Дауыс беру — маңызды
Көшбасшысыз керуен, бағдарсыз тобырға айналатыныны әлқиса заманан белгілі. Ұлы керуен көштің сәні мен салтанаты, күйі мен қуаты салиқалы керуенбасыға тікелей байланысты.
Қазақ, қазақ болғалы әділдік пен әділеттілікті ту еткеніне «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» ұстанымдары дәлел. Көк Орданы тастап Алмалық пен Жетісуді бетке алған қазақтың алғашқы тәуелсіздік көшін Керей мен Жәнібек сұлтандар басқарып, Арғын би, Қазтуған жыраулар қостағаны, көш соңында қалса да елдікті, тұтастықты қарабасынан, ру мүддесінен жоғары қойған кешегі Қарақыпшақ Қобланды батыр бабаларымыздың көксегені елдің тұтастығы еді ғой.
Ақ киізге орап, боз биенің сүтіне шомылдырып хан көтергенде шартараптан жиналатын Алаш жұртының аңсағаны елдік емей немене?
Жау жағадан, бөрі етектен тартқан заманда үш жүздің игі жақсыларының Абылай сұлтан маңына топталып, хан көтеруіндегі басты мақсатты ел тұтастығын сақтау қамы болғаны тарихи шындық.
Бүгінгідей әлем құбылып, көршіге көрші көз алартқан, түбі бір болса да жағадан алып, жанталасқан алмағайып заманда, саусақ жиылып жұдырық болудай, ел ішіндегі қоғам бірлігі аса маңызды.
«Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп ағайын татулығын жоғары қойған асыл бабалар ұрпағы бірліктің қадірін білері анық.
Өркениет ұғымы жоғары мәдениетпен тығыз байланысты екенін ескерсек, саяси мәдениет сайлау процесіне оң көзқарастан басталары анық. Тәуелсіздіктің отыз жылын артқа тастаған бүгінгі Қазақстан қоғамы, осы аралықта талай сайлауды өткергені, әр сайлаудың өз қызығы мен шыжығына түскен электораттың алдағы сайлаудан күтетіні әділеттілік пен ашықтық екені де жасырын емес. Сайлаудың мәні қапқа шар тастау емес, болмаса белгілі бір үміткерге даусын беру емес, негізгі құндылығы елдің егесі, ата-баба мұрасының игері, жерінің иесі ретінде өзінің Ата Заңда көрсетілген азаматтық құқығын іске асыру.
Олай десек, сайлау құқығы бар, елінің азаматтығы бар ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫ сіз бен біздің борышымыз сайлау күні өз сайлау учаскелерімізде ел болашағы, балаларыңызды жарқын өмірі үшін таңдау жасау.
Қаратаудан көшкен көшті емес, Алқа көлге сүрінген елді емес, Атамекен деп ән салған Ескендір ағамыз, Қазақ намысы үшін боз кілемде алысқан Жақсылық ағалар мен «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» деп кеткен Қасым ақындардың биік мақсаттары үшін дауыс беру маңызды деп білемін.
Ел амандығы, түн тыныштығы, сәбилердің қамсыз күлкісі үшін дауыс беру маңызды деп білемін.
Ел аман, жұрт тынышта отанын тастап кетпеу үшін, шекараны кесіп өтпеу үшін дауыс беру маңызды деп білемін.
Туымыз төмен түспеуі үшін, жетімі мен жесірі жыламауы үшін дауыс беру маңызды деп білемін.
Серікжан Байбосынов