғарыда аталған сыпайылық, адалдық, адал ниеттілік əдебінен өзге киім кию стиліне де баса назар аударған жөн. Мемлекеттік қызметшінің киім үлгісі іскерлік стильде екені бəрімізге белгілі. Жалпы айтқанда киімге қойылатын негізгі талаптар: ұқыптылық, мұнтаздық, жайлылық жəне сыртқы бейнеге теріс пікірдің болмауы сақталған жөн.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы жəне отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет деп есептеймін.

Жұмыстан тыс уақытта өз іс-əрекеті мен мінез-құлқына жауапты екенін, ал, кез келген жағдайда əдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтауы қажет.

Жалпы, заманауи мемлекеттік қызметте кадрларға деген кəсіби талаптар басты қағида болуы тиіс. Оның кəсіби сапасы арқылы мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланады. Сондықтан əрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет. Себебі, мемлекеттің мəртебесін көтеруге мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор.

Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген əрбір мемлекеттік қызметші Əдеп кодексін жəне басқа да заңнама талаптарын сақтап, мемлекеттік қызметті адал атқаруы қажет.

Қ.БАЛМАҒАМБЕТОВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысындағы Əдеп жөніндегі кеңес мүшесі.