Дауыс беру – әр азаматтың қастерлі борышы

Бүгін – еліміз үшін маңызы өте зор тарихи күн. Себебі, мемлекетімізде ел тарихындағы айшықты оқиға, үлкен саяси науқан өтіп жатыр. Кезектен тыс Президент сайлауына қатысу – әр қазақстандықтың азаматтық парызы. Соны терең түйсінген Ұлытау аудандық мәслихаты аппаратының қызметкерлері мен мәслихаттың депутаттар корпусы саяси науқанда белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады.
«Біздің бағамдауымызда бұл сайлаудың нәтижесі – елдің жаңаша сипатта жаңғыруы мен кемелденуінің іргетасы. Саяси науқан – бүгінгі күні басталып кеткен оң өзгерістер мен Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін аса қажетті қадам. Мемлекеттегі, қоғамдағы өзгеріс әр адамның өзінен басталуы тиіс. Сайлауға қатысу арқылы біз өзіміздің саяси еркімізді білдіреміз», – деді аудандық мәслихаттың хатшысы Ахат Құрмансейітов.
Қандай қоғамда болсын, келешекті меже тұтқан келісім мен байыпты бетбұрыс қажет. Қазіргі күн талабының діттегені осы. Жүзден жүйрікті таңдау мүмкіндігі туып тұрғанда тартыншақтау тым қисынсыз. Баршамыздың мүддеміз бен мақсатымыз бір болуы керек. Ол – елдің ертеңі, халықтың болашағы.
Өз ұстанымын білдіріп, келешек үшін дауыс беру – әр азаматтың қастерлі борышы. Сол себепті, барша қауымды, оның ішінде Ұлытау ауданының жұртшылығын сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасауға шақырамыз.
Ұлытау аудандық мәслихаты.